• ҰЛАН
  • 22 Желтоқсан, 2020

Ойыншық шығаратын отбасы

Он жасқа дейінгі баланың серігі – ойыншық. Ойыншық балдырғандардың дүниетанымын қалыптастырып, қабілетін шыңдауға көмектеседі. Баласы көп отбасында сан алуан ойыншық болатыны белгілі. Ішінде сапалысы да, сапасызы да бар. Көздің жауын алатын ойыншықтардың басым бөлігі көрші жатқан Қытай елінен келетіні анық. Қытайда ойыншық өндірісі дамығаны сонша, бұл елде тек қана ойыншық жасап шығаратын 8000-нан астам компания тіркеліп, жұмыс істеп келеді. Олар жыл сайын ойыншықтың 30 мың түрін өндіреді екен. Тіпті, әлем ойыншықтарының 95 пайызы Қытайда құрастырылады. Күншығыс елін қуып жетпесе де, шымкенттік Байтеміровтер отбасы ойыншық шығару кәсібімен айналысады. Отандық өнімді экспорттайтын «Наурыз-пластик» зауытының басшысы Рабиға Байтемірова бизнесін былай бастапты.

– Бала ойыншық арқылы есейіп, ой-өрісін дамытады. Бәріміздің де балаларымыз ойыншық ойнап өсті. Бірақ оның құрамы мен сапасына мән бермейтініміз анық. Дүкен сөрелерінде жайғасқан қызылды-жасылды ойыншықтардың сапасын назардан тыс қалдыруға болмайды. Ойланбастан түрлі ойыншықты сатып алған ата-ана балаларға қалай қауіп төндіргенін де сезінбей қалуы мүмкін. Ойыншықтардың кейбірі балалардың денсаулығына, психологиясы мен дамуына кері әсер етеді. Бала күнінде ұлым Наурызбек ойыншық шығаруды армандайтын еді. 15 жасынан бастап Қытайда оқыттым. Бірнеше тілді меңгерді. Сабақтан қолы бос уақытында ойыншық жасайтын зауыттарға барып, олардың қалай жасалатынын зерттеді. Хон-жоу қаласында университетте білім алып қана қоймай, қытайлардан ойыншық жасаудың тәсілдерін үйренді. Қосымша жұмыс істеп жүріп, тіпті шығаратын аппараттың тілін тауып, істен шықса жөндеп те қояды екен. Бізді ойыншық зауытын ашуға көндірген де ұлымыз болатын.

2005 жылдан бастап Иран, Қытай, Өзбекстан елдерінен Шымкентке ойыншық әкеліп сатумен айналыстық. Он жыл сауданың қыр-сырын меңгергеннен кейін ұлымыздың бастамасымен отбасылық бизнесті аштық. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдар-ламасы бойынша 10 миллион теңгеден астам несие алдық. Өзіміздің жиған-тергенімізді қосып, Қытайдан арнайы қондырғылар сатып әкелдік. Сөйтіп басында үш желіні іске қостық. Елімізде өндірілмейтін болғасын, шикізатты да шетелден тасыдық. Оның өзіне қыруар ақша кететіні белгілі.

Ойға түскен ойыншықты шығара бермейміз. Балаға ұнайтын, қазір қандай қуыршақ пен машиналардың түрі өтімді екенін анықтап, жоспарлы түрде жұмыс істейміз. Алғашқы кезде бір-ақ дана станокпен бастағанбыз. Көп техника алуға қорықтық. Өйткені машинаның тілін түсінетін маман болмады. Жолдасым да, мен де мүлдем бейхабар едік. Қытайдағы ұлыммен телефон арқылы сөйлесіп отырдық. Ол қосымша ойыншық станоктарындағы компьютер бағдарламасын жетілдіру сабағын да алып жүрген екен. Әкесі екеуі сөйлесіп, бейнеқоңыраумен барлығын көрсетіп, үйретті. Содан кейін әкесі Шухратты кәсіпті толық игеру үшін, тәжірибе жинау мақсатында Қытайға шақырды.

Қазір түрлі техниканы пайдаланамыз. Ойыншықтың сапалы, үйлесімді шығуы технологтың бағдарламасына байланысты. Компьютер бағдарламаларын жетік біліп, температура, уақыт жиілігі мен қоспа мөлшерін дұрыс, дәл қоя білуің керек. Бізде бұл саланың білікті мамандары болмағандықтан, жұбайым Қытайдың екі қаласында білімін жетілдіріп қайтты. Ол жақта алты мыңнан астам ойын-шық шығаратын кәсіпорын бар. Мамандар бала психологиясын, қоғамдағы өзгерістерді жіті қадағалап отырады. Айталық, дәл қазір бір мультфильм немесе кино кейіпкері балалардың қызығушылығын тудырса, оны дереу ойыншыққа айналдырып, нарыққа шығарады. Қазір түрлі техникамен жұмыс істеуді үйрендік, – дейді білікті кәсіпкер.

ҚАУІПСІЗ ОЙЫНШЫҚ ҚАЙДА БАР?

Рабиға апай алдағы уақытта өз ісін кеңейтіп, баланың өздігінен айдайтын, пультпен басқарылатын көлемді көліктер мен балаға өздегінен жүруді үйрететін ойыншықтарды шығаруды жоспарлап отырғанын айтады. «Ойыншық шығарудың машақаты аз емес. Әр күні әр бөлшегін жеке-жеке шығарып алған соң ғана құрастырады. Бағасы қолжетімді болғасын, сатып алушылар кезекте тұр. Өйткені шикізаттың ең таза сұрпын пайдаланып, бала денсаулығына қауіпсіз, экологиялық таза болуына аса мән береміз. Баланың көңіл күйіне әсер ететін түстерді таңдаймыз. Еңбектейтін балалар тісі қышығанда ауызға салса зиян болмауын да ескердік», – дейді апай.

– Пандемия кәсібімізге айтарлықтай залалын тигізген жоқ. Карантин ережелерін сақтап, үйде отырдық. Бірақ онлайн саудамызды жүргізе бердік. Әр өңірден тапсырыс қабылдап, жеткізіп отырдық. Елімізде ойыншыққа сұраныс өте көп. Барлық өңірге жібереміз. Ресей мен Қырғызстаннан да сұрайтындар бар. Көбіне қырғыздар қызығушылық танытады. Құжаттар жағынан аздаған кедергілер бар. Бір айда 50-60 жүк сөмкемен алып кететін қырғыз серіктестер бар. «Мак» жүк көліктері мен құрастырмалы «Лего» шығарудан бастаған едік, бүгінде 20 түрлі ойыншық шығаруға жағдайымыз жетеді екен. Қазір кәсіпорында сегіз жұмысшымен бірге 9-10 мың дана ойыншық жасаймыз, – дейді бизнесінің берекетін келтіріп отырған Рабиға ханым.

Бетті дайындаған
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Суретті түсірген
Әйгерім Бегімбет

«Ұлан» газеті, №51-52
22 желтоқсан 2020 жыл
 

256 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала NIS оқушыларын белгілі қазақстандықтар мен робот София құттықтады
Келесі мақала «Жас тілші-2020»: «рухани әулетке» қош келдіңдер!

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор