• ҰЛАН
  • 12 Қазан, 2020

Aquapoint ауызсу фонтанын құрастырған Ғалым

Сөмкемде ылғи су толтырылған бөтелке жүреді. Бірақ сабақ кезінде группаластарым су сұраған кезде бөтелкемді бергім келмейді. Шөлдеген адамға су ұсынған жақсы ғой. Бірақ су құйып алатын бөтелке әр адамда болуы керек. Егер әр оқу орнының ғимаратында су бөшкелері болса, ауызсудан қиналмас едік. Сонда ғана адамдар пластиктен құтылып, экологияны сақтауға үлес қосар еді. Оған қоса, жарты литр суды 150 теңгеге сатып алудан құтылу қаражатты үнемдеуге де жол ашар еді. Өкінішке қарай, су құйылған бөшке көп оқу орнында жоқ. Осындай әлеуметтік проблеманы байқаған бүгінгі кейіпкеріміз Ғалым Бейтімбетов Aquapoint стартабын құрастырған. Бұл идея қайдан келді және іске асыру жоспары қалай орындалып жатыр деген сұрақтарға Ғалым жауап берді.

– Алматы қаласының тумасымын. Дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы №173 мектеп-гимназияны қызыл аттестатпен бітірдім. Мектепте оқып жүргенімде сабақ пен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрдім. Физика пәнін сүйіп оқыдым. Өкінішке қарай, мектепте көп үйірме болмаса да, кез келген шараны өзіміз ұйымдастыратын едік. Мектеп бітірген соң, «Болашақ» бағдарламасымен Англияға кетуді жоспарлап жүрдім, тіпті оқуға да түстім. Бірақ мен мектеп бітірген жылы Назарбаев университеті ашылды да, Англиядағы бакалаврды жауып тастады. Бір жағынан менің жолым болды. Оқу орындарын таныстыратын жәрмеңкеге барғанда, Назарбаев университетімен таныстым. Оған қоса, Назарбаев университетіне оқуға түсу үшін талаптар дәл шетелдік жоғары оқу орындарымен бірдей болды. Менің басты мақсатым – мектеп бітірген соң басқа жерге кетіп, өз күнімді көру еді. Нұр-Сұлтан қаласына кеттім, ол жақта ешбір туысым болмады. Сондықтан менің студенттік өмірім шетелдегі студенттерден кем болмады. Мүлдем таныс емес қала мен заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген Назарбаев университетінде оқыдым.

– Мамандық таңдау қиындық болды ма?

– Мамандық таңдау қиын болған жоқ. Өйткені мен университетте бір жыл foundation оқып, физика-математика бағытындағы білімімді жетілдіріп, болашақ мамандығыма бағыт-бағдар алдым. Иә, мамандық таңдау – өте маңызды әрекет. Бірақ мен өзіме не керек екенін білдім. Foundation оқып жүрген кезімде инженерия мектебі өте танымал болды. Өйткені инженерия мек-тебі University College London сияқты танымал жоғары оқу орнымен серіктес еді. Содан мен химия инженериясы мамандығына қызығып, таңдау жасадым. Оқу бағдарламасы толығымен ағылшын тілінде өтті.

– Не себепті химия инженериясы мамандығын таңда-дыңыз?

– Химия инженериясы мамандығы қай уақытта және қай салада болса да, әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Оған қоса, инженерияда қатып қалған жүйемен жүрмейді. Бірінші курста қай саланың инженері болсаң да, оқитын пәндер бірдей болды. Уақыт аз болса да, студент барлық пәнді меңгеруі қажет. Өйткені инженер мамандығы жан-жақты білім мен білікті талап етеді. Бакалаврды аяқтаған соң, мектептегі арманымды орындау үшін University College London оқу орнына магистратураға құжаттарымды тапсырдым. Оқуға өздігімнен түскен соң, «Болашақ» бағдарламасының конкурсына қатыстым. Стипендияның иегері атанып, бала арманым орындалды. Негізі қазақстандық студенттер өте білімді. Шетелге оқуға түсу аса қиын емес. Бірақ жастардың көбі мемлекет тарапынан қарастырылған шетелдік жоғары оқу орындарына арналған бағ-дарламаларды білмеуі мүмкін.

– AquaPoint стартабын құру идеясы қалай пайда болды?

– Лондонда магистратураны инновация инженериясы кәсіп-керлік дағдымен мамандығында оқыдым. Сондықтан мен инженер, оған қоса кәсіпкер де болғым келді. Сол кезде менде екі таңдау болды. Біріншісі – идеямды іске асырып инженер-кәсіпкер болу, екіншісі – стартап жобасын орындау үшін танымал компанияда жұмыс істеу.

Кішкентай кезімнен өте көп су ішетіндіктен, университетте де ауыз су фонтандарының тұрақты тұтынушысы едім. Содан күндердің бір күні неге ауызсу фонтандарын қазақстандық оқу орындарында орнатпасқа деген ой келді. Бұл өте ыңғайлы әрі құрылым жағынан қиын жоба емес, бірақ өте өзекті. Егер Қазақстанда жоғары оқу орындарында ауыз- су фонтандарын орнататын компания құрсам, студенттердің өмірін сәл де болсын жеңілдетемін деп ойладым. Иә, идея аса қатты таңғаларлық емес болуы мүмкін. Алайда қоршаған орта мен жеке бюджет үшін өте маңызды.

– Жобаны қалай іске асырдыңыз?

– Бизнес жоспарымды алдымен болашақ жарым Айжанға айтып, екеуміз жобаны құрастыру үшін бәрін бүге-шүгесіне дейін ақылдастық. Елге оралған соң, MOST бизнес инкубаторға қатыстық. Оған қоса, жас кәсіпкерлерге арналған конкурстарға жобамызды ұсындық. Соның ішінде Startup Bolashak-2 байқауы да бар. Sabi қайырымдылық қорының байқауында 20 мың доллар грант жеңіп алып, жобамызды іске асырдық.

– AquaPoint-тың құрылымы қандай және қалай пайда-ланамыз?

– Бізде бірнеше құрылғы бар. Ауызсу фонтаны, purify, үй жағдайындағы purify және басқа да аппараттар бар. Бірақ барлық аппаратта ауыстыру бөтелкесі бар диспенсер қондырылған. Аппаратта арнайы ауызсуды тазартатын фильтр бар. Тек аппаратты ұқыпты пайдалану керек.

– Стартап жобаның даму барысы қандай?

– Жобаны құрып, іске асырып келе жатқанымызға 4 жыл жүзі болып қалды. Прогресс бар. Арасында өзгерістер де болды. Қазіргі таңда компания үш ба-ғытта жұмыс істейді. Біріншісі – заңды тұлғаларға ауызсу фонтандары мен purify орнату. Екіншісі – биыл біз заңды тұлғаларға фильтрация жасайтын аппаратты сатылымға шығардық. Үшіншісі – мемлекеттің қол-дауымен ауызсу фонтандарын жоғары оқу орындары мен мектептерде орнатумен айна-лысып жатырмыз. Сонымен қатар, 120-ға жуық халықаралық компания біздің тұрақты тұтынушымызға айналды. Қателеспесем, 50 мыңға жуық адам біздің аппараттарды тікелей пайдаланады. Яғни, жыныс, жас, дәреже деңгейін салыстырмай-ақ кез келген компания қызметкері тегін ауызсумен қамтамасыз етіледі. Оған қоса, біздің аппараттарды тұтыну арқылы жылына 13 мың тонна пластик үнемделеді. Тұтынушылардың пікірі өте жақсы. Болашақта барлық мектепті ауызсу фонта-нымен қамтамасыз еткіміз келеді. Бастысы талантты жастар шетелде емес, елде әлеуметтік жобаларды іске асырса деген ниет бар.

– Ісіңізге береке берсін! Сұқбатыңызға рақмет!

Назым Сапарова

«Ұлан» газеті, №41
13 қазан 2020 жыл

321 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор