• ҰЛАН
  • 23 Қараша, 2020

«Мархабат мақамдары» елітпей қоймайды

Қазақ әдебиетінің төрінен орын алған Мархабат Байғұттың есімі көпшілік ортаға жақсы таныс. Қоғам шындығын айғақтайтын әңгімелері мен байыпты көзқарасы – қаламгердің ең бір ерекше тұсы. Мархабат Байғұт шығармашылығы өзгелерге ұқсамайды, кейіпкерлерінің бейнесі де өз кезеңінің тағдырын еш бүкпесіз баяндайды. Жазушының шығармалары қазақ әдебие-тіне қандай өзгерістер әкелді? Әрбір шығармасының тарихы қайда жатыр? Жазушының әдеби әлеміне терең бойлап, ғибратқа толы ғұмырын зерделеп көрелікші...

Қаламгердің алғашқы әңгімелері жетпісінші жылдардың басында дүниеге келген. «Шілде» деген атауға ие болған бұл әңгімелер жинағы Мархабат ағамызды жазушы ретінде дүйім жұртқа таныта түсті. Бұл жайында белгілі жазушы Тәкен Әлімқұлов: «Мархабат тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ танылып үлгерген жазушы. «Оңтүстік Қазақстанда» істей жүріп, неғұрлым нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған. Көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады. Тәржімашылдығы да тәнті етеді», – деп Мархабат ағамыздың жазушылық әлеміне бағасын берген. Шығармашылығы хақында ары қарай ой қозғар болсақ, қаламгер туындыларының замана келбетін танытатын, шынайы өмірді әрқалай жанрмен сипаттайтын артықшылығы бар. Бертін келе жарық көре бастаған «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәурізек», «Қорғансыз жүрек» сынды шығармалары әдебиетімізде ойып тұрып орын ала білді. «Интернаттың баласы» повесін мысал етіп алып көрейік. Жасөспірім балалардың өмірде қалыптасып дамуы, жолдағы қиындықтарға төтеп бере білуі шығарманың басты өзектілігі деп баға беруге болады. Бүгінгі қоғаммен салыстырып қарасақ, баланың өзін-өзі тануында, дамуында үлкен кедергілерге жол бергенімізді байқаймыз. Кейінірек баланың құрдымға кетуі, өміріндегі сәтсіздіктері мен қақтығыстарға бой ұрындыруы осының салдары екені анық. Қоғамның да ақсап тұрған шағы осы емес пе?!

Жазушы шығармашылығының тағы бір ерекше тұсы – туған өлкеге деген сүйіспеншілігі, бауырмалдығы. Осы жайында сыр шерткен мақалаларын оқып отырып, ерекше әсерге бөленесің. Еліне деген перзенттік махаббаты мен кеңпейілдігі айқын сезілетін шығармалары жазушының қаламгерлігін танытқан ерекше бір қасиеттер десек, әсте қателеспеспіз. «Тәуелсіздікке тәубе дейік. Алтын құрсақ Оңтүстіктің, шырайлы Шымкенттің барына шүкір делік. Халқымыздың және бір жауһар жыршысы Асанұлы Сабырханның сөзін сәл ғана өзгертсек, көктем де Оңтүстіктен басталады». Иә, еліміздің оңтүстік өңірі дәстүр-салты бұзылмаған, тілі де, діні де берік екеніне ешкім дау айта қоймас.

Мархабат Байғұт шығармашылығының тағы бір ерекшелігі – әскер қатарында жүріп әдебиетке араласа бастауы. Бір-бірімен әдемі үйлесім тапқан әңгімелері мен хикаяттары, публицистикалық жанрда жазылған еңбектері – қазақ әдебиетінің үлкен жетістігі. Алғашқы туындыларының бірі «Күн астындағы күнекей қызды» небәрі жиырма бір жасында жазған екен.

Ұлттық танымы мықты орныққан жазушы шығармашылығына Шерхан Мұртазадан бастап, бүгінгі күнгі жазушылардың біразы жылы көзқарас танытқан. Қаламгердің шығармалары түрік, өзбек, саха, украин, қарақалпақ тілдеріне аударылған.

М.Байғұт – жазушылығымен қатар, аударма саласында да жемісті еңбек еткен тұлға. Қырғыздың белгілі жазушысы Шыңғыс Айтматов пен орыстың бірқатар жазушысының шығармаларын қазақ тіліне аударған. Мархабат ағамыздың еселі еңбегін әр шаңыраққа танытсақ да артық болмайды. Жазушының шығармаларын ағылшын және орыс тілдеріне аударып, таралымын көбейтсек, нұр үстіне нұр болары анық. Мархабат ағамыздың шығармаларында көп көрініс табатын дүние – ауыл өмірі.

Шығармаларын бір оқығанның өзінде-ақ ауылдағы қызған тұрмыс-тіршілік пен қазақылық-тың иісі аңқып тұрғанын сезесің. Халқымызға ғана тән ұлттық кодымызды да жазушы шығармаларынан анық кездестіре аламыз. Шынайылық деген де осы болар. Ауыл тақырыбын шығармасына арқау еткен қаламгердің жазу өнері де, стилі мен прозалық қабілеті де өзгеден ерек һәм ешкімге ұқсамайды да. Кез келген оқиғаны ерекше етіп жеткізуге тырысады. Меңзеу, юмор, ишара, теңеу, риторикалық сұрақтар... Бәрі де бір шығарма аясында ұштасып, ғажап үйлесім тауып тұрады.

Республикалық «Жас Алаш» газетінде ақын Темірхан Медетбек ағамыздың Мархабат Байғұт жайында жазған мақаласы жарық көрді. «Мархабат Байғұт – стилі де, мәнері мен мақамы да ешкімге ұқсамайтын жазушы. Тілдік аясы да, оны қолдана білуі де бөлек. Бізде қасаң түсінік бар ғой: жергілікті жерлерге ғана тән жаргон мен диалектілерді тек кейіпкерлер диалогында ғана қолдану керек дейтін. Мархабат мұндай жөнсіз санитарлық түсініктің быт-шытын шығарады. Ол кейіпкерлерін бір мақаммен сөйлетіп, өзі бір мақаммен сөйлеп жатпайды. Кейіпкер қалай сөйлесе, өзі де солай сөйлейді. Тұтас! Тағы да олар оңтүстіктік мақамдар! Мархабат мақамдары!» – деген екен. Оқи отырып сүйсінесің, Мархабат әлеміне қызыға түсесің. Осыдан-ақ Мархабат Байғұт тек жазушы, аудармашы ғана емес, ауыл өмірін қоғаммен етене жақындастыра баяндаған көрнекті суреткер деп атасақ, артық болмағаны.

Публицистикалық дүниелерінің қазіргі таңда жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор. Жазушы туындыларының бүгінгі ортадағы маңызы жайлы баяндасақ, қоғамдық резонанс тудырарлық мақалалары бірден ел назарын аудартады. Мен де Мархабат ағамыздың көп оқырманының бірімін. Жазушының кейбір кітаптарын іздеп таппай жатамыз. Сол сәтте ғаламтордың көмегіне жүгініп, жазушының өмірін жақынырақ танып білдім. Ал шығармаларынан еш жалықпайсың, әр туындысы-ақ қиядан қияға, ұшқыр ойдың шарықтау шегіне дейін жеткізіп жатады. Кейіпкерлердің бір-бірімен қақтығысы, шыншыл диалогтары мен жазушының қайталанбас қаламгерлік қасиетін бағамдай аламыз. Қоғамның шынайы ақиқаты мен ұлт болмысы Мархабат шығармашылығының үзілмеген арқауы екенін аңғарамыз. Ұлттың ұлы рухы да біздің ізгі қасиеттерімізге байланысты екенін ескерсек, Мархабат Байғұттың өзіндік мақамы да ел тарихын қастерлеуде маңызды рөлге ие екенін еріксіз мойындаймыз. Ендеше, жазушы туындыларын жаһанға неге танытпасқа?!

Мектеп кітапханасынан Мархабат ағамыздың кітабын жаздырып алған болатынмын. Алған кітабымды аз ғана уақыттың ішінде оқып бітірдім.

Мархабат Байғұттың болмысы – бүкіл қазақ халқының ұлттық болмысы. Шығармашылығын зерделей отырып, Мархабат Байғұт жайында ғылыми зерттеу жасасам ба деген бір ұшқын ой пайда болды. Әрине, уақыттың еншісінде... Бірақ бір нәрсені анық түсіндім: Мархабат мақамдары – қазақ прозасының жетістігі.

Алтынай Бауыржанқызы,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №47
24 қараша 2020 жыл

886 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор