• ҰЛАН
  • 09 Қараша, 2020

Balmuzdaq.plus авторлары кімдер?

Әлеуметтік желіні пайдаланушылар соңғы жарты жылда қазақша контенттің дамып келе жатқанын байқайды. Соның бірі – мектеп түлектері мен оқушыларына арналған Balmuzdaq.plus жобасы. Осындай идея қайдан келді? Не себепті Balmuzdaq.plus деп аталады? Жоба қалай іске асты? Осы сұрақтарға Сүлейман Демирел университетінің студенттері әрі жоба авторлары Сұңғат, Алина және Заңғар жауап берді.

– Жоба идеясы қайдан келді?

Алина Жартиева: Біздің жобада үш адам бар. Мен, Сұңғат және Заңғар. Сұңғат екеуміз бір топта оқимыз әрі доспыз. Заңғар бір курс төмен оқиды. Бәріміз журналистика факультетінің студентіміз. 2017 жылы SDU-да «Сөйле» деген газет болған. Газеттің негізін қалаушы әрі редакторы – Оразай Қыдырбаев ағайымыз. Ол кезде Сұңғат екеуіміз 1-курс студентіміз. Командаға қосылу үшін конкурсқа қатыстым.
Оның себебі, журналистикадағы алғашқы қадамым әрі жұмысым сол ұжыммен байланысты болғанын қаладым. Бірақ мен конкурстан өтпей қалдым. Оразай ағай жіберген қателерімді түсіндіріп берді. Екінші рет командаға конкурс ұйымдастырғанда ғана өттім. Сөйтіп «Сөйле» ұжымында болып, журналистикадағы алғашқы қадамым басталды. Біз университеттің өмірі мен студенттік шақ туралы мақалалар жаздық. Арасында үзілістер де болып тұрды. Содан 3-курс оқып жүргенімде, маған Заңғар деген бала хабарласты. Бір курс төмен оқыса да, танитын едік. Сөйтіп маған «Сөйлені» жалғастыруды ұсынды. Әлбетте, мені де осы мәселе мазалап жүр еді. Содан біз «Сөйлені» қайтадан жалғастырып, команда жинадық. Барлық жауапкершілікті өзімізге алдық. Күзде Internews гранттар конкурсы туралы университеттегі Асхат Еркімбай, Аян Ғиззат ағайларымыздан білдік. Командаға Сұңғат қосылды. Солай үшеуіміз жобаны бастап кеттік. Басында сабақпен қатар жобаға үлгеру қиындау болды. Бірақ осы жобаны іске асыру арқылы көп тәжірибе жинадық.

– Не себепті Balmuzdaq.plus деп аталады?

Заңғар Омар: «Сөйле» деген атау біздің жобаның концептісін ашпай тұрғанын байқадым. Содан командамен бір отырыста Balmuzdaq деген атауды ұсындым. «Балмұздақ» деп жан-жақтан бір қалаға келген 1-курс студенттерін атайды. Бұл «перваш» деген атаудың қазақ тіліндегі өз нұсқасы деп айтсақ болады. Оған қоса, балмұздақ жаз мезгілімен байла-нысты. Бұл сөзді естігенде, бір-ден эмоция мен еркіндік деген теңеулер ойға келеді. Біз де осы мақсатта, яғни жастардың еркін болуын, стереотиптерін бұзуға ештеңе кедергі болмауын қалаймыз. Сондықтан біздің атау мен жобаның мақсаты бір болуы керек. Сосын атауға plus дегенді қосып алдық. Disney plus сияқты бізде Balmuzdaq.plus деген жобамыз бар.

– Internews конкурсына қатысу кезеңдері қандай болды?

Сұңғат Анапия: Конкурсқа қатыспас бұрын алдымен форманы толтырдық. Жобаның мақсаты қандай? Оны іске асыру үшін не істейміз? Осындай сұрақтарға жауап жаздық. Екінші кезеңде жобаны толықтырдық. Тақырыптың өзек-тілігін, команданы таныстырдық. Ал үшінші қорытынды кезеңде Internews кеңсесінде қазылар алқасының алдында үшеуміз жобамызды қорғадық. Қосымша сұрақтарға жауап бердік. Жобаның үлгі нұсқасын университет студиясында түсіріп, қазылар алқасына көрсеттік. Жобаның жоспарымен таныстырдық. Қорытынды кезеңге мықтап дайындалдық. Күнде кешке жиналып, бәрін ойластыратын едік. Жобаны қанша минутта қорғап шығатынымызды да есептедік. Бір-бірімізді түсіне бастадық. Идеяларымыз бен ұсыныстарымызды қолдадық. Түні бойы отырып презентация дайындадық. Қазір еске алсақ, ерекше естелік екен. Жобаның қаражатын айта алмасақ та, біз соған контент дайындау үшін камера сияқты керек құралдарымызды алдық. Грантты жеңіп алған соң, оның қаражатына да жауапкершілікпен қарауға тырысып келеміз.

– Balmuzdaq.plus контенті қалай жұмысын бастады?

Алина: Әрқайсымыздың міндетіміз бар. Мен жоба менеджерімін. Сұңғат техника жағынан менеджер болса, Заңғар бас редактор-сценарист әрі SMM маманы ретінде іске кірісіп кеттік. Жоспарда алты сұқбат жариялау бар еді. Ең бірінші сұқбатымыз жарияланды. Наурыз айында жұмысымызды бастағанда корона-вирус пандемиясына байланысты карантин басталып кетті. Жоспарымыздағы тақырыптарды жағ-дайға қарай өзгертіп, офлайн кездесулерді ысырып, онлайн әрбір орындайтын ісімізді ақылдастық. Оған қоса, студиялар да жабық болды. Біраз қиналғанымызды жасырмаймын.

– Жобаны жалғастырасыздар ма?

Сұңғат Анапия: Қарашада, яғни осы айда жоба аяқталады. Жобаны жалғастырғымыз келеді. Бірақ бәрі уақыттың еншісінде. Біз үшін бұл жоба өте ыстық. Командамен жұмыс істеу кезінде тәжірибе жинадық. Жобаға өзгерістер енгізуіміз де мүмкін. Соңғы есепті өткізіп, видео мен бір тікелей эфирді ұйымдастырған соң жобаның мерзімі де аяқталады. Алина екеуміз 4-курс болғандықтан дипломдық жұмысымыз бар. Заңғардың да сабағы көп. Енді бір кездесіп, бәрін ақылдасуымыз керек. Нақты ештеңе айта алмаймыз. Бірақ адамдар бізді осы Balmuzdaq.plus арқылы таныса екен дейміз. Бізді Balmuzdaq.plus-ты жасаған адам деп емес, сол жобаның идеясын іске асыра алған адам ретінде білгенін қалаймыз.

– Жарайсыңдар, достар! Істеріңе береке берсін!

Сұқбаттасқан
Назым Сапарова

«Ұлан» газеті, №45
10 қараша 2020 жыл

68 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Қарашаңырақтағы қос премьера
Келесі мақала Кәсіпкерден құнды кеңес

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор