• ҰЛАН
  • 14 Желтоқсан, 2020

Куәгер сөзі жанарға жас үйірді

Желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен «Қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. Осындай жалған жала жабылып, социалистік империяның құқайын көрген қазақ жастарының азаттық күресі КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды.

Жылдар жылжып, қазаққа жақсылығын ала келді. Ел егемендігінің негізі болған Желтоқсан оқиғасына биыл 33 жыл толды. Осыған орай, Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқиға ортасында болған нағашым Бауыржан Альпатинмен кездесіп, әңгіме-лескен едім.

Нағашым бұл оқиғаны былайша еске түсірді:

– Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхамед Қонаевты жергілікті халықпен санаспай қызметінен босатып, орнына Г.Колбинді тағайындауы қазақ жұртшылығының наразылығын тудырды. Бұл жағдай қоғам назарынан тыс қалмады, әсіресе жастар жағы бұл кемсітушілік пен басынушылықты қазаққа жасалып жатқан озбырлық деп қабылдады.

Мен 1986 жылы қазіргі Қазақ Ұлттық университетінде тарих факультетінің екінші курс студенті едім. Он бес факультет студенті алаңға жиналып, «Дінмұхамед Қонаевты орнынан алып, сырттан келген Колбинді әкеліп жатыр, қазақтың дінін, тілін, мәдениетін білмейтін жанды қойыпты» деп наразылығын білдірді. Барлық жастың ойы бір жерден шығып, бейбіт шеруге Брежнев алаңына жол тарттық. Жол-жөнекей бізге басқа да жоғары оқу орындарының студенттері қосылды. Бәріміз бір-бірімізді жігерлендіріп, «Менің Қазақстаным» әнін айтып келе жаттық.

Алаңға жиналған жастар саны көбейе түсті. Қар жапалақтап жауып тұрды, күн өте суық, аяз. Бірақ бұл жастарға кедергі болмады. Алаңдағыларға шенеуніктер «тараңдар» деп бұйрық етті. Ал бұған жастар мүлдем назар аудармады. Алаңдағы әсем, зәулім үйлерде тұратын шовинистік көзқарастағы адамдар терезеден бізге: «Эй, калбиты! Сендерге не жетпейді?» – деп айғайлап қояды. Бұны естіген қазақ жастары әбден намыстанып, ашуланды.

Қас қарайған уақытта қаруланған әскер қалың халықты қаумалап қоршай бастады. Бейбіт шеруге шыққан жастар шерудің аяғы қырғын көтеріліске ұласатынын білген жоқ. Нақтырақ айтқанда, 16-17 желтоқсан күндері Брежнев алаңында үлкен қантөгіс болды. Бірақ біздің күшіміз олармен теңесе алмады.

Қақтығыстар басталып, қарулы әскермен жалаң қолмен төбелес болып жатқанда көрген бір көрініс: бірі қашып, бірі қуып, бірін-бірі сабап жатқан кез болды. Алаңда жантүршігерлік оқиғалар болды. Ресейден және Армениядан көптеген әскер әкелінді. Олар темір күрекпен, таяқпен жастарды соққыға жықты. Өрімдей жас жігіттердің итке таланғанын, қазақтың қаракөз қыздарының шашынан жұлып, ұрып-соққанын көргенде жүрегің қарс айырылады. Екі жақтан жүк көліктері қоршап, ішіне жастарды күштеп қамап, қаланың сыртына жиырма шақырым жерге апарып төгіп, аямай қинаған.

Осының бәрі шындық. Себебі мен өз көзіммен көрдім. Сонда да болған оқиғаларды сөзбен жеткізу мүмкін емес, өте қиын. Оқиғадан кейін алаңда болғандарды жаппай оқудан шығарды, оқудан шығып қалмас үшін алаңда болған жоқпын деп құтылдым. Ертіс-Баян өңірінен бес-алты жігіт Қазақ Ұлттық университетінде оқыған болатынбыз, тек екі жігіт қана бітірдік. Мен және Арман Ақышев. Арман қазір С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ректор қызметін атқарады.

Замандастарымды, азаттық үшін басын бәйгеге тіккен боздақтарды құрметтеп, ел үшін еңіреп туған қайсар жандарды ешқашан ұмытпауға үндеймін. Кезінде «желтоқсандықтарды» аяусыз басып-жаншу арқылы сағымызды сындыра алмады. Ол арайланған Тәуелсіздіктің таңына ұласты. Қарап отырсақ, Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Елбасы атанды. 1983 жылы алғаш төл мерекеміз Наурыз мейрамын тойладық. Өсіп келе жатқан балалар бақытты ұрпақ. Олардың болашақтары жарқын болсын! – деп нағашым көзіме жас келтірердей әсерлі әңгімелерді айтып берді. Мен осындай батыр азаматтың жиені екенімді мақтан тұтамын.

Жамбыл облыстық «Менің отбасым» газетінің 2006 жылғы 14-санында желтоқсан куәгері Құрманбек Оңалбековтың «Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздік бастауы» мақаласында Бауыржан Шериязданұлы туралы, алаңдағы жастардың әрекеті, олардың әділетсіздіктен көрген жауыздығы туралы жан-жақты жазылған.

Мақалада автор өзінің университеттің ұлт аспаптар оркестріне қатысатынын, оны оркестрге үгіттеп алып барған баянауылдық досы Бауыржан Альпатин екенін және алаңда досы екеуі бірге болғанын жазады. «Досым Бауыржан екеуіміз бірге жүрдік, осы оқиғалардың тура өзегінде болдық. Мен Баукеңе: «Қазір осы алаңда қазақ тарихындағы ұлы оқиға болып жатыр дедім», – дейді оқиға куәгері.

Айзада САҒИДОЛЛА,
Ақсаң ауылы
Баянауыл ауданы
Павлодар облысы

«Ұлан» газеті, №50
15 желтоқсан 2020 жыл

596 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор