• Толағай
  • 22 Желтоқсан, 2020

2020 жылғы қазақ спорты несімен есте қалды?

2020 жыл спортшылар үшін оңай болған жоқ. Көптеген жарыс өтпеді. Тіпті, Олимпиада ойындарының өзі келесі жылға шегерілді. Соған қарамастан спортты қорытындылауға тура келеді. Пандемияның арасында, вирус бәсеңсіген тұста көрерменсіз өткен жарыстарда бақ сынап, жақсы нәтиже көрсеткендер де бар.

Карантинге дейінгі жеңістер

Швейцарияда фристайлдан Еуропа кубогы өткен. 13 қаңтарда жерлесіміз Анастасия Городко параллельді могулдан топ жарды.

Ақпан айында ауыр атлетикадан Ташкенттегі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 16 жастағы Бекболат Рахат әлемдік рекорд орнатты. Бекболат 102 келі салмақта сынға түсіп, жұлқа көтеруде 158 келіні таза орындады. Ал серпе көтеруде 198 келіні бағындырып, әлемдік рекорд орнатты. Қос сайыстың нәтижесі – 356 ұпай.

Сонымен қатар Ташкенттегі турнирде Илья Ильин мен Игорь Сон да алтыннан алқа таққан болатын. Алғашқысының бұл соңғы жарысы болды. Одан кейін карьерасын аяқтайтынын мәлімдеді.

Ақпан айында тек ауыр атлеттер емес, теннисші Елена Рыбакина да қуантты. Ол 21 ақпанда әлемнің үшінші ракеткасы Каролинка Плишкованы жеңді. Бұл Дубайдағы турнир болатын.

Еркін күрестен Қазақстан құрамасы-ның мүшелері Данияр Қайсанов пен Юсуп Батырмурзаев Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионатында алтын медаль алды.

Иорданияның Амман қаласында өткен бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде ерлер құрамасы 8 салмақтың барлығында жолдамаға ие болды. Әйелдерден бес салмақта тек бір жолдама бұйырды.

Ерлерден Токиода Сәкен Бибосынов (52 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Зәкір Сафиуллин (63 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі) ел намысын қорғайды. Қыздардан әзірге 75 келі салмақтағы Надежда Рябецте жолдама бар.

Ережесіз жекпе-жектегі ерліктер

Биылғы жылы ережесіз жекпе-жекте жүрген қыз-жігіттеріміз UFC-дегі дебюттерін өткізе бастады. Мысалы, қыздардан алғаш болып, Мария Агапова 14 шілдеде Американың Лас-Вегас қала-сында көрерменсіз өткен UFC on ESPN 10 турниріне қатысты. Ол америкалық Ханна Сайферспен жекпе-жек өткізіп, 3 минуттың ішінде жеңіске жетті.

Ал ерекше есте қалғаны Шавкат Рахмонов болды. Өзбекстанда дүниеге келіп, кейін тарихи отанына қоныс аударған Рахмонов та 24 қазанда UFC-дегі
дебюттік жекпе-жегін сәтті өткізді. Ол Әбу-Дабидегі Яс аралында UFC 254 турнирінде 32 жастағы бразилиялық Алекс Оливейраның мәселесін бірінші раундта шешіп тастады. «Қазақстанның туын жоғары көтергеніме өте қуаныштымын. Еліміздің намысы үшін жеңісті қолдан бермедім. Қарсыласым өте тәжірибелі спортшы. Әдіс тез әрі мықты болды. Оның орнында кім болса да шыдай алмас еді», – дейді Рахмонов.

Футболдағы сәтсіздіктер

2020 жыл қазақ футболы үшін соңғы жылдардағы ең сәтсіз жыл болды.Соңғы бірнеше жылда легионерлердің көмегімен болса да «Астана» еурокубок ойындарының топтық кезеңінде бақ сынап жүр еді. Биыл еліміздің 4 командасы да екінші іріктеу кезеңінен әрі аса алмады.

«Ордабасы» Еуропа лигасын алғашқы кезеңнен аяқтаған. Шымкент командасы бірнеше рет осы Еуропа лигасына қатыс-қанымен, әлі күнге екінші раундтан аса алар емес. «Ордабасыға» соңғы жылдары аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Қалалық бюджеттен биыл 6,5 млрд теңге аударылды. Шетелден бірнеше легионер алды. Соған қарамастан өз алаңында Румынияның «Ботошони» командасынан ұтылып қалды.

Еуропа лигасының екінші раундынан «Қайсар» мен «Астана» және «Қайрат» та аса алмады. Қызылорданың «Қайсарын» тақырға отырғызған Кипрдің АПОЭЛ клубы болса, Алматы ұжымы тағы Израиль командасынан өте алған жоқ. Бұған дейін 2016 жылы Тель-Авивтің «Маккабиінен», одан кейін былтыр «Беэр-Шевасынан» екі ойынның қорытындысы бойынша ұтылған. Осы жолы үшінші рет Хайфаның «Маккабиінен» жеңілді.

Президенттік клуб деген статусынан айырылған «Астанадан» да бақ тая бастағандай. Бес маусым қатарынан Еурокубок ойындарының топтық кезеңінде ойнаған елорда клубы осы жолы Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінен әрі аса алмады. «Астана» Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы ретінде алдымен Чемпиондар лигасына қатысқан. Бірақ Беларусьтің «Динамо Брест» командасынан оңбай жеңілді (3:6). Одан кейін Алматыда Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде Черногорияның «Будучност» командасына гол соға алмай пұшайман болды.

Ұлттық құрама тіптен масқара болды. Ұлттар лигасында Албания, Беларусь, Литвадан қалып қойдық. Сөйтіп, топта ең соңғы орын бұйырды.

Жақында федерация басшылығы бас бапкерді ауыстырды. Чехиялық Михаил Билек кетіп, тізгінді екінші рет отандық маман Талғат Байсуфинов ұстады.

Алда әлем чемпионатының іріктеу кезеңі бар. Франция, Украина, Босния және Герцеговина, Финляндия секілді құрамалар күтіп тұр.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, ұлттық құрама капитаны Бауыржан Исламхан допинг дауына ілікті.

Азия Чемпиондар лигасының ойынынан кейін футболшының тапсырған допинг-сынағында тыйым салынған препарат табылған. Бауыржанның уақытша ресми ойындарға қатыспайтыны белгілі болды. Егер допинг пайдаланғаны рас болса, футболдан біраз уақытқа шеттетілуі мүмкін.

Әйтеуір Бактиер Зайнутдиновтің қадамына қарап қуанып жүрміз. Ол қазір Мәскеудің ЦСКА құрамында ойнап жүр.

Биыл араға 16 жыл салып Алматының «Қайрат» командасы Қазақстан чемпионы атанды.

Қабырғаны қайыстырған қаза

Биылғы жылы әлемдік деңгейдегі талай спортшы өмірден өтіп кетті. Олардың арасында грек-рим күресінен Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров те бар. Атақты балуан тамыз айында 69 жасында дүниеден өтті. Осыдан 40 жыл бұрын халқына аса маңызды алтын медаль сыйлаған арда азаматтың коронавирус індетінен қайтыс болғаны айтылды. Сонымен қатар белгілі спорт комментаторы, футболшы болған Диас Омаров та 80 жасын тойлай алмай жарық дүниемен қош айтысты.

2020 жыл әлемдегі баскетбол жанкүйерлері үшін де оңай болмады. Аты аңызға айналған баскетболшы Коби Брайант қызы Джианна Брайантпен бірге тікұшақтан құлап қаза тапты. 

Футболдан 1982 жылғы әлем чемпионы және сол біріншіліктің үздік ойыншысы италиялық Паоло Россидің де осы жолы ақтық демі үзілді. Қазан айының соңында 60 жылдығын тойлаған, Аргентина футболын әлемдік деңгейге көтерген Диего Марадонаның да жүрегі тоқтады.

Қазақ спорты туралы жазғанымызбен, арасында дүниеден өткен әлемдік аңыздарды қостық.

Бюджет қысқарады

Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев спорт клубтарын мемлекет есебінен қаржыландыруды тоқтатып, спорт мектептері, бұқаралық спорт және дене шынықтыру саласына басымдық беру туралы тапсырма берген. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың мәліметіне сүйенсек, елімізде 98 кәсіби клуб бар. Кәсіби клубтардың мемлекет есебінен қаржыландырылатын ортақ бюджеті 55,5 млрд теңге екен. Одан бөлек квазимемлекеттік компаниядан 27 млрд теңге «Астана» брендіне енетін клубтарға (велокоманда, баскетбол және футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы) жұмсалады. Райымқұлова ханым келесі жылы бөлінетін қаржы екі есе азаяды деп отыр.

Өздігінен табыс таба алмайтын біздің спорт клубтарының нәтижелері биылғыдан да төмен болуы ықтимал. Өйткені футбол, хоккей, баскетбол командаларының барлығында негізінен легионерлер ойнайтыны жасырын емес.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №51-52
22 желтоқсан 2020 жыл 

614 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор