• ҰЛАН
  • 13 Қазан, 2020

Жас тілшіліктен бас тілшілікке дейін

Биыл «Ұлан» газетінің жарық көргеніне 90 жыл толды. Газеттің Қазақстандағы жас буынның өмірдегі бағыт сілтер кеңесшісі, қолұшын берер көмекшісі, ой бөлісетін сырласына айналғанына да 90 жыл. Қанша журналист, қайраткер, ғалым осы газет арқылы танылып, өнер жолын бастады. «Ұланды» оқып өскен ұрпақ патриот, саналы, сыни ойлай алатын азамат боп ержетеріне сенім мол. Оған өмірден келтіретін нақты дәлел де көп.

Кезінде «Ұланның» жас тілшісі атанғандар қазір қазақ журналистикасында еңбек етіп жүр. Соның бірі – «Талғар» газетінің бас редакторы Бақтияр Мырзаханұлы Қабасов. Ол жас тілшіден бас тілшіге жету жолы туралы былай баяндап берді.

Қолдан жасалған куәлік

Бақтияр Мырзаханұлы: 1985 жылы 15 қыркүйекте Алматы облысы Сарқан ауданының Қарабөгет ауылында өмірге келдім. Балалық шағым ата-анамның жанында өтті. Менен үлкен аға-әпкелерім мектеп бітіріп, қалаға оқуға кеткен. Әкем, анам үшеуміз ауылда тұрдық.

Ұлан: «Ұлан» газетімен қашан, қалай таныстыңыз? Газетке мақала жазуға не себеп болды?

Бақтияр Мырзаханұлы: Әкем де, анам да – ұстаз. Олар «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» сияқты басылымдарды жаздырып алып оқитын. Ал мен «Балдырған», «Ақ желкен» журналдары мен «Ұлан» газетін оқып өстім.

«Ұлан» газетімен алғаш 1997 жылы таныстым. Алғашында тек оқырман едім. Кейін газет-журналдан өзімнің қатарласта-рымның жазғанын оқып, «мен де осылай жазып көрейінші» деген қызығушылық пайда болды. Мектепте оқып жүргенде мақала жазып, жұмбақ жіберіп, хат алмасып тұратынбыз. Газетте жұмыс істейтін Алма Үмбеттегі апайдан жауап хат келгенде, төбем көкке жеткендей қуанатын едім. Осылайша «Ұланның» жас тілшісі болсам, кейін өскен соң мықты журналист болсам деген арман мектепте оқып жүргенде-ақ пайда болды.

Ұлан: Газеттің жас тілшісі атанғанда қандай сезімде бол-дыңыз?

Бақтияр Мырзаханұлы: Әкем «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болды. Үйде түрлі куәлік бар болатын. Бірде әкем, анам үшеуміз түскен фотосуреттен өзімнің басымды қиып алып, куәліктің біріне желімдеп қойдым. Қарлығаш дейтін жеңгем суретші болатын. Қоярда-қоймай мөрдің суретін салғызып, «Журналист Бақтияр Қабасов» деп жаздырып алғаным бар. Сосын көше-де балалармен ойнап жүргенде, велосипед теуіп келе жатқанда біреу кездесе қалса, куәлігімді көрсетеді екем. Көп ұзамай бала арманыма қол жеткізіп, нағыз куәлігі бар журналист болдым.

1999 жылы Алматы қаласындағы №19 мектепке ауысып келдім. Ол кезде «Ұлан» газетінің редакциясы Жібек жолы көшесінің бойындағы тоғыз қабатты ғимарат-та болатын. Қалаға келген соң редакцияға барып, үнемі жазғанын оқып жүрген аға-апайлармен таныстым. Ол кезде «Ұланда» Сұлтан Қалиұлы, Жолдасбек Дуанабай, Алма Үмбеттегі жұмыс істейтін. Ол кісілер маған бағыт-бағдар, тапсырма беріп, шыңдай түсті.

2000 жылы «Ұланның» жас тілшісі атандым. Жас тілші куәлігін алғанда мынадай бір қызық сәйкестікке тап болдым. «Ұлан» газетінің бас редакторы Сұлтан Қалиұлы куәлікке дәл менің туған күнімде қол қойып, мөр басыпты.

«Ұландықтар» өте ұйымшыл болдық. Жас тілшілермен жиналып, Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына бардық. Астана қаласының (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) туған күніне орай ұйымдастырылған фестивальге бардық. Сол жақтағы тілшілермен бірігіп «Астана» деген газет шығардық.

Журналистика – атақ емес, жауапкершілік

Ұлан: Журналистикаға қалай келдіңіз? Еңбек жолыңыз туралы айтып берсеңіз.

Бақтияр Мырзаханұлы: Үйде түрлі сала бойынша басылымдар көп болатын. Мектепте оқып жүргенде күн сайын сабақтың алғашқы 5 минутында газет-жур-налда жарық көрген мақала мен жаңалықтарға қысқаша шолу жасайтынмын. Гүлнар апайымыз маған сондай міндет бекітіп қойған еді. Мектепте жаңалықтың жаршысы болдым.

Мектеп бітірген соң Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетіне оқуға түстім. 1-курста оқып жүргенде республикалық «Спорт» газетіне жұмысқа орналастым. Алғашқы бас редакторым Ғалым Сүлеймен болды. Кейін республикалық «Президент және халық» газетінде жұмыс істедім. Марат Тоқашбаев ағамыздың мектебінен өттім. Сосын республикалық ауыр атлетика федерациясының баспасөз хатшысы болдым.

Әлем чемпионаты мен Азия чемпионатына барып, мұхиттың арғы бетінен ақпарат тараттым. Қазір Алматы облысының Талғар ауданындамын, аудандық «Талғар» газетінің директоры – бас редакторы қызметін атқарамын. Осы газетте жұмыс істегеніме биыл 8 жыл болды. Үш жылдан бері республикалық «Рухани жаңғыру» журналының бас редакторымын.

Ұлан: Қазір дәстүрлі басылымдарға деген сұраныс төмендеп бара жатқан сияқты. Жалпы, газет-журнал біздің қоғамға не үшін қажет деп ойлайсыз?

Бақтияр Мырзаханұлы: Әкем де «Ұлан» газетінің жанашыры, жас тілшісі болған. Жалпы, баланың сауатын ашу, білімге баулу, басылыммен таныстыру – ата-ананың міндеті. Сондықтан сауатты, саналы ата-ана болуға дайындалу керек. Расымен, қазір дәстүрлі басылымдарға сұраныс азайып барады. «Газет пен журнал – өткен шақ» деп қарайтын ұрпақ өсіп келеді. Оған себеп – ата-анасының сондай пікірде болуы. Жастар жаңалық пен мақаланы интернеттен, әлеуметтік желіден оқи саламыз дегенді алға тартады. Мен әлі күнге дейін өз балаларыма жас ерекшелігіне сәйкес газет-журнал жаздырып алып, оқытамын. Газет-журналдың құны интернетпен салыстырғанда әлдеқайда арзан және денсаулыққа зиян емес. Газет-журнал оқу – мәдениет.

Ұлан: Журналист болғысы келетін оқырманға қандай кеңес берер едіңіз?

Бақтияр Мырзаханұлы: Болашақта журналист болғысы келетін балаларға айтарым – әуелі мақсатыңды айқындап ал. Біздің газетке өндірістік тәжірибеден өтуге келетін жастар көп. Көбінің бойынан атаққұмарлық, еріншектікті байқаймын. Бәрі диктор, тележүргізуші болғысы келеді. Тез танылсам дейді. Тапсырма орындап, тәжірибеден өтпей, «мөр басып бере салыңызшы» дейтін жастарды да кездес-тіріп жүрміз. Менің ойымша, мамандыққа деген махаббат адамды өз саласының үздігі етеді.

Ұлан: Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Дана Маратова

«Ұлан» газеті, №41
13 қазан 2020 жыл

97 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Aquapoint ауызсу фонтанын құрастырған Ғалым
Келесі мақала «Алтын» бала Асылбек

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор