• ҰЛАН
  • 14 Желтоқсан, 2020

NIS оқушыларын белгілі қазақстандықтар мен робот София құттықтады

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Туған елге тағзым – 2020». өлкетану-зерттеу экспедициясының қорытындысы жарияланған  дәстүрлі «Ұлы дала мұрагерлері» форумы өз мәресіне жетті.

Мыңға жуық қатысушылар туған өлке тарихын зерттеуге, республикада туризм саласын дамытуға арналған экспедицияның алты бағыты бойынша қосымшалар, сайттар, зерттеу жұмыстары, ойын платформаларын әзірледі.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы NIS-тің әлеуметтік жобалары қатарында айрықша орын алатынын баса айтты, оның әрбір қатысушысы өзін жеңімпаз санауға толық құқығы бар, себебі олар өз елінің тарихи, археологиялық, мәдени, архитектуралық, индустриалдық көрнекі орындарын зерттеді.

Күләш Ноғатайқызы Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақордада алғашқы Назарбаев Зияткерлік мектебінің алғашқы директоры Мейрам Жакеновтың «Құрмет» орденмен марапатталғанын айтып, қуанышты жаңалығымен бөлісті. Мұндай жоғары мемлекеттік марапат барлық NIS жүйесінің мойындалғанын білдіреді.

Экспедицияның бірегей бағдарларымен жүріп өткен барлық қатысушыларды белгілі қазақстандықтар құттықтады: ғарышкер, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов;  «Univerity Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасы, Қазақстанның Еңбері Ері Юрий Пя; Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мусаходжаева, Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2020 жылғы түлегі Альнур Акчурин. Олардың әрқайсысының кәсіби жетістіктері оқушыларды табыстың жаңа оқиғаларына жігерлендіре түседі. Онлайн форматқа қарамастан, монитордан әйгілі робот София шыға келгенде қошеметтер легі толастамады. Ең әйгілі гуманоидпен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары оны жасап шығарушы Дэвид Хэнсонмен жасанды интеллект бойынша өткен сабақ барысында достасып үлгерген.

Тікелей эфирде туған өлкелеріне арнаған үздік жұмыстарымен байқау жеңімпаздары таныстырды. Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-ші  сынып оқушысы Михаил Дудиновке  «Мәдени мұра» маршрутымен жасақтаған «Madeni zhangyru» қосымшасы 1-ші орынды әкелді. Деректерді сақтау мен өңдеудің заманауи алгоритмдерін, кеңейтілген шындық технологиясын және кіріктірілген мәліметтер базасын қолдана отырып, Михаил тарихи анықтамалық элементтері бар туристік маршрутты дайындады.

Оқушы зерттеген ақпараттарын қосымшасына, сайтына жүктеп, пайдаланатын жолдарын көрсете білді.  Елдегі туризмді дамытуға бағытталған жоба  саяхатшыларға таптырмас, қолжетімді құрал бола алатыны сөзсіз.

Ердәулет Махамбет, Заңғар Өтеш, Ақниет Абдашим, Асия Ильясқарова, Мұхтар Қабылбек, Шыңғыс Ерлер, Алуа Мыңжасар, Аңсар Абдулла, Аяжан Төлеген, Нұрсұлтан Жақсыбеков, Жанасыл Рысбек бастаған Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы мектептің авторлық ұжымы  «Көне қалашық» Шымкент қаласының мәдени-тарихи бренді бола ала ма?» жобасымен «Ұлы дала өркениеті» номинациясында  жеңімпаз атанды.

Елордадағы физика-математика бағытындағы мектептен Асылжан Еген мен Ансат Джартыбаев «Artemia salina» жобасының авторлары,  «Туған өлкем – жұмақ мекен!» табиғи қорықтар бағдарының үздік тобы атанды. 

«Өндірістік инновация кепілі – зияткерлік әлеует» инновациялық-өндірістік бағдарында Қарағандыдан «Физикалық тапсырмалардағы сүйікті қалам» жинағын жасап шығарған Камила Тазабекова жеңімпаз деп танылды.

Тараздағы NIS оқушысы Сания Қайнарқызының «Шерхан Мұртаза – екі қанатта» аса көрнекті графикалық туындысы «Селт еткізер, ерен ой» шығармашылық аталымында 1-ші орынды иеленді.

«Шарын шатқалының әуенін» жазған Талдықорған қаласындағы Зияткерлік мектептен Шұғыла Нұржанқызы «Үздік эссе» номинациясын жеңіп алды.

Экспедицияның барлық қатысушылары келесі жылы қашықтан өткен бағдарларын шынайы өмірде қайталап, туған елдің жаңа көрнекі жерлерін зерттеуге кіріседі. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде сегізінші жыл жүзеге асырылып келе жатқан «Туған елге тағзым» рухани- танымдық  жоба оқушылардың  туған елге, өлкелеріне арнаған зерттеулерін, жобаларын алғаш рет ғаламтор алаңында жинап, қатысушыларға шабыт, рухани серпін сыйлады, туған жеріне сүйіспеншіліктерін, отансүйгіштерін арттырды.

511 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор