• Әуез
  • 14 Желтоқсан, 2020

Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫ, опера әншісі: Операға келетіндер көбейді

Майра Мұхамедқызы – ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Париждегі «Гранд операның» Қазақстаннан шыққан тұңғыш әншісі. Күллі кәрі құрлықты өнерімен тәнті етіп, миллиондаған көрерменнің қошеметіне бөленген танымал қазақ әншісі Майра Мұхамедқызы бүгін біздің газетімізге арнайы сұқбат берді. Алдағы жоспарларын айтып, шығармашылық әлеміндегі жаңалықтарынан хабардар етті. 

 – Қайырлы күн, Майра Мұхамедқызы! Алдымен газетімізге сұқбат беруге келісім бергеніңізге алғысымызды білдіреміз! Өнерге қалай келгеніңіз оқырман үшін қызық. Осы жайында баяндап берсеңіз…

– Операға қызығушылығы бар, классиканы сүйетін әрбір тыңдарман өмірбаяным жайлы жақсы біледі деп ойлаймын. Мен өнерлі отбасында дүниеге келдім. Әкем Мұхамед Әбдіқадыр – музыка зерттеушісі, композитор, анам – Қытайдың халық әртісі. Ағайын, бауырларымның барлығы музыка саласымен айналысқан. Жастайымнан өнерлі ортада өскеннен кейін шаңырағымызда әрқашан музыка болды. Бала күнімнен арманым айқын еді. Анамның жолын қуған әнші болам деп, әу бастан өзімді осы салада елестететінмін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп айтады ғой. Отбасында музыканы тыңдап өскеннен кейін, осы саланы жалғастырдық. Анамның ізбасары болып опера өнеріне келдім.

– Ән айту кезінде қандай эмоцияларды сезінесіз?

– Ән айтқанда жылдам ән бе, мұңлы ән бе, қуанышты ән бе, қай тілде, қандай тақырыпта жазылған болса, сюжетке байланысты сол персонажбен бірге сахнада өмір сүреміз. Қуанышты ән болса қуанып, жүрегің толқып айтасың. Қайғылы болса жүрегіңмен сезініп, басыңнан өткен әрбір қиындық сол эмоцияның берілуіне көмектеседі. Сондықтан әр айтқан әнім мен рөлім жүрегімнен шығады. Сол рөлге өзіңді сендірген кезде, көрерменге де энергияны сезіндіре аласың. Көрерменнің «Браво» деген сөзі шабыттандырып, бақытқа бөлейді. Сондықтан әр шығарманы эмоциямен жүректен өткізіп барып халыққа жеткізу – міндетіміз. «Ми салқын болу керек, жүрек жылы болу керек» деп айтады ғой. Сондықтан осы қағиданы әрқашан қолданып келемін.

– Опера әншісі болмағанда, кім болар едіңіз?

– Бұл көп қойылатын сұрақтың бірі. Шыны керек, өзімді басқа салада елестете алмаймын. Менің өмірдегі ең басты ұстанымым – жақсы әнші болу. Осы ұстаным жолында талпынып, еңбек етіп келемін. Дауыс – әр адамға беріле бермейтін Алланың сыйы. Әр адам өмірге белгілі бір миссиямен келеді. Менің миссиям – әнші болу.

– Опера өнерінде жетік тәжірибесі бар білікті маманның бірісіз. Осы уақытқа дейін Қазақстан мен Еуропадағы операның қандай айырмашылығын байқадыңыз? Мәселен, сіз өнер көрсетіп жүрген Франция мемлекетінің операда бес ғасырға жуық терең тарихы бар...

– Мен ешқашан екі елдің театр өнерін салыстырмаймын. Әр елдің тарихы, әр театрдың репертуары, алдына қойған мақсаттары, дәстүрлері бар. Біз жас мемлекет, жас театрмыз. Театр бағдарламасы, ережесі, репертуары, мақсаттары біздің дәстүрімізде бөлек. Әрине, Еуропаның дәстүрі қалыптасқан. Бес ғасырға жуық өмір сүріп келе жатқан көне театрлар бар. Қазіргі уақытта әлем театрлары дәстүрімен де, техникалық жағынан да өзін алдыңғы қатарға санайтын мақсаттар мен міндеттерді қояды. Мысалы, «Астана опера» театры жаңа техникалық жабдықтармен, жаңа сахнаның автоматты түрде жерге түсіп, аспанға көтерілетін бүкіл мүмкіндігімен қамтылған. Қазіргі уақытта мүмкіндігі, сәулеті жағынан әлемдегі бес үздік опера театрының бірі. Жас театр болған соң репертуарымызды молайтып келеміз. «Астана опера» да әлемдік театрға айналары сөзсіз.

– Спектакльдерді сахналау барысында көбіне қандай қиындық туындауы мүмкін?

– Репертуар бекітілген кезде сол операдағы кейіп-керім қандай, дауысқа бөлінеді екен деген сұрақ туындайды. Бірақ қиындық – сол операны қоятын режиссермен, бүкіл командамен бірге жұмыс істеу. Декорация, костюм, дирижер, соның барлығы бір жұдырыққа жұмылдырылып, үлкен жұмыс басталады. Меніңше, ең басты қиындық – әншілердің ауырып қалмай, 100% энергиясын беріп, шығарманы жоғары деңгейде орындауы. Әрбір рөлдің өзіндік қиындығы мен режиссердің қойған талабы бар. Әншілер табиғатында жоқ құбылыстар мен әрекеттерді жасауға тура келеді. Сол кезде рөліңді батылдықпен көрсету үлкен еңбекті талап етеді. Қиындықтарды шешуге болады. Ол көбіне техникалық жағынан болады. Әсіресе, вокал жағынан жоғары ноталарға шыға алмасаңыз, онда сіздің техникалық мүмкіндігіңіздің жетпегені. Техника күнделікті машықтану арқылы қалыптасады. Табиғатымызда жоқ нәрсені ойнау қиын болар, бірақ әрбір нәрсенің өз шешімі бар.

– Болашақта өзіңіз секілді опера жұлдызы болғысы келетін талантты жастарға арнап мектеп ашу ойыңызда бар ма?

– Әрине, мектеп ашқым келеді. Көптен көкейімде жүрген сұрақ. Қазіргі кезде талантты бүлдіршіндер мен жастарымыз өте көп. Өнерлі жастарымыз маған көп қоңырау шалады. Сонымен қатар Мәскеуден, Уфадан, Қытайдан, Қырғызстаннан, жан-жақтан қазіргі сахнада жүрген әншілер немесе конкурсқа дайындалып жүрген өнерпаздар менен сабақ алғысы келеді. Бір академия, өнер орталығын ашсаңызшы деп өтінеді. Мүмкіндік болып жатса, неге ашпасқа?! Мемлекеттен қолдау болып жатса, демеушілер болса, сол арманымды тезірек жүзеге асырып, мектебімді құрғым келеді. Егер көмектесем деген жандар болса, қуанар едім (күлді).

– Елордаға Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың шақыртуымен келген екенсіз. Сіз енді ғана келген театр мен қазіргі «Астана опера» театрының жағдайы қалай? Осы уақытқа дейін қандай өзгерістер болды?

– Алматыдағы опера және балет театрында жиырма жыл жұмыс істеп, қазір міне, «Астана операда» қызмет атқарып жүргеніме бес жыл болды. Әрине, мен келген кезде театр жаңадан құрылып жатқан, репертуары да аз еді. Қазір театр нағыз шығармашылықтың қайнап жатқан ортасы десем де болады. Режиссерлер, әлемнің әр түкпірінен келген білімді мамандар, жаңа қойылымға атсалысатын дирижерлар бар. «Астана операда» жұмыс істеу үлкен абыройға айналды. Сондықтан да бұл үшін қуаныштымын. Репертуарымыз кеңейіп келеді. Бүкіл әлемге жайылған пандемия біздің жұмысты өзгертті. Пандемияға дейін бұл ғимарат нағыз өнердің жанданып тұрған ордасы болатын. Өте мықты спектакльдер мен балеттер, мың адамдық хор биік деңгейде қарқынмен дамып келе жатыр еді. Амал қанша, қазір үзілістеміз. Бірақ онлайн концерттерді жалғастырып келеміз. Мен келген кездегі театр мен қазіргі театр өмірі күрт өзгерді, қойылымдар мен репертуарлардан бөлек көрермендердің операға келуі жиіледі. Зал лық толы болып, әрбір спектакліміз жоғары деңгейге көтерілді.

– Талай әлемдік деңгейдегі мәртебелі сахналарда өнер көрсеттіңіз. Өзіңізге ұнаған ең ғажайып рөліңіз қайсы?

– Иә, осы уақытқа дейін әлемдік театрларда түрлі қойылымға қатыстым. Солардың ішінде ең есімде қалғаны – Англияның Бенжамин Бриттен деген композиторының «Жазғы түндегі түс» деген операсы болатын. Бұл опера өте қызықты болатын. Мұндай қойылымдар өте сирек, оның әдемілігі мен қызықты болуы көрерменнен әр кеш сайын жақсы бағасын алатын. Ғажайып аспан әлемінде жүргендей керемет спектакль болды. Ол кезде өзім де жас болдым, әрі билеп, әрі ән айтып, сахнада керемет көріністер болды. Осы бір көріністі ешқашан ұмыта алмаймын.

– Мотивацияны қайдан аласыз?

– Мотивацияны тыныштықтан аламын. Күнде Аллаға сыйынып, тілдесемін. Адамға медет беретін, ой беретін, жүрекке иман беретін – Алла тағала. Ұйқыға жатар алдындағы ризашылығым, таңертең аман-есен оянуым, таңғы дұға жасауым – үлкен бақыт. Сондықтан Алланы ешқашан есімнен шығарған емеспін. Тыныштықты жақ-сы көремін. Ондай сәтте маған ой келіп, жаңа идеялар туындайды. Жүрегім құлазып қалса музыка тыңдаймын, бұл да адамға үлкен мотивация береді. Одан қала берсе, қызым Аиданың жүгіріп мектептен келген кезі қуаныш пен шабыт сыйлайды.

– Алдағы уақытта қандай спектакльдерде өнер көрсеткіңіз келеді? Көптен бері армандаған рөлдерді сомдау ойыңызда бар ма?

– Әрине, армандаған рөлдерім өте көп. Осы отыз жыл бойы опера саласында отызға жуық репертуар орындап келемін. Солардың ішінде мен үшін алып белес – биыл 19 ақпанда шырқаған Дж.Вердидің «Дон Карлос» операсындағы Елизавета королеваның рөлі. Менің дауысымның көлемінен асып түсетін шығарма. Қазір армандап жүрген операм да Дж.Вердидің «Трубадур» операсы. Осы шығарманы күтіп жүрмін. Қазіргі тәжірибем мен болмысыма сай үлкен рөлдерді орындағым келеді. Солардың бірі – Дж.Вердидің «Симон Бокканегра» операсындағы Мария Бокканеграның рөлі.

– Алтын уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамыз! Шығармашылық табыс тілейміз.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №50
15 желтоқсан 2020 жыл

895 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор