• ҰЛАН
  • 02 Қараша, 2020

Жігітім тастап кетті...Енді не істеймін?

Екі ай бұрын бір мұғалім хабарласты. «Жадыра, сіздердің газетіңізге шыққан оқушым есіңізде ме? Өзі сондай тұйық еді ғой. Қазір 2-курста оқып жатыр. Жақында көшеден көріп қалдым. Алыстан жүгіріп келіп, құшақтап амандасты. Сосын уотсабыма хат жазып жіберіпті. Сол қызға көмек керек. Кеңес беріңізші. Өтініш», – дейді. Ол қызға барынша қолдау көрсетуге тырыстық. Жігерлендіретін сөздер айттым. Ол қыздың атын мұнда атамаймыз, әрине. Өйткені газетті тұрақты оқып жүргендер арасында кім болды екен деп қызығушылықпен қарайтындар болуы мүмкін. Тіпті мақала жаза ма, өлең шығара ма, сурет сала ма, оны да құпия қалдырдым. Қанша уақыттан бері сол қыздың хаты жадымнан өшпей қойды. Хаттың мәтіні төмендегідей еді...

«Сәлеметсіз бе, апай! Сізге ашылып сырымды айтсам деймін. Қатты қиналып жүрмін. Мені жігітім тастап кетті. Бізде жақын қарым-қатынас болған. Ол маған «енді мені мазалама» деп айтты. Қазір оның басқа қызы бар. Мен оған дейін ешкіммен жақын қатынаста болған емеспін. Енді қалай өмір сүремін? Қатты қиналдым. Не істесем болады? Мен оған қатты сеніп едім. Жүріп жүргенде осындай жағдайға ұшыраймын деп мүлде ойламадым да. Неге ол мені жақсы көрмей, басқаға кетіп қалды? Мамамды аяймын. Оның бары да, нары да мен ғой. Өзіміз үлкен қалада әрең өмір сүріп жүргенде... Мен оқуға түскенде қатты қуанып еді. Ал мен үлкен өмірге аяқ баса сала қателік жасадым. Ішімде от жанып жатқандай. Оны қалай қайтарам, болмаса қалай ұмытам? Миым жарылып кететін сияқты. Не істеймін? Айтыңызшы...». 

Хатты мамандарға оқытып, кішкене болсын көмектескім келді. Әрі басқа қыздарға да бұл қыздың басындағы жағдай сабақ болар деп ойладым.

Иә, жас ару, сен де әне-міне дегенше үлкен өмірге қадам басасың. Өмірден сүрінбегеніңді қалар едім. Сондықтан да осы мақаладағы әрбір сөзді түсініп оқып шығуыңды өтінемін. Мамандар жігітпен жүргенде нені ескеру керек, алданып қалған жағдайда депрессиядан қалай шығу керек, ары қарай не істеген жөн деген сұрақтарға жауап береді.

Ержан МЫРЗАБАЙ, психолог:

Тұрмысқа шықпай тұрып, ешбір жігітке сенбе

Болған нәрсе болды. Қазір қанша уайымдаса да, ойласа да, қиналса да, өткенді өзгерте алмайды. Соны ойлап депрессияға түсе берсе, бұдан да үлкен зиян шегеді. Бұл қыздың өзін-өзі бағалауы өте төмен екені байқалады. Өзін төмен бағалайтын адамдар жігіт пен қыз боп жүргеннен кейінгі айрылысу процесін өте ауыр қабылдайды. Сондықтан бұл қызға ең әуелі өзін-өзі жақсы көруді, сыйлауды үйрену керек. Біреуге ғашық болды, пәктігінен айырылып қалды, алданды. Бірақ адамның бойында одан да басқа өзін жақсы көруге, құрметтеуге болатын көптеген жақсы қасиет бар. Сол ерекшеліктеріне назар аудару керек.

Анасына ештеңе айтудың қажеті жоқ. 2-курс студенті кәмелет жасына толған, ересек адам ғой. Әр ісіне өзі жауапты болуы тиіс. Қызға қолдау көрсететін, мотивация беретін ата-ана болмаса, басындағы жағдайды айтудың мүлде қажеті жоқ. Қыздың осы жағдайда «анам не дейді?» деп уайымдауы ата-ана тарапынан қолдау көрмейтінін, жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбегенін көрсетеді. Байқауымша, ата-анасының негізгі мақсаты – ақша тауып, баланы қамтамасыз ету. Сондықтан ата-анасына айтқаннан жағдайы түзеліп кетпейді.

Жігіттердің бәрі бірдей емес. Өзін-өзі дұрыс бағалай білсе, сыйлайтын, оны қандай қалпымен де қабылдайтын ер азамат міндетті түрде кездеседі. Өзін тастап кеткен жігітке хабарласып, жылап, намысын таптағанша, ол әдетті қойып, өзін дамыту керек. Кей кезде адам баласының өміріндегі қиын ситуациялар үлкен ерлік, өзгерістер жасауға жігерлендіреді. Өзін дәлелдеймін деп жақсы жұмыс істеп, оқып, бизнеспен айналысып, жетістікке жететіндер көп. Өйткені бізде позитив энергия және негатив энергия бар. Позитив энергия – көңіл-күйдің жақсы болған кезі. Негатив – ашу-ыза, жеккөру сезімдері. Негатив те адамға энергия береді. Оны дұрыс жаққа бағыттаса, яғни оқып, жұмыс істеп, хоббимен айналысса, жетістікке жетуге мүмкіндік туғы-зады. Өзін дәлелдеп, жетістікке жеткенде, жігіт қыздың алдына айналып келуі мүмкін. Сол кезде қарамағаны дұрыс. Сол жігітке ерегескенде үлкен жетістікке жетуге ұмтылу керек. Қазір қайғы-лы жағдай неге оған қатты әсер етіп жатыр? Өйткені бұдан асып түсетін жетістігі жоқ. Егер бұдан асып түсетін жетістігі болса, пози-тив негативтің салмағын басады.

Тап қазір бұл ситуациядан айығу үшін ол қыз нені ұнатса, сонымен айналысуы керек. Спортпен айналыс десек, оған спорт ұнамауы мүмкін. Кітап оқы десек, жалығып кететін болуы мүмкін. Мүмкіндігінше айналысатын хоббиі адамдармен бірге істелінетін іс болуы керек. Мысалы, биге бару, домбыра тартып үйрену, шахмат ойнау деген секілді біреумен бірге жасайтын хобби таңдауы керек. Тренингтерге қатыссын, яғни көпшілік орында жүргені абзал.

Қыздар алданып қалмас үшін не істеуі керек?

Жігіт пен қыз жүргенде, қарым-қатынастан күтетіні, ішкі инстинктері әртүрлі болады. Қыздар қарым-қатынаста көбіне эмоцияға беріледі. «Бұл жігіт менің болашақ жарым. Біз мәңгілік бірге боламыз. Балаларымыз болады» деген сияқты қиялдайды. Ал жігіттердің көбі қызға жыныстық тұрғыдан қарайды. «Бұл қыз менің жарым болады. Бірге бала тәрбиелейміз» деп ойламайды. «Әдемі қыз екен» деп қарайды. Жыныстық тұрғыдан тартымды көреді. Тәрбие көрмеген, ар-намысы төмен жігіт болса, «осы қызбен қалайда төсектес болсам» деген ойда болады. Сондықтан қыздар отбасы құрғанға дейін ешкімге сенбеуі керек, төсек қатынасына бармауы қажет. Қанша жақсы көрсең де, үйленгенге дейін ешбір жігіт төсекті бөлісуге тұрмайды. Жігіт: «Менімен жатпасаң, менімен пәтерге не қонақүйге бармасаң, онда сен мені жақсы көрмейсің, маған сенбейсің» деп манипуляция жасауы мүмкін. Сондай кезде қыз: «Егер біздің қарым-қатынасты төсекпен ғана өлшейтін болсаң, жолың ашық», – деуі керек. Мұндай жігітпен болашақ құрып қажет емес. Керісінше, мұндай жігіттерден ертерек құтылған жақсы.

Жігіттерге отбасында жылулық көрмеген, ата-анасымен қарым-қатынасы нашар қыздар алданып қалады. Кішкене жылулық көрсе, оны арғы жағындағы жаман пиғылдан айыра алмайды. Сол үшін оқумен қатар, әр қыз өз-өзімен жұмыс істеуі, дамытуы керек. Өзін дамытуды қолға алған қыздың жігіттің қармағына ілігіп қалуға уақыты да болмайды. Өзін-өзі жоғары бағалай білсе, қыздар алданбайды.

Айман ЖЕТПІСБАЕВА, «Мақсат мед» медицина орталығының I дәрежелі дәрігер-гинекологы:

Жылына екі рет тексеруден өтіп тұр

Негізі 17-18 жаста қыздың дене бітімі, организмі, жыныстық жетілуі толық қалыптасып бітеді. 19-20 жас ара-лығы толыққанды бала көтере алатын жас деп саналады. Бірақ, 19-20 жаста жыныстық қатынасқа түсуге болады екен деп, некесіз төсек қатынасын жасауға болмайды. Әрине, бұл менің жеке пікірім. Біздің ұлт ретінде басқадан ерекше тәрбиеміз, дәстүріміз бар. Сондықтан мұның бәрі қыздың болашақ өміріне қатты әсер етеді.

Хаттағы қыздың басындағы жағдай қазір көп қызда кездеседі. Қыз тәрбиелеп отырған отбасы қыздың денсаулығына, тағдырына жауапкершілікпен қарағаны абзал. Мәселен, анасы немесе әпкесі, жеңгесі 12-13 жасқа келген қызды гинеколог маманға ертіп апарып, алғашқы тексеруден өткізіп алғаны дұрыс. Солай оның физиологиялық дамуы қалай жүріп жатқанын білуге болады. Өйткені суықтап қалып, жағдайын асқындырып алатындар да кездеседі. Ол кезде қыздың жыныс мүшесінен сұйықтық бөлінеді. Көп бөлінбесе, иісі шықпаса, түсі бүлінбесе, бұл қалыпты жағдай. Өсіп келе жатқан қыздың шағымы да болуы мүмкін. Мәселен, етеккір циклі дұрыс болмай жатса, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Кәмелет жасқа толғанша қамқоршы адаммен дәрігерге бірге барғаны абзал. Алданып қалған, зорланып қалған жағдайда, сондай-ақ бірінші жыныстық қатынастан соң қыз міндетті түрде гинекологқа қаралу керек. Өйткені жігітте қандай ауру бар екенін білмейді ғой.

Яғни, инфекция жұқтыруы мүмкін. Кейбір жағдайда бірінші төсектен кейін-ақ қыздар жүкті болып қалады. Ондай кезде дәрігерге 72 сағаттың ішінде қаралуы тиіс. Бірінші жыныстық қатынастан соң қыздың организмінде көп өзгеріс болады, әйел кезеңіне өтеді. Мына жағдайдағы қызға да дәрігерге баруды, инфекцияның түрлеріне анализ тапсыруды ұсынамын. Жыныстық қатынасқа түскен қыз жылына екі рет гинеколог тексеруінен, сондай-ақ шағымы болған жағдайда (мәселен, етеккірі уақытылы келмесе немесе жыныс мүшесінен бөлінетін сұйықтыққа ірің, қан араласып келсе), алты айды күтпей-ақ, бірден дәрігерге барғаны жөн.

Құрметті жас ару, сенің өмірің осымен тоқтап қалған жоқ. Ары қарай өмір сүру керек. Өміріңді жаңа парақтан баста. Психологқа да бар. Енді тұрмысқа шыққанша бейберекет жыныстық қатынаста болудан сақтан. Төсек қатынасына түспесең де, жылына бір не екі рет дәрігерге қаралып тұр.

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №44
3 қараша 2020 жыл

2548 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор