• Балаларға базарлық
  • 14 Желтоқсан, 2020

Тарихты әзілмен түсіндіретін YouTube арна

Мектеп бітіретін жылы ҰБТ-да тарихтан қатты қиналдым. Жаңа формат бойынша тапсырғандықтан, Қазақстан тарихы мен бейіндік пәніме қосылған жалпы тарихты түсіну үшін репетиторға жазылдым. Сабақтан соң мұғаліммен тест орындаймын. Тарихтағы оқиғаларды жаттасам да, жылмен байланыстыра алмайтын едім. Әйтеуір тарихты да жаттап, ҰБТ тапсырдық. Содан өткенде YouTube-тен «Тарих-марих» арнасын көзім шалды. Арнаның бір ерекшелігі – тарихты әзілмен түсіндіреді. Қысқа әрі нұсқа. Арна авторы Мейірман Заркеновпен байланысып, осындай арна ашуға не түрткі болғанын және атауына байланысты сұрақтарымызды қойдық.

– Павлодардың тумасымын. Аққулы ауданының Жамбыл ауылында туып, үш жасқа дейін тұрдым. Кейін қалаға көшіп келдік. Абай атындағы №10 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейді қызыл аттестатқа бітірдім. Электроэнергетика мамандығын таңдап, Алматы энергетика және байланыс университетіне оқуға түстім. Магистратураны басқа жоғары оқу орнында бітірдім. Содан сценарист болып жұмыс істеп, бұл негізгі мамандығыма айна-лып кетті.

– Сценарист болу талант па, қызығушылық па?

– Жоқ, сценарист болу талант емес. Ол – қызығушылық. Мектеп кезінен қазақ тіліндегі көңілді тапқырлар клубында өнер көрсеттім. Павлодар облысының чемпионы болдық. Бірақ ол кезде «Жайдарман» жоқ еді. Мен университетке түскен жылы «Жайдарман» ашылды. Студент кезімде қазақша және орысша «Жайдарманда» ойнадым. «Аялдама» көңілді тапқырлар клубының мүшесі болдым. Осы тапқырлар клубының арқасында сценарист болдым. Айтпақшы, сценаристің оқуын да оқығанмын. Санкт-Петербордағы Ленфильмнің бір айлық курсынан өттім.

– Youtube желісіндегі «Тарих-марих» арнасын құру идеясы қалай пайда болды?

– Сценаристер тектен-тек сценарий жазбайды. Біз командамен неге ыза болсақ, соған әзіл жазамыз. Менің ыза болып жүргенім – қазақтың өз тарихын білмеуі және тарихта болған қателерді қайталауы. Қазақтың намысшыл адамдары «мен қазақпын» деп кеудесін ұрғанымен, тарихымызды білмейді. Мысалы, кезінде «Абылай ханымыз осындай хан болған» дейді де, оның нақты не істегенінен хабары жоқ. Сондықтан тарихты білсін деп және жастарымыздың тарихқа қызығушылығын мектеп кезінен арттыру мақсатында арна аштым. Белсенді түрде арнаның пайда болғанына 1 жыл 1 ай толды.

– Әр эпизодқа сценарий жазасыз. Видеоны монтаждау мен дизайнды да өзіңіз жасайсыз ба?

– Иә, барлығын өзім жасаймын. Сценарий, монтаж, дыбыстау, youtube желісіне салу, пікірлерге жауап беру өзімнің мойнымда. Бірақ «өзім» дей бермей, көмектесетін адамдардың бар екенін айтып өту қажет. Мен орысша сценарий жазған кезде грамматикалық қате жіберемін. Қатемді түзейтін келіншегім бар. Сценарий жазғандағы бірінші редакторым да өзі. Ең бірінші сценарийді оқып, түсінбеген жерін айтады. Мен бәрін түзетіп, арнаға видео түсіру үшін дайындаймын. Оған қоса, Әділжан деген көмекшім бар. Қазір 1-курс оқиды. Ол 11-сынып оқығанда арнаның обложкасын жасап берейін деп ұсыныс айтқан. Содан жарты жылдан бері маған әр эпизодтың обложкасын жасап береді. Оған азғантай болса да, ақысын алады. Кейбір қазақша посттарды аударып беретін Аяулым деген қыз 8-сыныпта оқиды. Ол да маған: «Аға, мен сізге қазақ тілін дамытуға көмектесейін», – деп өзі жазды. Арнадағы бастапқы видеолар орысша болғандықтан, Аяулым маған тек ұрсып қоймай, өз көмегін ұсынды. Тағы бір көмекшім 7-сыныпта оқиды, маған карталарды сызып беруге көмектеседі. Ол да көмектесейін деп өзі жазды. Басында таңғалға-ныммен, кейін жақсы араласып, қазір барынша қызық контент дайындап жатырмыз деп ойлаймын.

– Арна ашып, оны жүргізу коммерция бағытын көздей ме?

– Сценарист идеяны ұнатса, оны бірден іске асырады. Ешқандай коммерцияны көздемейді. Мен осы каналды пайдалы контент болсын деп аштым. Сценарист болғандықтан, ұжымдық немесе біреу үшін жоба жазамын. Ал жеке өзімнің жобам болған жоқ. Екі жылдай не жазамын деп ойлап жүріп, осыған тоқтадым. Жеке жобам-ның арқасында жуырда алғашқы жарнамасы болды. Аз да болса, маған қаржылай көмек екен.

– Не себепті арнаның аты «Тарих-марих»?

– Арнаның атын қою кезінде командадағы сценарист балалардан көмек сұрадым, олар өз нұсқасын ұсынды. Бірақ өзім де ойланып, «Тарих-марих» деген атауға тоқтадым. Себебі арнаның аты оның не туралы екенін айтып тұруы керек. Мен тарихты басқалар сияқты созып айтпаймын. Қысқа да нұсқа, бастысы әзілмен түсіндіремін. Сондықтан әзіл де арнаның бір бөлігі болсын деп, тарихқа марихты қостым. Мысалы, қазақтар ауызекі тілде «ет-мет алдық» дейді. Иә, бұрын сөйлеу тілімізде мұндай сөздер болмаса да, қазір бар екенін мойындаған жөн. Сол себепті халыққа түсінікті болу үшін осылай атадым.

– Арнаның бірінші шығарылымы жарияланғанда, адамдар қалай қабылдады?

– Басында сын көп айтылды. Мен ол сынға дайын болдым. Өйткені жан-жағымда түрлі блогер бар. Басында маған: «Сен тарихты мазақ қылып отырсың ба? Қалай сен қазақ тарихын мазақ қылып отырсың?!» – деген пікірлер жазылды. Мен де әр пікірге жауап беріп, бұл мазақ қылу емес, түсінікті әрі тарихқа деген қызығушылықты ояту үшін деп жазатын едім. Кейін осы форматқа адамдар үйреніп, бейімделді. Қазір ондай пікір аз. Бұл жобаны тағы бір жыл жасап көргім келеді. Жаңа жылдан кейін тағы да тақырыптар бар. Тарихта ұмытылып қалған оқиғаларға шығарылым жасауды жоспарлап отырмын.

– Арнаға жазылушылар көп болсын! Сұқбатыңызға рақмет!

Назым Сапарова

«Ұлан» газеті, №50
15 желтоқсан 2020 жыл

554 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор