• Толағай
  • 09 Қараша, 2020

Он алты жыл күткен жеңіс

Кейде ұзақ күтуге тура келетін жеңістер болады. Оны сезіну ерекше. Қазір «Қайрат» командасының дәл осындай сезімді бастан өткеріп жатқанына шүбәміз жоқ.

Неге десеңіздер, Алматының футбол клубы араға 16 жыл салып ел чемпионы атанды. Қызық жағдай, осыдан 11 жыл бұрын ғана құрылған «Астана» аз уақыттың ішінде 6 рет топ жарды. Ал «Қайраттың» тарихы тереңде. Бірақ тәуелсіздік жылдары бар-жоғы осымен үшінші рет жеңіс тойын тойлап отыр екен.

«Қайрат» клубы 1954 жылы құрылды. Одақ тұсында КСРО біріншілігінің жоғары лигасында 24 маусым ойнады. Екі мәрте жетінші орыннан көрінгені бар. Еліміз тәуелсіздік алған соң «Қайрат» біразға дейін ешкімге дес бермейтін шығар деп топшы-лағандар көп болды. Одақ кезінен қалыптасқан құрамы, базасы бар клуб. Алайда 1992 жылғы алғашқы Қазақстан чемпионатында топ жарғаннан кейін ұзақ уақыт чемпиондық бұйырған жоқ. Оның үстіне 1998 жылы клуб екіге бөлінді. Қорғаныс министрлігінің әскери спорт клубы, яғни ЦСКА-ның басшылары «Қайраттың» бүкіл базасын, стадионын өздеріне қаратып алмақшы болды. Сол кезде «Қайратқа» қаржылық жағынан қолдау көрсетіп отырған Болат Әбілев бұған шыдай алмай, жарты команданы бөліп әкетті. Әйтеуір 2000 жылы екеуі қайта қосылды. Содан кейін ажыраған жоқ.

2003 жылы «Қайратқа» сол тұста Ерлан Атамқұлов басқарған «Қазақстан темір жолы» демеуші болды. Жаңа демеушінің келуімен команда құрамы да жақсарды. Отандық футболдың жарық жұлдыздары – Самат Смақов, Әли Әлиев, Андрей Карпович, Әлібек Бөлешев, Ұлықбек Асанбаев «Қайраттың» чемпиондығына ерекше үлесін қосты. Легионерлерден Арсен Тлехугов, Евгений Ловчев және Жафар Ырысметовті ерекше айтуға болады.

Бірақ 2006 жылдан бастап, «Қайрат» қайта құлдырай бастады. Тіпті бір кездері төменгі лигада ойнап та көрді. Әйтеуір 2012 жылы бизнесмен Қайрат Боранбаевтың келуімен Алматы командасының жаңа тынысы ашылды. Әлемдік деңгейде базасы салынды. Екі бірдей балалар академиясы бар. Бес рет ел чемпионатында күміс жүлде алып, тек «Астанадан» оза алмай келген. Биыл «Қайрат» жанкүйерлерінің арманы орын-далып, араға 16 жыл салып чемпиондық бұйырды.

Бұған дейін Андрей Аршавин, Анатолий Тимощук, Жерар Гоу, Исаэль секілді мықтылардың өзі «Қайраттың» чемпион атануына көмектесе алмады. Словакия құрамасымен әлем чемпионатының ширек финалына дейін жеткен бапкер Владимир Вайсстың қолынан да «Қайратты» чемпион ету келмеді.

Енді биыл пандемияға байланысты премьер-лиганың басым бөлігі Алматыда өтті, «Астана» клубындағы кризис және «Қайраттың» трансферде сәтті жұмыс істеуі ұзақ күткен чемпиондыққа жеткізді.

Ең жас бапкер

Әсіресе, Польша құрамасының жартылай қорғаушысы Яцек Гуральски, Бразилия құрамасымен 2007 жылы Америка кубогын ұтып алған шабуылшы Вагнер Лавты ерекше айтуға болады. Одан бөлек отандық футболшылардан Абат Айымбетов, Нұрәлі Әліп, Ғафуржан Сүйімбаевтар бар. Ең бастысы, «Қайратта» командалық ойын қалыптасты. Жас болса да беларусь бапкер Алексей Шпилевский өзінің философиясын футболшыларға сіңіре алды.

– «Қайрат» бұл чемпиондыққа лайықты болды. Оған алып-қосатын ештеңе жоқ. Бұл жеңіс «Қайраттың» шынайы жанкүйерлері мен клуб президентіне арналады. Көпшілік Вагнер Лавты және тағы бірнеше жекелеген ойыншыларды атап жатыр. Олар жеке шеберлігінің арқасында үлесін қосқаны жасырын емес. Бірақ футбол – командалық ойын. Ұжым болмаса олар ешкім емес. Осыны ұмытпау керек, – дейді Алексей Шпилевский.

Пандемия спортқа қатты әсер еткені жасырын емес. Көптеген жарыстар өткізілмей қалды. Футболдан Қазақстан премьер-лигасының өзі екі рет тоқтады. Бірнеше ай елімізде футбол болған емес. Тек тамыз айының соңында Алматыда бір локация жалғастыруға рұқсат етілді. Ойындардың бәрі Алматы мен Талғарда өтіп жатыр. Негізі 33 турға жоспарлаған премьер-лига 22 турмен аяқталады. Сонымен қатар «Ертіс» клубы жарыстан шығып қалғанына байланысты әр команда чемпионатта тек 20 ойыннан өткізеді. Сонымен қатар биыл «Астананың» бұрынғы қарқыны байқалмайды. Қарсыластарына жиі ұтылды. Осы жағдай «Қайраттың» жеке дара көш бастап, мерзімінен бұрын чемпион болуына әсер етті дейтіндер бар. Бұған «Қайраттың» бас бапкері жауап қатты.

– Барлығында бірдей жағдай болды. Чемпионатты «Алматының премьер-лигасы» дегендерді түсінбеймін. «Орталық стадионда» айына бір рет ойнаймыз. Талғарда ешқашан жаттығу жасаған емеспіз. «Жас қырандағы» жасанды алаңда да дәл солай. Сондықтан барлық команданың мүмкіндігі бірдей. Оның үстіне көрермен де жоқ, жанкүйерлерінің қолдауының арқасында жеңді дейтіндей. Кім болса да «Қайраттың» әділ жеңісін мойындауы тиіс, – дейді Алексей Шпилевский.

Қазақстан премьер-лигасында бұрын-соңды 32 жасында ешқандай бапкер чемпион атанып көрмеген екен. Алексей Шпилевский бұған дейінгі Григорий Бабаянның рекордын жаңартты. Қазір «Тобылды» жаттықтырып жүрген Бабаян 2018 жылы 38 жасында «Астанамен» жеңіске жеткен.

Алтын бала – Абат

Дәл қазір Абат Айымбетов – қазақ шабуылшыларының арасындағы ең үздігі. Ол былтыр «Ақтөбе» сапында 16 гол соғып, сұрмергендер көшінде үштікті түйіндеген еді. Биыл 10 голмен «Ордабасы» ойыншысы Жоао Паулодан кейін екінші орында келе жатыр.

Абатты «алтын бала» деп айтуға себеп бар. Ол 2014 жылы «Ақтөбеде» жүргенде соңғы турда «Ордабасы» қақпасына гол соғып, чемпиондықты сыйлаған еді. Араға алты жыл салып, тағы да «Ордабасымен» ойында топ жарып отыр. Бұл жолы «Қайрат» командасының қатарында Айымбетов пен Вагнер Лав осы маусымдағы ең үздік шабуылшылар жұбы болды десек жарасатын шығар. «Вагнер – ойыншы әрі адам ретінде өте керемет жан. Оның бізге келгеніне қуаныштымын. Командаға көп көмегін тигізді», – дейді Абат.

Алматының «Қайрат» клубын чемпиондығымен құттықтаймыз. Келесі жылы клуб Чемпиондар лигасында өнер көрсетеді. Еурокубокта ел намысын абыройлы қорғауына тілектеспіз!

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №45
10 қараша 2020 жыл

346 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор