• Әуез
  • 16 Қазан, 2020

Қарақат БАШАНОВА, Junior Eurovision-2020 Халықаралық ән байқауының қатысушысы: «Лирикалық әндер көбірек ұнайды...»

Сәлем, «ұландық» достар! Бүгінгі сұқбатымыздың қонағы енді ғана жарқырап келе жатқан ерекше дарын иесі деп айтсақ, аса қателеспейміз. Биыл Junior Eurovision-2020 Халықаралық ән байқауына ел үмітін арқалап, әлемдік аренада ән салатын қатысушы белгілі болды. Ол – Қарақат Башанова. Жағымды жаңалықты естіп, бірден хабарласқан болатынбыз. Жақында газетіміздің Инстаграм желісіндегі парақшасында болашақ жұлдызбен сұқбат жүргіздік. Сұқбатымыз барша оқырманға ерекше әсер қалдырды деп үміттенеміз. Айтпақшы, сұқбат соңында Қарақат байқауда орындайтын әнін нақышына келтіре айтып берді. Әсем дауысымен бізді ғана емес, келешекте бүкіл әлемді бағындырады деген сенімдеміз!          

Ұлан: Қайырлы кеш, Қарақат! Ең алдымен ұлттық іріктеудегі жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймыз! Көп ұзамай әлемдік деңгейдегі үлкен додада бақ сынағалы отырсың. Дайындығың қалай жүріп жатыр?

Қарақат: Дайындығым керемет жүріп жатыр. Күнделікті вокал, актерлық шеберлік бойынша дайындық жүргіземін. Әр күні түсірілім жұмыстары жүреді. Вокал күніне екі рет өтеді, сабақ беретін ұстазым – Жасұлан ағай. Сабақты өте керемет түсіндіреді. Қазір Мәскеуде ірі жобаларға қатысып жүр. Мен секілді балаларды вокал сабағынан дайындайды.

Ұлан: Forever деп аталатын композиция сенің ұлттық іріктеуде жеңіс тұғырынан көрінуіңе алып келді. Алдағы уақытта музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен ән шырқау жоспарыңда бар ма?

Қарақат: Менің арманым – скрипкамен үлкен сахнаа ән орындау. Скрипканы жеті жасымнан бастап үйрендім. Бұл аспапта ойнау қиын екеніне қарамастан, скрипка маған қатты ұнайды. Ал жалпы аспаптарға келер болсақ, домбыраны жақсы көремін. Өкінішке қарай, керемет ойнай алмаймын. Келешекте оны да үйренгім келеді.

Ұлан: «Balapan» телеарнасында көрсетілген «Ақ құс» сериалының саундтрегін орындадың. Ол ютуб желісінде миллионнан астам қаралым жинап үлгерді. Осы әннің шығу тарихы жөнінде баяндап берсең.

Қарақат: Біз «Junior Eurovision» байқауына қатыспақ болғанбыз. Ол жерде тек қана авторлық әндерді орындау қажет болатын. Сол кезде Ақнұр апайым бізді Ұшқын Жамалбек ағамызға алып барды. «Отан» әнін жаздық. Ұшқын ағаға менің дауысым ұнаған екен, сосын ол маған «Ақ құс» сериалының кастингіне барып, бағымды сынап көруге кеңес берді. Композитордың кеңесімен кастингке бардым. Өкінішке қарай, режиссерге менің актерлық шеберлігім ұнамады. Бірақ режиссерге дауысым ұнады. Сондықтан ол маған сериалдың саундтрегін орындауға ұсыныс жасады. Осылайша «Ақ құс» туындысы жарыққа шықты.

Ұлан: Бос уақытыңда немен айналысасың?

Қарақат: Шыны керек, менде қазір бос уақыт жоқ. Себебі күнде вокал, арнайы сұқбаттар өтеді. Оның арасында мектептегі сабағымнан бөлек, музыкалық қосымша сабақтарыма барамын. Демалыс күндері көбіне музыка тыңдаймын. Карантин басталғанға дейін бос уақытымда Мұхтар Әуезов атындағы театрға баратынмын. Ең соңғы көрген спектаклім – Ғабит Мүсірепов театрында қойылған «Құлагер» спектаклі. Қысқаша мазмұнына тоқталсақ, ол жерде басты кейіпкер өз атының бәйгеде жеңгенін қалайды. Сондықтан Ақан серінің атына қастандық жасайды. Театрға барған қатты ұнайды. Қолым босаған кезде сурет саламын, би билеймін.

Ұлан: Бұл байқауға дейін біршама ауқымды жобаға қатыстың. Мәселен, «Бақытты бала-2019» байқауы. Сол байқауда қандай әндер орындадың?

Қарақат: «Бақытты бала» байқауы Ақтөбе қаласында өткен болатын. Біз онда екі композиция орындауымыз қажет болды. Біріншісі ана тілімізде, ал екінші ән шет тілінде болуы керек екен. Қазақ тілінде халық әні  «Желкілдекті» орындадым.  Әнді скрипкамен сүйемелдеп орындадым. Екінші кезеңде әлемге танымал әнші Уитни Хьюстонның репертуарынан бір ән орындадым. Лирикалық әндерді орындағанды жақсы көремін. Бұл ән кең диапазонды қажет ететін туынды.

Ұлан: Димаш ағамыздың қолдауымен өткен бұл байқауға қатысу – әрбір баланың арман-тілегі. Бұл байқау саған қандай мүмкіндіктер берді?

Қарақат: Бір қызық айтып өтейін. Бұл байқаудың арқасында мен Димаш ағамыздың қарындасы Раушан Құдайбергенмен таныстым. Еліміздің әр аймағынан достар таптым. Біршама тәжірибе жинадым.

Ұлан: «Бала дауысы-2018» ұлттық балалар әндері байқауының қатысушысысың. Жыл сайын өтетін бұл жобаға қатысу мүмкіндігіне қалай ие болдың?

Қарақат: «Бала дауысы» байқауының бірінші кезеңі онлайн түрде өтті. Біз ол жерде өтінім бердік. Бес мың баланың ішінен сексеннен аса өнерпазды іріктеп алды. Біз қазақша, шет ел тілінде және акапелла түрінде өнер көрсетуіміз қажет болды. Іріктеуден сүрінбей өткеннен соң, астанамызда финал өтетін болды. «Бала дауысы» байқауының ұйымдастырушылары менің бүгінгі жетістігіммен құттықтап, ақ тілегін жаудырды. Осы сәтті пайдаланып, оларға алғысымды білдіргім келеді.

Маған көбіне лирикалық бағыттағы әндерді орындаған ұнайды. Бірде джаз бағытындағы әнді тыңдап көрген едім, қатты ұнап қалды. Сосын классикалық бағыттағы әндерді жиі айтамын. Себебі мен скрипкада ойнаймын.

Ұлан: Кітап оқисың ба? Қандай жанрдағы кітаптар оқығанды жақсы көресің?

Қарақат: Иә, әрине, оқимын. «Гарри Поттер» сериясымен шыққан  кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Бұл кітаптан алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын.

Ұлан: Өзің қатысқан байқауларда ерекше есіңде қалған қызықты, жылы сәттер бар ма?

Қарақат: «Бала дауысы» байқауында бірнеше күн «Жұлдызды үйде» дайындықта болдық. Сол кезде дәл қазіргі «Junior Eurovision» байқауының концертін достарымызбен отырып тамашаладық. Барлығымыз бірауыздан Данэлияға дауыс бердік. «Көктөбеге» бардық. Осы сәттер менің жадымда ерекше сақталып қалды.

Ұлан: Оқу үлгерімің қалай?

Қарақат: Оқу үлгерімім жақсы. Бірақ мектептегі сабақтан бөлек жан-жақты қосымша сабақ алатын болғандықтан, үлгеру кішкене қиындық тудырады. Соған қарамастан сабақ үлгерімім қалыпты деп айта аламын.

Ұлан: Сольфеджио сабағын жақсы көреді екенсің. Бұл сабақ саған несімен ұнайды?

Қарақат: Бұл сабақта біз музыканы тереңдетіп оқимыз. Интервал, аккорд, гамма секілді теориялармен танысамыз. Бұл біз үшін өте маңызды сабақ. Себебі ол жерде бүкіл аспап сольфеджиомен тығыз байланысты. Интервалды сольфеджиода өтетін болсақ, скрипкада сол интервалды ойнаймыз.

Ұлан: Алға қойған қандай жоспарларың бар?

Қарақат: Бізде түсірілімге дайындық жүріп жатыр. Барлық уақытым мен күш-жігерімді салып, алдағы үлкен додаға үздіксіз дайындық жасап жатырмын.

Ұлан: «Ұлан» оқырмандарына айтар жылы лебізің болса, мархабат.

Қарақат: «Ұлан» газетінің тілшілеріне тек қана шығармашылық табыс тілеймін! Газеттің таралымы күн сайын көбейіп, табыстарға қол жеткізе бергейсіздер. Оқырманға тілерім – әрдайым алдыңғы орында жүріңіздер, өздеріңізді байқауларда сынап көріңіздер. Жеңімпаз атаныңыздар!

Ұлан: Әңгімеңе рақмет!

Алтынай Бауыржанқызы,

«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №42
20 қазан 2020 жыл
 

614 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор