• Балаларға базарлық
  • 09 Қараша, 2020

Қуыршақ театрындағы қос қуаныш

Биыл Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры сексен алтыншы маусымын ашты. Көрермен талғамы мен талабына сай қызмет ететін, адамгершілік пен рухани құндылық-тарды дәріптейтін театр екі бірдей қуанышпен шымылдығын түрді. Театр ұжымы бүлдіршіндер үшін тәрбие мектебін қалыптастырып үлгерді. Әр қойылымнан ой түйіп, қанаттанып шығатын балалар баршылық. Бүгін балақайларды қуантқан «Үйшік» қойылымы туралы әңгімелейміз.

«Үйшік» ертегісі – жас көрерменді көпшіл, мейірімді болуға, адал достық пен қайырымдылыққа, еңбекқорлыққа, ұйымшылдыққа баулитын, кешірімшіл болуға жетелейтін шығарма. Орыс халық әдебиетінің үлгісі. Қойылымның режиссері – Антон Зайцев. Бұл ертегі әлемнің әр жерінде түрлі форматта көрсетіліп, сан қилы режиссерлік шешіммен көрерменге жақсы таныс. Дегенмен Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театры ұсынатын «Үйшік» қойылымы өзінше ерекше. Балалармен тығыз әрі үздіксіз қарым-қатынас назар аудартады. Оқиға желісі әртістер мен бүлдіршіндердің байланысын күшейте отырып өрбиді. Қойылым көрерменге еркіндік пен көтеріңкі көңіл-күй сый-лайды, танымдық сипатымен ерекшеленеді. Спектакль атмосферасы бүлдіршіндерге оқиғаның ішінде жүргендей әсер сыйлайды. Көрермен залы үй жағдайындағыдай ыңғайлы әрі әдемі. Әсем ән, қызықты ойындар, жаттығулар да қойылымның көркін аша түседі.

ҚАЗАҚ ВАЛЬСІНІҢ ПАДИШАСЫ – ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНДА

Театр ұжымы көрнекті сазгер Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына орай «Өмір-өзен» музыкалық театрландырылған қойылымын ұсынды. Режиссері – Еркебұлан Қабдыл. Ғажайып сазы, көркем табиғаты, лирикалық әлемімен тыңдарман жүрегінен орын алған көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқов әндерін спектакль режиссері өзгеше қалыпта көрсете білген. Музыкалық шоуда Мақсат Камалов, Арай Сақтағанова, Бақытжан Қаюов, Гүлбаршын Өнімбай, Шохан Құлназаров, Гүлназ Абсаттар және тағы басқа актерлар ойнады.

Туған халқын мөлдір мұңлы, ерекше сазды ғажайып әуенмен тербеген сазгердің сұлу сазы сахнаны тербеп тұрды. Композитор қиялынан туындаған әр әуен ақын шабытымен ұштасып, халық ықыласына бөленді. «Балауса қыз едің бір кезде...» деп басталатын лирикалық ән тек Шәмші салған сазбен орындалса ғана биікте. «Ақмаңдайлым» оның әуезімен ғана әдемі. Ол – қазақ вальсінің падишасы. «Мен өз өмірімде қанша ән жазған болсам, сонша жылаған болуым керек» деген ән әлемінің ақтаңгері ғұмырын тартыссыз, даңғазасыз өткізген қарапайым суреткер. Ол – сол кішілігімен ұлы.

«Өмір-өзен» қойылымы – ұлтын сөзбен емес, жүректің әуенімен сүйген сазгердің мерейтойына арналған ұмытылмас сый. «Менің Қазақстаным» деп ұлтын сүйген таланттың халқы да әр жырын жүрегінде сақтайды. Шәмші әндерін алғашқы нотасынан-ақ таниды. Шығармашылық иесі үшін өзі жырлағандай мұнан артық «Бақыт құшағы...» болуы мүмкін емес шығар. Әсем қала Алматының да ғажайып болмысы оның әндерінде әдемі үндестік тапқан. Ересектер тыңдайтын әндерді бала түсінігіне лайықтап сахналаған режиссердің еңбегі ұшан-теңіз.

 

P.S. Қуыршақ театры алдағы уақытта «Ер Төстік», Шарль Перроның «Күлше қыз» және Уильям Шекспирдің «Макбет» туындыларын сахналауды жоспарлап отыр.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №45
10 қараша 2020 жыл

400 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор