• Толағай
  • 13 Қазан, 2020

Жастар жанбаса жалындап, қазақ футболының болашағы қалай болмақ?..

Қазақ футболының болашағы саналатын жастар құрамасының Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алатын мүмкіндігі болған еді. Бірақ сол үмітті сөндіріп алдық...

Қазақстан УЕФА құрамына кірген 2002 жылдан бері 21 жасқа дейін  жастар құрамасы 9 рет Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысыпты.

Жастарымыз кәрі құрлықтағы ең алғашқы ойынын 2004 жылы 7 қыркүйекте Украинамен өткізген. Сол уақыттан бері Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне қатысуға ең керемет мүмкіндік осы жолы болып еді. Бірақ тағы да пайдалана алмадық.

Жастар арасындағы «ЕУРО-2021» чемпионатының іріктеу кезеңіне 1998 жылдан бері қарай туғандар қатыса алады. Қазақстан құрамасын осы іріктеуге алғашында Александр Москаленко дайындаған. Оның кезінде 5 ойында 7 ұпай жинағанбыз. Біздің топта Испания, Солтүстік Македония, Черногория, Израиль, Фарер аралдарының жастары бар. Бірақ Москаленко «Тобыл» командасының бас бапкерінің көмекшісі болып қызмет ауыстырды. Сосын оның орнына биыл Алмас Құлшынбаев тағайындалды. Құлшынбаев үш ойынның екеуінде ірі есеппен жеңілді. Тек сырт алаңда Израиль жастарынан 3 ұпай еншілегенін бас бармақпен бағалауға болатын шығар.

Неге екені түсініксіз, жастарымыз өз жерімізде ойнай алмай жүр. Осы іріктеуде Алматыдағы да, Нұр-Сұлтандағы ойында бірде-бір ұпай жинаған жоқ. Есесіне, сырт алаңда 10 ұпайға қол жеткізді.

Құлшынбаевтың қол астындағы жігіттерге Израильдегі жеңістен кейін сенгендей болғанбыз. Бірақ Алматыдағы Орталық стадионда Солтүстік Македониямен өткен кездесу 1:4 есебімен аяқталып, салымызды суға кетірді. Топтағы екінші орынға дәмеленіп жүргенде, төртінші орынға бір-ақ сырғыдық.

Матч қарсаңында дәл осындай сценарийді күтпегеніміз жасырын емес. Қарсыласымыз, Испания немесе Франциядан келгендер емес. Балтық жағалауындағы футболшы жігіттер. Солардың өзімен кемі тең ойын көрсете алмадық. Бір жыл бұрын Скопье қаласындағы алғашқы матчта 1:1 есебімен тең тарқасқан болатын.

Бұл жолы қонақтар кездесу тізгінін алғашқы минуттан қолға алып,  бірінші таймда-ақ мәселенің біразын шешіп тастады. Алдымен 38-минутта Чурлинов деген ойыншысы біздің екі футболшымыздан өтіп кетіп, есепті ашты. Қақпашы Мұхаммеджан Сейсенде ешқандай мүмкіндік болмады. Араға үш минут салып, Талғат Кусяпов айып алаңының ішінде тәртіп бұзды. Төреші пенальти белгіледі. Нүктеге келген Атанасов қақпашыдан  кері серпілген допты голға айналдыра білді.

Еікнші таймның бас жағы да тағы да сол Чурлинов белсеніп, дубльдің авторы атанды. Бұл футболшы 2000 жылы туған. Футболдағы тәлім-тәрбиені Германиядан алған. Бұған дейін «Кельн» клубында, қазір «Штутгарт» сапында ойнайды.

Әйтеуір, 52-минутта Қазақстан шабуылшысы Оралхан Өміртаев есепті бір допқа қысқартқан. Оралхан былтыр да осы Македониямен ойында жалғыз голды соққан еді. Арада үш минут өткенде, Құлшынбаев шәкірттерінің тағы керемет мүмкіндігі болған. Төреші қарсыластың қақпасына пенальти белгілеген. Бірақ жұрт мақтаған «Қайраттың» шабуылшысы Артур Шушеначев мүлт кетті. Дәл осы сәтте Оралхан Өміртаев та екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Әрі қарай жігіттердің «сынып» қалғаны байқалды. 11 ойыншымен жүріп, 3 гол жіберген командаға 10 футболшымен оңай соқпады. Сосын 67-минутта Митровский есепті 4:1-ге жеткізіп, мәселені толығымен шешті. Қырсыққанда 70-минутта қорғаушы Рауан Орынбасар да командаластарын қиын жағдайға қалдырды. Матчтың соңғы 20 минутында команда 9 футболшымен ойнады.

Бәлкім, Шушеначев есепті теңестіргенде бәрі басқаша болар ма еді? Содан кейін алаңнан ойыншыларымыз қуылды. Мұның бәрі команданың психологиялық тұрғыдан дайын емес екенін байқатады.

–   Жаттығу, ойынға деген құлшынысқа байланысты ешқандай мәселе болған жоқ. Әрине, мұндай жағдайда тек болжам жасай аламыз. Енді кеткен қателікті талқылаймыз. Бірінші тайм өте ұят болды. Үзілісте қорықпай ойнаңдар дедім. Екінші кезеңде қолдарынан келгенін жасады. Мінез көрсетіп, ойнай бастады. Бұл жерде оларға ешқандай кінә арта алмаймыз. Пенальти соға алмауымыз –  ойын тағдырын өзгертіп жіберді. Егер пенальтиден гол кіргенде бәрі басқаша болушы еді. Тіпті 9 адаммен жүріп, комбинациялар ұйымдастыра алдық. Мұндай белсенділік ойынның басында жетіспеген еді. Қорқып ойнады дей алмаймын, бірақ жігіттер алғашқыда жанып кетті. Алаңға шығып, мәселені бірден шешеміз деп ойлайды. Сол ойынмен жанып кететін сәттер футболда кездеседі,дейді Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Алмас Құлшынбаев.

Кезінде Азия құрлығында жүргенде 1999 жылы жастарымыз Нигерияда өткен әлем чемпионатына қатысқан. Сол жетістікті Еуропада жүріп, қайталайтын сәт қашан туар екен? Әлде сол кездегі Әлихан Аққазынов, Ерлан Оразаев, Евгений Тарасовтардың бүгін ізбасарлары әлсіз бе?

Қазақстан U-21 – Солтүстік Македония U-21 – 1:4

Голдар:Чурлинов, 38 (0:1). Атанасов, 42 (0:2). Чурлинов, 48 (0:3). Өміртаев, 52 (1:4). Митровски, 67 (1:4).

Пенальти соға алмады: Шушеначев, 55 (Қазақстан).

Алаңнан қуылды: Өміртаев, 56. Орынбасар, 70 (екеуі де – Қазақстан).

Қазақстан U-21: Мұхаммеджан Сейсен  (К), Талгат Кусяпов (Роман Асранкулов, 46), Рауан Орынбасар, Әлібек Қасым, Аслудин Хаджиев (Дінмұхамед Қашкен, 70), Эльхан Астанов (Наурызбек Жагоров, 46), Адам Адахаджиев, Акмаль Бахтияров (Данияр Үсенов, 40), Еркебұлан Сейдахмет (Рамазан Кәрімов, 78),Артур Шушеначев, Оралхан Оміртаев;

Солтүстік Македония U-21: Ристо Янков, Филип Антовски (Томче Гроздановски, 73), Агрон Руфати (К), Эсмин Личина, Тодор Тодороски, Давор Здравковски, Яни Атанасов, Эртон Дачи (Боян Миовски, 62), Дарко Чурлинов (Лявдрим Фазлию, 83), Димитар Митровски (Кристиян Ацковски, 74), Марко Гьоргиевски (Давид Тошевски, 62);

Бек Төлеуов

«Ұлан» газеті, №41
13 қазан 2020 жыл

324 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор