• ҰЛАН
  • 16 Қараша, 2020

100 өлең жауған күн

Алматыда «Assyltas» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен республикалық «100 өлең» көркемсөз оқу сайысы өтті. Байқауға республиканың түкпір-түкпірінен қатысқан 57 үміткердің 15-і ақтық сайысқа жолдама алған. Жазушылар одағында бес сағатқа созылған сайыс қызу тартыспен өтті. Қатысушылар біз ойлағаннан да мықты болып, бірінен бірі өткен жүйріктің жүйрігі болып шықты. Байқауда мектеп оқушыларымен қатар, жастар мен әр саланың білікті мамандары да бақ сынады. Айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Рүстем Қайыртайұлының отбасы өткен жылы «Отан отбасынан басталады» атты отбасылық айтыста өнерлерін танытып, көпшіліктің назарында естен кетпестей қалғаны белгілі. Ал осы сайыста Рүстем Қайыртайұлының інісі Едіге Қайыртайұлы мен анасы Айжан Оралова өнерін ортаға салды. «Еуразия» арнасының журналисі Ержан Шайжан да қоржынына 100 өлеңді толтырып, ерекше дайындықпен келіпті. Байқауға Жүрсін Ерман, Алтынбек Қоразбаев, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Серік Қалиев, Бақыт Беделхан және өзге де ел ағалары әділ төрелік жасады.

Алғашқы кезеңде қатысушылар қоржыннан билет таңдап, мүдірместен 5 өлеңді толық айтып шықты. Екінші кезеңде қазылар алқасы қатысушыларға 10 өлеңнің кез келген бөлігінен сұрап, қабілетін тереңінен тексерді. Үшінші кезеңге өткен үш жұптың қарқыны тіпті ерекше. Үшінші кезеңде шаппа-шап айтыстың куәсі болдық. Әсіресе, Едіге Қайыртайұлымен сынға түскен нұрсұлтандық 10 жасар оқушы қыз Әмина жарты сағаттан астам уақыт айтысып, жұртшылықты таң-тамаша етті. Финалдан сүрінбей өткен Өскеменнен келген көркемсөз оқу шебері Қуаныш Еркін 3-орынды қанжығаға байласа, 2-орынды Құранды толық жаттап қари атанған Қуаныш Кенешбай иеленді. Бас бәйгені актер Едіге Қайыртайұлы еншілеп, «Assyltas» қоры тағайындаған су жаңа көліктің иесі атанды. Өзге қатысушыларға бағалы сыйлықтар табыс етіліп, өнерімен тәнті еткен Әмина Байкемелқызы мен Айғаным Ахунбайға ынталандыру сыйлығы берілді. Қазылар алқасының мүшелері келер жылы да байқаудың жалғасын тапқанын қалап, қолдау танытты. Ақын Бауыржан Жақып байқауға 100 өлеңді таңдауды Жазушылар одағы өз қолына алатынын айтса, Жүрсін Ерман жастарға өлеңді сыбырлап, майдалап, жаңылтпаш айту емес, көркемдеп оқу керектігін ескертті. «Assyltas» қорының негізін салушы Дулат Тастекеев байқаудың келер жылы жалғасын табатынын сеніммен жеткізіп, әдебиет жауһарларын жастар арасында насихаттауды кеңірек қолға алатынын мәлімдеді. Байқау қатысушыларын да құттықтап, сөзге тарттық.

Байқау туралы қайдан естідіңіз? Байқауға анаңыз да қатысып, бақ сынады. 100 өлең жаттау – кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Күш пен еңбек керек. Анаңыз алпыс жаста екен. Ол кісіге қиын болмады ма?

– «100 өлең» жобасы жайлы алғаш «Assyltas» қорының Инстаграм парақшасынан көріп, байқау талаптарын оқып шығып, көшіріп алып, жаттауға кірісіп кеттім. Мектепте жүргенімде Абай, Шәкәрім оқуларына қатысып, Абай мен Шәкәрімнің 200-ден астам өлеңін жатқа оқығанмын. Өнер додасына осылай ертерек араласқан жайым бар. Рас, 100 өлең жаттау кез келген адамның қолынан келе бермейді, оған жігер керек, ішкі сенім керек, жалқаулықты жеңе білу керек, поэзияға, өнерге ерекше құрмет болу керек деп ойлаймын. Қаншама физикалық, моральдық күш-қуатты жұмсауға тура келеді. Интеллектуалдық қажыр-қайратты талап етеді. Анама қатыспаңыз деп айтқан емеспін, ол кісі де хабардар болып, қатысқысы келетінін жеткізіп, дайындыққа кірісті. Анам қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, сондықтан өзінің саласына өте жақын жоба деп санаймын. Анам да мұндай сайыстан кенде емес. Қадыр Мырза Әли оқуларына қатысып, Қадыр Мырза Әлидің 100-ге жуық өлеңін жаттаған. Отбасымызбен осындай жобаларға қатысуға жанымыз жақын. Бұл жолғы көркемсөз оқу сайысы да көңілмен, шын ниетпен қалап қатысқан жобалардың бірі болды. Бабымыз бен бағымыз қатар шауып, жеңіс тұғырынан көріндік. Бұл да еңбектің үлкен жемісі, – дейді Едіге Қайыртайұлы.

Байқауда дүйім жұртқа ерекше қабілетін танытқан ең жас қатысушы Әминаның да ойын тыңдадық:

– «100 өлең» байқауының ақтық сайысының ең қиын тұсы – өзімнен едәуір үлкен, театр әртісі Едіге ағамызбен сынға түсу. Мектеп оқушысы мен ересек адамды салыстыру қиын ғой. Бірақ мен үшін бұл ерекше даму болды. Өлең өлкесінен кетпей, келешекте де талай додада топ жаратыныма сенімдімін. 100 өлең жаттау арқылы рухани азық жинаумен қатар, маған таныс емес ақын-дардың шығармашылығын оқып,
ізденіске түстім. Байқау барысында абыройы асқақ ел ағаларымен, ақын-жазушылармен танысып, ақ батасын алдым. Өзімнен үлкен аға-әпкелермен бірге байқауға қатысып, еңбектенуімнің мүмкіндігін көріп, іштей қуандым. Осындай шара әр өңірде жалғасын тапса деген тілегім бар, – дейді байқаудың ең жас қатысушысы.

Айсұлу СЪЕЗХАН,
«Ұланның» жас тілшісі.
Алматы қаласы

Суреттерді түсірген
Мақсат Құсайынов

«Ұлан» газеті, №46
17 қараша 2020 жыл

487 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор