• ҰЛАН
  • 09 Қараша, 2020

Кәсіпкерден құнды кеңес

Табандылық пен мақсаттың бір арнаға тоғысуы – табысты кәсіп кепілі. Кәсіпкер болу – әрі икемділік, әрі қажеттілік. Кәсіпті бастай білгендер мен бизнес әлемінде өз орнын таба білгендер ерен еңбектің құдіретіне сенеді екен. Бүгінгі кейіпкеріміз Еркін Хамит 1976 жылы ҚХР-да дүниеге келген. Осыдан он жыл бұрын тарихи Отанына көшіп келген. Еркін аға бүгінде өз кәсібін мақтан тұтады. Ол таңдаған бизнес ерекшелікке толы. Маған бәріненде қызығы – кәсіпкердің еңбек жолы, кәсіп бастауына әсер еткен оқиғалары болды.

– Еркін аға, кәсібіңіздің жай-жапсарымен таныстырсаңыз...

– Кәсібім тауар тасымалына байланысты. Қытайдан елімізге тауар тасымалдайтын «Логистика» компаниясының негізін қалаушымын. «Логистика» атауы тасымал деген мағына береді. Бүгінде елімізге алыс-жақын шет елдерден тауар тасымалдайтындар баршылық. Алайда тауар жол бойы бірнеше делдал қолынан өтіп, біздің базарға қымбат бағамен келіп жатады. Сол тауардың 90%-ы Қытай зауытынан шыққанын байқап қаламыз. Бірақ бағасы шарықтап тұрады. Ал менің жұмысым – сол тауарларды Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі клиенттерге тікелей, ешқандай делдалсыз, зауыт бағасымен жеткізу.

– Сауда әлеміне қалай аяқ бастыңыз?

– Мектеп бітіре сала Қытайдан Қазақстанға тауар жөнелтетін компанияға келіп, жүк тиеуші болып жұмысымды бастадым. Сонау Қытай қоймасында он жылға жуық уақыт жұмыс істеп, сауданың, тауар тасымалының қыр-сырын меңгеріп алдым. Бұл жылдар табысымның баспалдағы болды. Кенет неге Отаныма барып қызмет етіп, кәсіпкерлерге осы саланы үйретпеске, тауарларын жеткізіп бермеске деген ойға келдім. Жылдар бойы атажұртқа барып, қызмет етсем деген арма-ныма бір қадам жақындадым.

– Ал Қазақстанға келгеннен кейін ойыңыз оңай жүзеге асты ма?

– 2010 жылы Қытайдағы ағайын-туыс, дос-жаранды тастап, Алматы қаласына келдім. Алпауыт елде өссем де, мәңгі қазақ болып қалуды мақсат тұтып, «өзге елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болайын» деп Отаныма табан тіредім. Мұнда Еркін келіпті деп, құшақ жая қарсы алады деп ойласам керек. Өзімді бір керемет сезініп (күліп).Содан не керек, Қытайдағы сауда жүйесін меңгергенім бар, қара базарда сауда бастадым. Бірақ алғашында базардағы оқиға мені таңғалдырды. Саудагерлердің дені өзге ұлт өкілдері. Бауырларымды іздедім, оларды да таптым. Сөйтсем, бәрі шетінен жүк тиегіш екен. Саудагерлер арасында бірен-саран қандас бар. Қынжылғаным сонша, үш күн ауырып жаттым. «Мен айналама қайтсем көмектесемін» деген ой санамды жаулап алды. «Мен сендерге Қытайдан арзан бағада тауар әкеліп беремін, өзім сөйлесемін» деп жан-жағыма айта бастадым. Алғашында «бұнысы несі» дегендер көп болды. Десе де, іздеген жетер мұратқа. Сол жылдың күзінен бастап, Қытай қалаларына өзім барып, тауар тасымалының алғашқы баспалдағын бастым.

– Керемет! Бірақ қазір тасымал онлайн платформада емес пе?

– Әрине, бүгінде онлайн саудамызға төрт жыл болып қалды.Түсіндіре кетейін, клиенттер Қытайдың 21 000 000 зауыты тіркелген 1688 сайты арқылы тауар таңдайды. Біз онлайн тапсырысты қабылдап, Қытаймен байланысқа шығып, Алматыдағы қоймамызға тауарды жеткізіп аламыз. Иә, ке-зінде бізде бірнеше жыл офлайн сауда болды. Алайда 2016 жылы Қытай тарапынан шетелдіктерге қысым басталды. Әр істің қайыры бар демекші, осы кезеңде жұмысымды толығымен онлайнға көшіріп алдым. Нәтижесінде, кешегі карантин уақытында да жұмысымыз тоқтаған жоқ.

– Әңгімеңізден шет елмен байланыс жасау үнемі оңай болмайтынын аңғарып отыр-мын. Осындай қиын істе табысты болуыңыздың сыры неде?

– Бұл, әрине, менің табандылығымда. Адамгершілік, мақсат және құштарлықты бір арнаға тоғыстырып әрекет етемін.

– Адамгершілік деп қалдыңыз. Қаншама клиент сенім артып, тапсырыс береді. Тауарлар кешігіп жататын сәттер де болатын шығар. Сондай кезде клиенттер тарапынан айтылған жағымсыз пікірмен қалай күресесіз?

– Клиенттердің сенбеуін, жағымсыз пікірлерін заңдылық деп ойлаймын. Бірақ олар айтқан пікірлерден мен жаман болып қалмаймын. Керісінше, өз қатемді анықтап, дұрыс жұмыс істеуді үйренемін. Көш жүре түзеледі. Сондықтан мінімді айтқандардан жалыққан емеспін.

– Кімдермен тәжірибе алмасып отырасыз?

– Еліміз күн санап дамып келеді. Көптеген бизнес мектеп бар. Сондай мекемелердің ұстаздарынан үйренгенім көп.

– Бүгінде елімізге Қытайдан тауар тасымалдаушы компания көп пе?

– Көп деп айта алмаймын. Әрі кетсе оншақты компания бар. Ал мен өзіміз секілді компаниялардың көп болғанын қалар едім. Себебі күн санап онлайн саудаға жүгінетіндер саны артып келеді.

– Кәсіпкер болуға әркімнің-ақ бар таласы. Әсіресе, жастардың бойында кәсіпкерлікке құштарлық басым. Сіздің тараптан кеңес болса...

– Кәсіпті бастау оңай болуы мүмкін. Бірақ дөңгелетіп әкету, шығыныңды өндіріп, кіріс кіргізу оңай емес. Сол себептен жас кәсіпкерлерге мықты жоспар, өзіндік стратегия керек. Техниканың дамыған заманында шет қалмаңдар. Әлеуметтік желіде бос отырмай, таргет, жарнама, сілтеме және чат-бот сынды мобильді жүйелермен айналыса біліңдер. Бүгінгі заман осыны талап етеді. Дүниетанымдарынды арттыру үшін кітаптан еш уақытта бас тартпаңдар. Себебі жаһандану дәуірінде теледидар көргендерді кітап оқығандар басқарады. Жоғары оқу орнын оқымасаң да білім көкжиегін жаңартып отыру – табысқа апарар бірден-бір жол.

– Ашық сұқбат үшін алғыс білдіремін!

Жазира БЕКБОЛАТОВА,
Қ.Аманжолов мектебінің
11-сынып оқушысы.
Шардара ауданы
Түркістан облысы

«Ұлан» газеті, №45
10 қараша 2020 жыл

419 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор