• Мәселе
  • 14 Желтоқсан, 2020

Суды қалай пайдаланып жүрміз?

1-бөлім

Танысу

Достар, бұл жолы материал дайындау барысында талай қызыққа толы оқиғаларды бастан кешірдім. Жақында әкемнің студенттеріне арнап түсірген видеоролигін көрген журналист апайым әкеммен сұқбат жасауды ұсынды. Әкем ­­­­– су маманы, яғни инженер-гидротехник. Осы салада шәкірт тәрбиелеп келеді. Қашықтан оқыту кезінде жаңа форматта сабақтар өткізуді қолға алды. Әкеммен ақылдаса келе, сейсенбінің кешінде әңгімелеспек болдық. Кешкісін әкеме сұрақтарымды қойып едім, әкем аздап қана үнсіз отырды да, «бұл тірлігіміз жарамайды» деді. «Қызым, ойлап қарашы, әкесі мен қызының сұқбаттасқаны ұят емес пе? Мен мұны құптамаймын. Оданда мен сені ұстазыммен таныстырайын, ол кісінің жастарға айтар әңгімесі мол», – деді әкем.

Әкемнің ұстазы – 1981–1990 жылдары Су шаруашылығы және мелиорация министрі болған, белгілі гидротехник Нариман Қыпшақбайұлы. Ертеңінде Елбасы сыныптастарымен кезігуге кеткен едім. Нариман Қыпшақбайұлы «Казгипроводхоз» институтын-дағы кеңсесінде түскі 14.00-ге дейін ғана болады екен. Әрбір уақытын есептейтін принципшіл жан екенін байқадым. Алайда әкем екеуміз экс-министр жұмыстан қайтатын уақытта кеңсеге кешігіп жеттік. Есіктен кіріп келгенімізде, студентіне телефонға қарама деп ұрсып жатыр екен. Біз келгенде ары қарай шабыттанғаны сонша, су шаруашылығына қатысты өзекті тақырыптарды қозғай жөнелді. Жамбыл атындағы гидромелиорация-құрылыс институтының қазіргі жай-күйі мәз емес екенін айтты.

«Білім сапасы нашар, институтта кадр даярлау мәселесі ақсап тұр. Себебі Жамбыл облысында бір емес, екі фосфор комбинаты жұмыс істейді. Фосфор зауыт-тарының тіршілікке зардабы соншалық, сиырлардың тісі пілдің тісіндей болып шығып кеткен. Сиырлар шөп жей алмай, ірі қара мал қырылды. Жамбыл облысында бір қыз бала таппайтындай ауруға шалдықты. Облыс аумағына жастардың бірі де аяқ баспай қойды. Содан гидрофакта оқытатын жастар жоқ, барлық облыстың спортшысы, барлық полиция қызметкері, барлық аула сыпырушы әйелдер гидротехника саласын оқып шықты. Қазір мүлдем оқитын жан қалмады. Білім беру мәсе-лесіне жаңа реформа керек, жаңа институт ашып, жастар үшін әрекет жасау керек. Балаларға жасаған жаулық – Қазақстанның келешегіне жасаған қастандық!

Айтпақшы, мен сендерге екіде келіңдер деп едім ғой. Болды, мен қазір үйіме қайтамын. Неге кешігесіңдер? 30 шақырымды жаяу барып, жаяу қайтып келе-тін уақыт болды ғой», – деді Нариман аға.

– Кешірім өтінемін, аға, ертіп келетін адамымды күтіп қалдым.

– Мен осындайларды түсін-беймін. Мен ылғи айтамын, бір істі бастадыңдар ма, сол істі аяқтауды ұмытпаңдаршы. Он істі бастап, онын да аяқтамау – қылмыс!

– Сонымен, бұл қыз не дейді?

– Жағдайымыз мынадай. Бұл қыз – менің қызым. Биыл Абай атындағы ҚазҰПУ-ға, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғаліміне оқуға түскен. Сонымен қатар, «Ұланның» жас тілшісі. Су шаруашылығы жайлы материал дайындау керек екен. Менімен сұқбаттасам дейді. Сіз отырғанда, мен қалай жауап беремін деп, өзіңізге ертіп келдім.

– Сен, бала, сұрағыңды жазып, ертең таңертең 10.00-де кел. Орыс жазушысы Александр Бек «Волоколамское шоссе» кітабын жазған кезінде Бауыржан Момышұлы: «Менің бір сөзімді өзгертсең, онда сені бірден атып тастаймын!» – деген екен. Дәл сол секілді менің сөзімді өзгертер болсаң, сені де атамын!» – деп сұсты кейіппен Нариман ағамыз зілді бұйрық берді.

Көз алдыма Бауыржан Момышұлының тік мінезі мен қатал кейпі елестеп кетті.

– Тіл факультетіне түстің бе?

– Иә, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығына түстім.

– Менің ағам Есенғазы баяғыда осы салаға түсіп, әрең бітірді. Ағам марқұм боп кетті. «Әй, осы құдайым мені қазақ тілінен құтқармады ғой» дейді екен. Есенғазы ағам оқуға түсе алмай қиналып жүргенде, бір күні үлкен ағамыз ҚазПИ-ге шақырды. Сол кездері Мәлік Ғабдуллин осы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болған. Үлкен ағам жоғары қызмет атқарып, Мәлік Ғабдуллиндермен жақын араласқан екен. Солай үлкен ағам Есенғазыны оқу орнына алып келеді. Емтихан ауызша, билет тапсыру түрінде өтеді. Бір билетте үш сұрақтан болады. Есенғазы билет алуға кіреді, аудиторияда емтихан қабылдаушы отыр, ағасы тыңдап отырады. Бір кезде емтихан қабылдаушы:

– Ал, дайындалып болдың ба? Кел, отыр, – дейді.

– Жауап бере алмаймын, білмеймін.

Үлкен ағамыз мені ұятқа қалдыратын болды ғой деп қорқа бастайды.

– Онда, қарағым, екінші сұрақты айт.

– Бұған да жауап бере алмаймын.

– Онда үшінші сұрағыңды айт, қарағым. Жамбыл Жабаев 1936 жылы Мәскеуде, Лениннің мавзолейіне барып, өлең шығарады. Сол өлең жолдарын айтып бер, – дейді емтихан қабылдаушы.

Есенғазы ағам ауылда домбырамен ән айтып, жатқа өлең оқитын еді. Бұл өлеңді ауылда жүргенде, жатқа айтып жүретін. Үлкен ағамыз ішінен «Уфф, өзінің күнде айтып жүрген өлеңі ғой» деп, көңілін орнықтырады.

– Ал айт, сұрақтың жауабын білесің бе?

– Иә, білем.

– Онда айт.

Сонда Есенғазы мұғалімнің алдында тұрып әбден сасқанынан былай деп айтыпты: «Ленин мен Сталин мавзолейдің тасында...» деп 3 рет қайталаған.

Сонда емтихан қабылдаған мұғалім қолындағы билетін алып, ағасының жанына келіп, «Ауылыңа қайта ғой, ми жоқ екен басыңда!» – депті. Сөйтіп үлкен ағамыз жалынып жүріп, інісін оқуға әрең түсірген екен.  Есенғазы ағам өзі бір қызық кісі болыпты. Кішкентай балаларға тапсырма беріп қойып, «Тыныш отырыңдар, паразиттер!» деп, сыныптың есігін құлыптап, ауыл аралап, шай ішіп кететін көрінеді. Ағамыз есікті жауып кеткенін де ұмытып кетеді екен. Әбден кеш батқанда кішкентай бала-шағаны ата-анасы іздей бастайды. Ата-анасы мектепке келсе, балалар у-шу, есік жабық. Менің ағам осындай мұғалім болған. Сен сондай мұғалім болма!» – деп бір қойды.

– Ал жақсы онда, жылжиық. Бәріміз бірге шығайық!

Осылайша Нариман ағамен бірге далаға шықтық. Жақында Нариман ағаның 85 жылдық мерейтойы өтті. Ол кісіні ата деп айтуға аузым бармады. 85 жаста дегенге сенбейсің. Арқасына рюкзагын асынып алып, баспалдақтан секіріп түскенін көрсең, қайран қаласың. Тіпті біз тайғанақтап, абайлап жүреміз. Нариман ағаның спортпен айналысқанын ширыққан шымыр тұлғасынан да аңғаруға болады. Осылайша, 20 минут тілдесіп, ертеңге дейін қоштастық.

2-бөлім

Сусыз өмір жоқ

Гидротехникаға қатысты өзекті мәселелерді тағы да зерттеп, келесі күні кеңсеге 10-ға 10 минут қалғанда жеттім. Үстімді реттеп, қолыма қағаз-қаламымды алып, денемді тіктеп, 405-кабинеттің есігін қағып, кіріп келдім. Төрде Нариман Қыпшақбайұлы отыр. Бұл жолы жанымда әкем жоқ, экс-министрмен жеке өзім сөйлеспекпін.

– Шардара су қоймасы 1969 жылы тасып, үлкен апат болған еді. Мұндай апат 50 жылда қайталанып келуі мүмкін екен. Апаттың алдын алу үшін су қашыртқысын салу қолға алынды. Өзге де қандай шараларды жүзеге асырған жөн?

– Арнайы су шаруашылығы комплексі тұрғызылады, себебі табиғи су ресурстары, Ертіс пе, Іле ме, Сырдария ма, кез келген өзеннің өзінің режимі бар. Әр өзеннің қай уақытта таситыны, қай уақытта су деңгейінің төмендейтіні, гидрологиялық режимі су пайдаланушылардың талабына сай келмейді. Мысалы, суармалы жер. Су жаздыгүні ғана келеді, ал қыстыгүні қардың үстіне егістік салмайды ғой. Демек, өндіріске жыл он екі ай тұрақты су беріп тұру қажет. Су шаруашылығы комплексі дегеніміз – табиғи су ресурстарын халықтың, өндірістің, экономиканың талабына сай сәйкестендіру үшін салынған ғимараттар. Осындай объектілер арқылы Қазақстан өмір сүріп жатыр, 18 миллион халқы су ішіп отыр, барлық зауыт-фабрикалар су алып отыр. Барлық қала, елді мекен суды пайдаланып отыр. Сондықтан салынған су шаруашылығы комплексін нақты тәртіппен қарап тұру керек. Бұл объектілер де тозады, ескіреді, сондықтан әр сағат сайын мұқият қарап, күтім жасау қажет. Мұны бақылау үшін арнайы мемлекеттік ұйым болуы керек. Қазақстанда осындай су объектілерін қарайтын арнайы министрлік жоқ. Сусыз өмір жоқ. Суды пайдаланбайтын сала жоқ. Су – қарастырылатын ең бірінші мәселе. Су – өмірдің көзі. Тек қана Шардара емес, барлық нысанды жобалары бойынша күнделікті қарап, тексеріп отыру қажет. Сол тексермегеннің салдарынан «мынау жерді алып кетті, мынау жерді жұлып кетті, ауылды су шайып кетті» деген жағдайлар көп. Сондықтан да ең алдымен үкімет осы жағдайға аса қатты назар аударуы қажет. Екінші мәселе – арнайы бақылайтын сала болу керек. Су ресурсы – тұрақты нәрсе. Ертіс өзені бар, Сырдария өзені бар, алайда бұл өзендердің мүмкіншілігі шектеулі. Есептелінген жылдық су қоры бар. Ал суға деген сұраныс жыл өткен сайын артады. Қазір халықтың саны 18 миллион болса, келешекте 30 миллион
болуы мүмкін ғой. Су бірқалыпты, ал тұтынушы жыл сайын артады. Бүгінгі күні де су жетіспеушілігі анық байқалады. Қазір суды пайдалануға жаңаша әдіс қажет. Суды үнемді пайдалану керек. Мысалы, 1 тонна шойын өндіруге қаншама су кетіп жатыр, 1 тонна мақта өндіру үшін қаншама су есеп-қисапсыз кетіп жатыр. Мінекей, өндірістің су пайдалануына жаңаша технология қажет. Су мәселесіне бей-жай қарауға болмайды.

– Кейінгі жылдары суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару технологиясы қолданылып келеді. Отандық мамандар осы әдісті тиімді пайдаланып отыр ма?

– Жоғарыда айтқанымдай, бүгінгі күнде де су тапшылығы туындап жатыр. Әркім әрқалай айтады, ана жақтан су әкелеміз, Сібірден су әкелеміз деп жатады. Ешкім тегін су бермейді. Келешек – тек суды үнемдеуде! Сенің қозғап жатқаның – су үнемдеу мәселесі. Бірақ сен тек егінді суғаруды айтып отырсың. Әр шығаратын өнімге қажетті суды үнемді пайдалану қажет. Қазір өндіріс орындары өзеннен су алады. Мысалы, Естістің бойындағы өнеркәсіп орындары суды алады, ластайды. Сонымен қоймай, қайтадан өзенге құя салады. Олай жасауға болмайды! Суды аласың, пайдаланасың, ластайсың, ластағаннан кейін тазалайсың, Ертіске жібермейсің! Осы тазаланған су технологиялық процеске бару қажет. Ол ішетін су емес, станокты салқындатуға, бөлшектерді тазалауға осы суды қайтадан қолдану қажет.

Бұл – техникалық су. Бір рет суды толтырып алдың ба? Сол суды үнемі айналымға түсіру қажет. Су кірлеген соң, тазалайтын арнайы станциясына системаға жіберу керек. Бүгінгі күннің маңызды тақырыбы – суды үнемдеу! Өндірісте болсын, күнделікті өмірде болсын, суды үнемдеу керек! Бәріміз көп қабатты үйде тұрамыз. Тісіңді жуып болғанша, су ағып жатады. Сол кранға қолды апарғанда ғана ағатын, ал тісті тазалап жатқанда тоқтап қалатын жағдайға неге көшпейміз? Көп адам мұны шығын демейді, суға жаны ашымайды. Ол ағып жатқан таза су тап-таза күйінде канализацияға кетіп, анау Алматының Сорбұлағынан бір-ақ шығады. Ойлану керек.

Трансшекаралық өзендер мәселесі...

– «Сардоба» су қоймасының халқымызға тигізген зардабы мол болды. Осы жағдайдан кейін Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы трансшекаралық өзеннің мәселесі шешімін таба ма?

– ­Қазақстанның 300 мың халқын су басты, бау-бақшасы мен баспанасы жарамай қалды. Ол – бүлінген сасық су. Осы жағдайдан соң министрлік жиналып, жиын өткізді. Бұл су қоймасы, біріншіден, біздің келісімімсіз салынды. Бұл су қайдан алынды? Қазақстанның суымен салынды. Сол сумен қазақтардың бәрін ит қылды. Осы мәселеге қатысты Өзбек-станға хаттама жазған едім, алайда Қазақстанның Сыртқы істер министрі қол қоймай қойды. Себебі Өзбекстан мен Қазақстан арасында достық келісімшарты бар дейді-мыс. Біз Өзбекстан мен Қазақстан арасында мемлекетаралық су қарым-қатынасын жақсарту мақсатында КСРО тараған соң 2 айдан кейін келісімшартқа отырғанбыз. Міне, 30 жыл өтті. Сол келісімде жазылған тәртіп пен ережелер бүгінде орындалмай отыр. Тағы да жоғарыда айтқан мәселе туындайды. Қазақстанда республика көлемінде сумен айналысатын ұйым жоқ. Суға қосымша фактор секілді немқұрайлы қарайды. Тұщы су тоқтаған күні бәрі де құриды. Ал мұнай құрып кетсе, темір құрып кетсе, алтын-доллар құрып кетсе, адам өлмейді. Осыны түсіндіре алмай қойдым.

Қазақстанның 70 пайызы – шөлейт және жартылай шөлейт жерлер. 270 миллион гектардың 2 миллионы суармалы жер, аздап жайылым бар, қалған жерінде түк те жоқ. Ол жерде Менделеев кестесінде көрсетілген пайдалы қазбаның бәрі бар. Жеріміз жақсы. Тек сол жердің 10-15 пайызын ғана пайдаланып отырмыз. Жер мен суды дұрыс пайдаланбайынша, Қазақстан тұрақты дамымайды. 30 жыл мұнайдың соңында жүрдік. Кеңес өкіметі кезінде 25-30 миллион тонна мұнай өндіретін болсақ, бір жағынан қалған шаруашылықты да дамыттық. Ал 30 жылда барлығын лақты-рып тастап, тек мұнайдың соңына түсіп алдық. Қазір 30-90 миллион тоннаға дейін өндіреміз. Бір күні мұнай таусылады, бұл – сарқылатын ресурс. Ең бастысы, су мен жер ресурстарына мән беруіміз қажет, сонда ғана даму болады. Келесі мәселе – қайта өңдеу. Мысалы, бидайды алайық. Солтүстік Қазақстанда өсірілетін қара бидайдың құрамында цемент секілді біріктіретін ерекше қасиеті бар. Бұл бидай Ресейдің көрші облыстары мен Қазақстанда ғана өсіріледі. Сол бидайды бидай күйінде Италияға сатып, бидай күйінде тиеп-тиеп шетелге 5 тиынға беріп жатырмыз. Ал қазір Италия дүниежүзін макарон өнімімен қамтамасыз етіп отыр. Барлық байлық Италияға кетіп жатыр. Неге сол бидайды өзіміз өндемеске, өзіміз макаронды өндірмеске?..

– Халықаралық көлемде шешілетін су мәселесіне қатысты ұсыныстарыңызды министрлік назарға алып жатыр ма?

– Алды, алып жатыр... Су қарым-қатынасы жөнінен үлкен мәселе қазір Өзбекстанмен жүргізіп жатырмыз. Екі мемлекетті қалай тұрақты дамытамыз, арадағы мәселелерді қалай шешеміз, қалай тәртіп орнатамыз? Осы комиссияның мүше-сімін. Екінші мәселе – Қытаймен қарым-қатынас. Өзбектермен Сырдария дейміз, қырғыздармен Талас дейміз. Орыстармен Жайық, Еділ, Есіл, Тобыл,

Ертіс ­– барлығы бес өзеннің мәселесі бар. Ал Қытаймен 24 өзенді бөлісеміз. Осыған байланысты бірнеше жылдан бері Қытай мен Қазақстан ара-сында дипломатиялық келіссөз жүріп жатыр. Мысалы, Іле өзенін қарастырайық. Біз мынанша суды негізге алдық, осыншама суды Қазақстан, осыншама суды Қытай пайдалану керек деп негіздедік, міне, дәлелдедік деп қытайлар айтады. Осы жерде әр тарап көбірек су алғысы келеді. Сұраныс бар, оны көндіріп, дәлелдеу деген мәселе тағы бар. Қытай көнбейінше, қол қоймайынша ештеңе болмайды, себебі су Қытайдан келеді. Қазір осы мәселемен айналысып жатырмыз.

– Еліміздегі шағын өзендер мен көлдердің ахуалы туралы не айтасыз?

– Шағын өзенге ең алдыман назар аудару керек. Қазақстаннан орташа есеппен жыл сайын 100 миллиард текшеметр су өтеді. Соның жартысы үлкен өзендерден. Жартысы шағын өзендерден өтеді. Шағын өзен толығымен біздің аумақта орналасқан. Сондықтан ерекше назар аудару керек. Екіншіден, шағын өзендер адамдардың іс-әрекетіне өте жеңіл тиеді, кез келген жерден бөгет сала салады, кез келген жерден құрта салады. Алматының маңында қаншама шағын өзен болды. Сол қаптаған өзеннен Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Ақсай мен Есентай өзені ғана қалды. Алматының үстінен өтетін жиырма шақты өзеннен үшеуі ғана қалды. Өйткені арнасын бекітіп тастады, топырақпен үстін жауып тастады, бәрін құртып, кафе, кеңсесін салды, тағы бірдемесін салды. Үкімет шағын өзенге көңіл бөлуі керек. Көлдердің де жағдайы өте-өте нашар. Көкше өңірінде Біржан сал әнге қосатын Сырымбет деген көл бар. Дөп-дөңгелек айнадай тап-таза. Сол көлге таудың қары еріп, жылғалап құйылады. Бұл көлді адамдар не істеді? Жылғалардың үстіне апарып үй салды, жол салды, бәрін бітеп тастады. Содан кейін «Ойбай, Саумалкөл құрып бара жатыр, ойбай Сырымбеттің суы төмендеп жатыр» дейді. Нұра өзені де – ішкі өзен. Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран – осы қалалардың қалдық суларынан басқа Нұрада су жоқ. Таза суы Самарқан су қоймасына кетеді, ол суды Қарағанды металлургия комбинаты пайдалануда. Нұраның суын қойма ұстап қалды, босаған арнаға қалдық су құйылып жатыр. Нұраның жағасына барсаң, өзен емес, қалдық лас су ғана бар. Нұраны әбден құртты. Нұрамен тағдырлас өзендер өте көп.

Су маманын даярлау мәселесі...

– Су маманын даярлайтын оқу орындарының жай-күйі қалай? Не себептен бұл салаға жастардың қызығушылығы төмен?

– Балаларда жазық жоқ. Бар кінә – ректорларда. Мен осы күнге дейін бірнеше жоғары оқу орындарында сабақ бердім. Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының су факультетіне кезінде жылына 200 талапкер оқуға түсетін. Жылына 200 студентке дәріс беретінмін. Жаңа ректорлары келген соң бұл мамандықты алып тастады. Ауылдан келген балалар үшін оқуға түсу жеңілдіктерін алып тастады. Соның салдарына 200 баланың орнына қазір техникалық жоғары оқу орындарына бір де бір бала түскісі келмейді. Жақсы балалар оқиды, балалар оқығанда, оларды кім оқытады? Нені оқытады? Бұл мәселе де шешілмей отыр. Мен су шаруашылығы министрі болып отырғанда, «жылына қанша инженер келеді, оларды қайда жіберемін?» деп басым қатып отыратын. Қазақстанда жылына шамамен 150 маман гидротехниканы бітіріп шықса, бұл мамандарды қайда пайдаланамын деп ойланып жатқан ешкім жоқ. Не үшін маман даярлап жатырмыз деген жоспар жоқ. Балаларды алдап қолдарына диплом беріп, қақпадан шығарып жібереді. Жастар қайда барарын білмей жүр. 20 жыл сабақ бердім, осы мәселе туралы әлі күресіп келемін.

– Қазір су мамандығында оқи тұра, суда жүзе алмайтын студенттер де жетерлік...

– Мен қатты таңғалам. Біз су факультетіне оқуға түскенде, 1 қыркүйекте сабаққа келген күннен «Спорттың қай түрімен айналысасың?» деп сұрақ қойды. Жүз бала оқуға түскенде, біреуі қалмай спорт үйірмесіне жазылдық. Біреуі боксқа, біреуі шаңғыға, біреуі жүзуге... Екінші өнер – домбыра тарту, ән айту, шешендік өнер, басқа да үйірмелерге жазылдық. Менімен оқыған балалар сол кезде Қазақстанның чемпионы атанды, спорт шебері, Еуропа чемпионы, КСРО чемпионы атанып шықты. Тек ақылды емес, физикалық тұрғыдан да өзімізді дамытуымыз қажет. 1953 жылы мен көрген стадион сол күйінде тұр. Бір ағаш өсірмеген, бір қоқысын жинамаған. Менің оқу бітіргеніме 67 жыл болған екен. Сол стадионда жүгіргенім әлі есімде.

– Газеттің оқырманы – балалар мен жасөспірімдерге айтар ақыл-кеңесіңіз...

– Жастар бір саланы меңгеруі қажет. Өмірін бір салаға арнап, сол саланы терең білуі керек. Терең білсең, ешқашан ұмытылмайсың. Мен институт бітіргелі 62 жыл болды, сол кезден бері басқа салаға еш ауысқан емеспін. Міне, қазірдің өзінде маған министрліктен қоңырау шалып, жастар ақылымды сұрап жатыр. Айтайын дегенім, дәрігер бол, сантехник бол, агроном бол, қай саланың маманы болсаң да тереңінен біл, сол саланы терең игеру керек. Сонда сені адамдар өздері іздеп табады, сұранысқа ие боласың. Ол үшін оқу керек, ол үшін іздену керек, еңбектену керек. Мен институт бітіргенде, Түрген өзеніне жауапты қылып қойды. Қалай баланс жасау керек, суын қалай пайдалану керек, бәрін қолыма берді. Бір жылдан кейін: «Саған бір өзен аздық етеді, саған үш-төрт өзен беру керек», – деп, Шелек, Асы, Киікбай, Түрген, Есік, Бершардар сынды алты өзен берді. Ең соңында министр болып, Қазақстанның бүкіл өзенін зерттедім. Аз-маз шұқып, жақсы маман болып, бағалана алмайсың. Хәкім Абай «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп айтқандай, адам өз мақсатын орындап, өмірде орнын табуы керек. Айтарым – осы.

– Уақытыңызды бөліп, талай мәселені қозғап, сұқбаттасқаныңыз үшін көп рақмет!

Айсұлу СЪЕЗХАН,
«Ұланның» жас тілшісі.
Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №50
15 желтоқсан 2020 жыл

1152 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор