• ІТ және инновация
  • 16 Қараша, 2020

Музыка мектебінен Microsoft компаниясына дейін

Жастардың шетел асып, алпауыт компанияларда жұмыс істеуі кез келген адамды шабыттандырады. Ал бүгінгі кейіпкеріміз музыка мектебінде оқып, бір сәтте өмірін ІТ саласына бұрған Шыңғыс Әмірқажиев есімді ІТ маманы. Халықаралық ІТ университетте оқыған әпкесіне қызыққан Шыңғыс та осы мамандықты таңда-ған. Өнер әлемінен ақпараттық технологияға бет бұру және соған бейімделу туралы кейіпкеріміз баяндап берді.

– Алматы қаласының тумасымын. №83 музыка мектебінде оқыдым. Домбыра мен фортепианода ойнап, хорда ән айттым. Оған қоса, футболға қызығушылы-ғым болды. Кәмелет жасқа тол-ғанша кәсіби футболшы болуды армандадым. Ал Халықаралық ІТ университетінде оқитын әпкем мектеп қабырғасында жүрген маған технологиялардың болашағы туралы жиі әңгіме айтатын. Мектеп бітірген соң әпкем ІТ университетіне engineer мамандығына құжат тапсыруға кеңес берді. Бағымды сынап көріп едім, оқуға түсіп кеттім. Бірақ 1-курста өте қатты қиналдым. Өйткені О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика бағытында білім алған және №165 мектептің балаларымен бірге оқыдым. Олардың информатика мен математикадан білім деңгейі жоғары болды. Сәйкесінше, музыка мектебінде оқыған менің деңгейім төменірек еді. Бастапқы кезде сабақтарды түсінбей жүрдім. Сондықтан 1-курстың 1-семестрінде бағдарламалауды меңгеруге тырыстым. Универ-ситеттегі Contester жүйесінің көмегі зор болды. Студенттер арасында жарысып, мен тіпті 1-орын алатын кездер де болды. Бұл жүйе бір жағынан аралық бақылау тапсырмауға да жеңілдік еді. Осы жүйе арқылы маған бағдарламалаудың қызық екенін түсіне бастадым.

– Бакалаврды тәмамдаған соң, жұмыс табу қиын болды ма?

– Мен негізі 3-курстың соңы мен 4-курстың басында әртүрлі компанияға түйіндемемді жібердім. Бір компанияның сұқбаттасуынан өте алмасам, екіншісінен шақырту алып жүрдім. Содан Greenga компаниясының сұқбаттасуынан өтіп, жұмысқа қабылдандым. Студент болып, сабақ пен жұмысты байланыстырып, бәріне үлгеруге тырысып жүрдім. Сол компанияда екі жарым жылдай жұмыс істеп, Америка Құрама Штаттарына кететіндей мүмкіндік пайда болды. Америкада штатта және келісімшарт бойынша жұмыс істеу жүйесі бар. Рекрутинг компанияда жарты жыл ішкі жүйелерді автоматтандыру қызметін атқардым. Одан кейін маған Microsoft компаниясында келісімшарт бойынша жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Сұқбаттасудан өткен соң, жаңа жұмысқа қабылдандым. Жаңа өнімді нөлден бастап сатылымға шығарған команданың құрамына бір жыл жұмыс істедім. Қазіргі таңда келісімшарт аяқталып, елге оралдым. Қашықтан рекрутинг компанияда жұмыс істеп жатырмын. Болашақта магистратураға тапсыруды жоспарлап жүрмін.

– Microsoft компаниясына жұмысқа қабылдау сұқбаты қалай өтеді?

– Microsoft – үлкен компания. Ол жерде бастысы қандай инженер екеніңе және кодпен жұмыс істеуіңе мән береді. Ал Қазақстанда компаниялар кішкентай. Олар белгілі бір тілді меңгеру мен технологияларды игеруге басты назар аударады. Ал батыста іргетасы қаланған біліміне қарайды, алгоритмдерді білу мен қолдануды ескереді. Сонымен қатар, system desing жағы да ескеріледі. Көшбасшылық қасиетке де назар аударады. Алайда, батыста дайындық жарты жылдай уақыт алса, сұқбаттасудың өзі 1 сағат 45 минутта өтеді. Мені senior soft engeneer сұқбаттасуда қабылдады. Егер бірінші берген тапсырманы орындай алсаң, екін-шісін орындауға бірден дайын болу керек. Сосын сенімен кез келген тақырыпта сұқбаттасу өтеді.

– Microsoft компаниясы ІТ мамандарға қандай қызмет ұсынады?

– Үлкен компанияларда штатта жұмыс істесең, алдымен медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Әлеуметтік пакетте балаларың да қамтылады, қосымша демалыстар және қашық-тан жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жұмыс істеу кестесі қатаң емес. Саған міндетті түрде таңғы 8:00-де жұмыста болуды міндеттемейді. Бастысы, команданы күттірмей, кездесулеріне қатысып, жұмысыңды атқаруың қажет. Олар жұмыс уақытынан кейін қалып, қосымша еңбектенуіңді ұнатпайды. Жұмыстан алып кетеді, өздері әкеліп тастайды.

– ІТ саласының батыспен салыстырғанда еліміздегі дамуы қандай?

– Әрине, батыс пен Қазақ-станды салыстыру мүмкін емес. Біздің еліміз әлі жаңа деңгейге шыға алмай жүр, яғни АҚШ-тан асып кететіндей. Бірақ батыста жаңа технологияның бәрі жарыққа шығады. Ал бізге келу үшін уақыт кетеді. Мысалы, батыста бұлтты жүйелер қарқынды дамыған. Ал Қазақстанда барлық компания оны қолдана алмайды. Өйткені бұл жүйелердің бағасы да арзан емес. Бізде көбіне тегін ресурстарды қолданады. ІТ саласында Қазақ-стан тәй-тәй басқан бала болса, батыс оның ата-анасы іспеттес.

– Батыстың үлкен компанияларында ІТ маман болғысы келетін талапкер нені ескеруі қажет?

– Алдымен математика мен информатикадан білімі болуы керек. Алгоритм, ақпараттарды жүйелеуді және логиканы дамыту да өте маңызды. Университетке түсерде мамандықты дұрыс таңдаған жөн. Егер инженер болғысы келсе, computer science мамандығын таңдау қажет. Айтпақшы, ағылшын тілін меңгермесе, мүлдем үміттенбеген абзал. Университет қабырғасында білімнің іргетасын мықты қалау керек. Түйіндемені компанияларға жіберіп, жеке жобаларды іске асырған дұрыс. Бәрі тәжірибемен келеді. Батыстың компаниясында жұмысқа сұқбаттасудан өткенде осының бәрі ескеріледі.

– ІТ маманы боламын деген талапкерге қандай кітаптар мен платформалар бар?

– Өзім оқыған кітаптарды ұсынсам, біріншісі java тілін үйренуге Рhilosophy of java деп аталатын кітап. Маған бұл кітап университеттің 1-курсында көп көмектесті. Clean code деген кітап, яғни орысша «Чистый код» деп аталады. Бұл бастапқы кезде қайсы таза код, қайсы таза емес код екенін ажыратуға арналған нұсқаулық кітап іспет-тес. «Алгоритмы и структура данных» деген кітап маған алгоритмді үйренуге септігін тигізді. Ал платформаларға тоқталсам, алгоритм, құрылым, ақпарат базасын үйренуге және сұқбаттасуға дайындалуға leetcode.com ұсына аламын. Мысалы, Google компаниясын таңдап, сұқбаттасуда келетін тап-сырмалар мен сұрақтар бойынша дайындала аласыз. Бұл тегін әрі ақылы сайт. Жарты жылға жазылуды сатып алсаңыз, сұқбатта жиі кездесетін сұрақтарды көре аласыз. Ал тегін жазылымда мұндай жоқ. Codeforces.com – тапсырмаларды орындауға арналған платформа. Algoexpert.іо ақылы платформа болса да, техникалық сұқбатқа дайындалу мүмкіндігі бар. Coursera.com – тегін курстары бар платформа. «Алгоритмы и структура данных» деген кітабын оқыған соң, қызығып осы платформадан видео мен тәжірибелік тұрғыдан үйрететін курстан өттім. Udemy.com, бұл жерде қолжетімді курстар бар. Бұл – мен пайдаланатын платформалар, ал YouTube-те Willem fiset каналына жазылып, алгоритм мен ақпарат құрылымын үйренуге мүмкіндік бар.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Назым Сапарова

«Ұлан» газеті, №46
17 қараша 2020 жыл

34 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Жапонияда батарейканы зерттейтін Аяулым

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор