• Әуез
  • 27 Қазан, 2020

Әлеуметтік желі арқылы танылу трендке айналды

«Ұланның» өткен сандарында жетігенші Гауһартас Космоновқызымен, танымал виолончелист Бағжан Октябрьұлымен ерекше сұқбатты назарларыңызға ұсынған едік. Жақында оқырманның қалауымен қобызшы Жанна Ниязовамен әңгіме құрдық. Жаннаның әсерлі әңгімесі, анасы мен әжесінің тағдыры мені шынымен де таңғалдырды.

– Мектепте ең алғаш қылқобыздан бұрын прима қобызды үйренген екенсіз. Прима қобызға қызығушылық неден пайда болды?

– Сіздерге отбасылық ерекше үрдісімізді айтып өтейін. Кезінде менің әжем дәрігер болуды қатты армандаған екен. Алайда әжем ол заманда оқи алмай, дәрігер бола алмады. Кейін анам әжемнің бағыт-бағдары бойынша дәрігер атанды. Негізінде анам музыкант болғысы келген екен. Анам-ның да аңсаған арманы орындалмай, кейін мені музыка мектебіне берді. Алдымен анам әпкемді домбыра сыныбына апарды, кейіннен прима қобыз аспабынан жаңа мұғалім келгенін айтып, мені прима қобыз сыныбына оқуға берді. Ең алғаш қолыма прима қобызды ұстап көріп, аспапқа қатты қызықтым. Ол кезде мен 3-сыныпта оқитын, тоғыз жастағы бүлдіршін едім. Музыка мектебінде жеті жыл оқыдым, П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінде төрт жыл оқыдым. Ал қазіргі таңда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық кон-серваториясының бірінші курс студентімін.

– 1934 жылы А.Жұбановтың жетекшілігімен Құрман-ғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі құрылғаны белгілі. Осы шақта оркестрге лайықталып, прима қобыз аспабы жасалды. Аспаптың нәзік үні мен табиғаты скрипкаға ұқсас. Алайда бұл аспаптың ХХI ғасырда халық арасында аса танымал болмауының себебі неде деп ойлайсыз?

– Бұл пікіріңізге келісе қоймаймын. Алматыдағы, басқа да өңірлердегі музыкалық колледждерде, консерваторияда прима қобыз, қылқобыз аспаптарын оқытады, жеке кафедралар ашылған. Сонымен қатар, қазір шетелдік байқауларда, әлемдік сахналарда прима қобыз аспабын насихаттап, аспапты танытып жүрген музыканттар жетерлік. Осы орайда «Тұран» ансамблін атап кеткенді жөн деп санаймын. «Тұран» этнофольклорлық ансамблінде қылқобыз аспабының орны ерекше. Байқауымша, прима қобыз аспабына қарағанда қылқобыз танымал болып келеді. Болашақта прима қобыз аспабының да көпшілікке таңсық болмайтынына сенімдімін.

– Қазір музыканттардың бәрі әлеуметтік желі арқылы жастар арасында танымалдыққа ие болып жатыр. Танымал болу заман талабы ма?

– Иә, қазір әлеуметтік желі арқылы танылу трендке айналды. Бұл карантиннің пайдасы деп санаймын. Музыканттардың, ансамбльдердің көбі онлайн форматта жұмыс істеп жатыр. Қанша дегенмен, өнер адамы киелі сахнаны аңсайды. Жастардың карантин жағдайында кавер түсіріп, парақшада бөлісуі – заман талабы, сонымен қатар, шығармашылықты дамытуға ерекше мүмкіндік.

– Прима қобызда және қылқобызда орындаған шығармаларыңызды екі топқа бөліп, екі түрлі парақшада халыққа ұсынып жүрсіз. Басты мақсат қандай?

– Орындаған туындыларымды екіге бөлуімнің себебі – жанрына байланысты. Қылқобызда қазақ әндерін, ұлттық күйлерді орындау мақсатында Instagram және YouTube желісінде парақшамды аштым. Ал прима қобызда шетелдік әндерді және k-pop жанрында жаңа әуендерді жазып жүрмін. Халықтың қызығушылығына қарай таңдап-талғап тамашалайды деген ниетпен екі парақшаны қатар дамытып жүрмін. Менің басты мақсатым – қазақ аудиториясымен шектеліп қалмау, екі жанрда да өзімді дамытып, қос аспапты барша әлемге таныту, қазақ өнерін шетелге насихаттау.

– Билегенді ұнататын сияқтысыз. Біз білмейтін басқа қандай қырларыңыз бар?

– Билегенді жаным сүйеді. Көп хоббиімнің бірі болғанмен, өзім үшін ғана билеген ұнайды, әзірге би өнерін дамыту ойымда жоқ. Қазіргі таңда әшекей бұйымдарды өз қолыммен жасаумен айналысып жүрмін. Өзімді асүйдің ханшайымы демесем де, әртүрлі тәтті тағамдарды, десерттерді дайындауда алдыма жан салмаймын. Бос уақытымды тіл меңгерумен өткіземін. Жақында корей тілінің бірінші деңгейін аяқтадым. Жоғарыда айтып өткенімдей, әпкем фольклорлық аспаптарда ойнайды. Әпкемнен жетіген, шаңқобыз, сазсырнай сынды аспаптарды меңгеріп алу жоспарымда бар.

– Отбасында басқа музыкаға жаны жақын балалар бар ма?

– Әпкем музыкалық мектепте бес жыл домбыра сыныбында оқыды, би және вокал үйірмелеріне қатысты. Әпкем домбыра сыныбын тәмамдаған кезде, мен прима қобыз аспабына бардым. Менен кейін сіңлім бар. Сіңлім де музыкалық мектепте прима қобыз аспабын меңгеріп шықты. Алайда оның арманы мүлдем басқа, қазір аспапта ойнауды қойып кетті.

– Анаңыздың бағыт-бағдарымен музыкалық мек-тепте оқымағанда, қандай салада қызмет етер едіңіз?

– Егер анамның нұсқауымен музыка саласында білім алмаған болсам, шет тілдерін меңгеруге күш салар едім немесе аспаздық өнерде өзімді шыңдар едім. Анамның осы жолды таңдауыма жол ашқанына ешқашан өкінбеймін. Себебі маған музыка саласы ұнайды. Осы салада тек жоғары жетістікке жетіп, мақсаттарымның орындалатынына сенімдімін. Анамды жетістіктеріммен қуантқым келеді. Жеті жыл бұрын «Дружные ребята» газетіне берген сұхбатымда П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне оқуға түсу арманым екенін айтқан едім. Ол кезде кішкентаймын. Ал қазір армандарымның біртіндеп орындалып жатқанын байқадым. Мұның бәрі талмай еңбектенудің арқасында!

– Өнер жолындағы ең үлкен жетістігіңіз?..

– Өнер жолында ең үлкен жетістігім болды деп сана-маймын. Себебі мен әлі оқу процесіндемін, мол тәжірибе жинауым керек. Енді ғана Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бірінші курс студенті атанған-дықтан, әлі талай еңбектенуім керек. Қазіргі уақытта даму үстіндемін. Ал бүгінгі күнге дейінгі жоғары жетістігім жайлы айта кетсем, бірнеше республикалық музыкалық конкурстан жүлделі орындарды еншіледім. Музыкалық мек-тепте оқығанымда оркестр, ансамбль, хордың құрамында жүріп, барлық іс-шарада өзімді шыңдауға тырыстым. Байқауларға 2011 жылдан бастап қатысып жүрмін. «Жас талант» конкурсына үшінші сыныпта оқып жүргенде қатысып, үшінші орын алдым. Араға екі жыл салып сол байқауға тағы да қатысып, бірінші орынға ие болдым. «Асыл мұра» халықтық дәстүрлі ән және аспапта орындаушылардың VIII Республикалық ән-би байқауының «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша бірінші дәрежелі лауреат атандым.

– Жанна, әсерлі әңгіме үшін көп рақмет! Тек биіктен көрінуіңізге тілектеспіз!

– Рақмет!

Айсұлу СЪЕЗХАН,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №43
27 қазан 2020 жыл
  

584 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор