• ҰЛАН
  • 11 Қазан, 2020

Қазақ подкасты қалай дамып жатыр?

Цифрлық технологиялар ғасырында интернетте дәстүрлі БАҚ-тың балама нұсқасы пайда болып жатыр. Газеттің орнына сайт пен портал оқитын, телеарнаның орнына YouTube көретін, радионың орнына подкаст тыңдайтын қауым қалыптасып келеді.

Көпшілікке веб-сайт пен YouTube етене таныс болғанымен, подкаст ұғымы енді танылып келе жатыр. Подкаст деген не, оны қалай жасайды, бұл сала қаншалықты танымал және табысты? Бұл сұрақтарға қазақстандық төрт подкаст пен «Подкастинг негіздері» курсының авторы Елдар Құдайбергенов жауап берді.

Ауыл, антенна және Алматы

Ұлан: Балалық шағыңыз қалай өтті? Бала арманыңыз қандай еді?
Елдар Құдайбергенов: Алматы облысы Іле ауданының Ақши ауылында өмірге келдім. Сол ауылда №8 орта мектепте оқыдым. Кейін Жамбыл ауданының Үлгілі ауылына көштік. Ата-анамның жұмысына байланысты жиі мектеп ауыстырдым.

Үйде төрт ағайынбыз. Балалық шағым ауылда, жай-лауда өтті. Әріп танымай тұрып, ат таныған, тай үйрет-кен ауылдың баласы болдым. Әкем – мал дәрігері, анам – үй шаруасында. Ата-анам 35 жыл қой баққан. Қазір зейнетте.

8-сыныпта Алматы қаласындағы И.Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатқа ауыстым. 9-сынып бітірген соң 4 жыл колледжде оқыдым. Мамандығым – бағдарламалаушы-техник.

Оқушы, студент болғанда да демалыста қой бағып, әке-шешеме көмектестім. Бала кезден радио менің жақын досыма айналды. Үйде де, түзде де жанымнан тастамай, тыңдап жүрдім. Ақши ауылын-да радиобайланыс нашар болды. 5-сыныпта оқып жүргенде үйде ешкім жоқ кезде радио-ның антеннасын теледидардың антеннасына қостым. Антеннаны Алматы бағытына қаратқанда, қалалық радио толқыны ұстады. Сонда қалай қуанғанымды білсеңіз ғой!

Бала кезімде өскенде кім болам деген сұрақ мазаламапты. Бірақ радио әлеміне, ондағы диджей, радиожүргізушілерге қатты қызықтым. Олардың қалай жұмыс істейтінін білгім келе-тін, мына дауыстың иесін жақыннан көрсем ғой деп қиялдайтынмын. Алматыға келгенде алғаш іздеп, қыдырып барған жер сол радиоорталық болды. Әлі есімде, басқалар саябақ, қаланың көрнекті орындарын араласа, мен «Республика алаңы, 13» деген мекенжайды іздеп, радио мен телевизия орталығына барғанмын.

Ұлан: Подкаст әлеміне қашан, қалай келдіңіз?
Елдар Құдайбергенов: Колледжде оқып жүргенде сайт жасап үйрендім. Алғашқы табысымды сайт жасап таптым. Қалаға келген соң рок-музыка мәдениетімен таныстым. Қызығушылығымды дамыта келе, рок-портал аштым.

Студент кезімде институтқа жұмысқа тұрдым. Сол жерде қолжетімді интернет болды. Жұмыстан босай қалсам, радио, тікелей эфир туралы ақпарат іздейтінмін. Сөйтіп, подкастинг деген ұғыммен Google арқылы таныстым. Мен тыңдаған алғашқы отандық подкастер – Рахим Давлеткалиев. Оның «Казах в Канаде» (КВК) деген подкастын қызыға тыңдадым. Өкінішке қарай, қазір бұл подкаст интернетте жоқ. Кейін іздене келе ресейлік радиожүргізуші, подкастер Василий Стрельниковтің сайтына тап болдым. Онда подкаст жасау жолын, оның оңай екенін айтып, түсіндіріп жүрді. Оның айтқандары шабыт беріп, іске кірістім. Менің ойымша, адам өзіне ұнайтын іспен айналысып, өзіне қызық тақырыпты қозғаса, жақсы нәтиже көрсетеді. Студент кезімде рок-музыкаға қызықтым дедім ғой, сөйтіп алғашқы подкаст сол туралы болды.

Жалпы, подкаст технологиясын 2004 жылы америкалық Адам Кюрри мен Дэйв Уинер ойлап тапқан. Подкастинг деген – аудио немесе бейнені тарату жолы, нақтырақ айтсам, RSS арқылы тарату. Подкаст деген жанр, формат не стиль емес, технология.

«Подкастинг негіздері» курсы неге тегін?

Менің Елдармен таныстығым онлайн курс арқылы басталды. Қазақстандық подкастер Нәрікби Мақсұт әлеуметтік желіде «Подкастинг негіздері» дейтін тегін курсқа іріктеу болып жатқанын хабарлады. Карантинде подкастсүйер қауымның қатарына қосылып, өзім де подкаст жазуға талпынып жүр едім. Сөйтіп, іріктеуге өтініш жіберіп, арнайы сауалнама толтырдым. Араға апта салып, курс ұйымдастырушысы хабарласты. Іріктеуден өткенімді, келесі аптада тегін онлайн курс басталатынын хабарлады.

Алғашында «бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» дегендей, тегін курстан қандай білім алар екенбіз, маркетингтің құдайлары сияқты алғашқы кезеңді тегін үйретіп, әрі қарай дүниенің құнын сұрайтын шығар деген ойлар қылаң бергенін жасырмаймын. Бірақ ұстазымыз Елдар Құдайбергенов сенімді ақтап, бір ай бойы аптасына үш реттен үздіксіз үйретумен болды. Әр сабақта оның подкастқа деген махаббаты мен жауапкершілігін көріп, шабыт алатын едік. Топта он қатысушы болды. Олардың алды қазір отандық подкастерлер қатарына қосылып үлгерді. Нәтижесінде жақында мен де «Әжемнің әңгімесі» подкастын жарыққа шығардым. Ал Елдар тегін курсты әрі қарай жалғастырып, Рodcaster.kz деген арнайы сайт ашып жатыр. Курсты неге тегін өткізеді, подкаст арқылы ақша табуға бола ма? Бұл туралы Елдар былай әңгімелеп берді.

Елдар Құдайбергенов: Бағдарламалаушы-техник мамандығын меңгергенім подкаст жасауда көп көмектесті. Подкаст технологиясын меңгеру, оның сайтын жасау оңайға соқты. Көп нәрсені өз бетімше үйрендім. Интернетте қазақтілді ақпарат аз болғандықтан, орысша, тіпті ағылшынша үйрендім.

Жақында үйренгенімді басқаларға оқыту деген миссияны қолға алдым. Қазір интернет ғасырында кез келген ақпаратты оңай, тегін іздеп табуға болады. Тек соны ерінбей, оқып меңгеру керек. Білім алуда тіл білу маңызды деп ойлаймын. Себебі қазір интернетте бәрі бар. Тек оны дұрыс тілде, дұрыс жолмен іздеу керек. Әрине, қазақ тіліндегі контент енді түзіліп келеді. Орыс тілінде ақпарат бар, бірақ нақты ақпарат ағылшын тілінде. Сондықтан білімді болу үшін, кез келген жаңа ғылым мен өнерді меңгеру үшін әуелі ағылшын тілін меңгеру керек деп ойлаймын. Негізгі білімнің бәрін тегін табуға болады. Ал базалық білімді меңгерген соң оған қанағаттанбаса, тереңірек меңгеру үшін сатылатын қосымша ақпарат, курс алуға болады. Егер дәл сізге ауадай қажет ақпарат сатылып жатса, сатып алыңыз. Күндердің күнінде біз қазір тегін екен деп тұтынып жүрген ақпаратты сатып алатын түсінікке жетеміз. Ал дәл қазіргі даму кезеңінде қандай да бір ақпаратты сатып алмай тұрып, ойланыңыз. Бұл ақпарат маған қаншалықты керек, оны тегін алуға бола ма деген сұраққа жауап іздеңіз. Себебі қазір қоғамда ақылын, тәжірибесін, көмегін, интернетте бар нәрсені тауып алып сататын адамдар бар.

Мысалы, бұрын маған сайт жасау үшін өте ақылды, білімді, алғыр болу керек деп ойлайтынмын. Сайт ашу үшін көп ақша кетеді деп те ойладым. Кейін интернеттен қалай сайт жасауға болатынын іздеп, өз бетімше үйреніп алдым. Сол сияқты кез келген білім, дағды, машық, ақпаратты тегін, оңай, жылдам үйренуге болады. Тек дұрыс іздеп, дұрыс үйрену керек.

Мектепте бастауыш және орта білім тегін беріледі ғой. Сол сияқты подкастинг негіздерін үйрету де тегін болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан қазақша подкаст жасауды үйрететін «Подкастинг негіздері» курсын тегін өткізем деп шештім.

Адамның ақпарат қабылдау қабілеті әртүрлі. Біреуге мәтін оқыған оңай, біреу аудио арқылы қабылдайды, кейбірі видео көру арқылы тез түсінеді. Интернеттің құдіреті – осының бәрін қамти алуында.

Екінші мамандығым бойынша заңгермін. Заңгер болам деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмепті. Бұл арманнан емес, қажеттіліктен пайда болды. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмысымды жүргізу, құжаттарды реттеуде алған білімім көп көмектесті. Подкастерге де заңды білген пайдалы. Үзінділер мен әуендерді қолданғанда авторлық құқықты пайдалану тәртібін біліп отырамын. Бұл тұрғыда ешкіммен көмек, кеңес сұрамаймын.

Подкаст арқылы табыс табу жолдары

Ұлан: Білуімізше, төрт түрлі подкаст жүргізесіз. Олар не туралы?
Елдар Құдайбергенов: «Как учиться», «Осознанный отец», QazPodcast audio және «Елдардың аудиоблогы» деген төрт авторлық подкастым бар. Алғаш рет саналы, жоспарлы түрде бастаған подкастым – «Как учиться». Ол білім алу әдістері, жолдары туралы нұсқаулық форматында шығады. Бұл подкасты шығарарда мен мемлекеттік қызметте істедім. Адамдардың білім деңгейі неге әртүрлі деген сұрақ мазалады. Зерттей келе, адамның білімі оның білім алу тәсіліне байланысты екенін түсіндім. Осы күнге дейін «Как учиться» подкастының 20 эпизоды шықты.

«Осознанный отец» подкасты ер азаматтарға арналған. Әкелер мен әке болайын деп жүргендер бала тәрбиесі, көзқарас, күнделікті өмір мен жауапкершілік туралы әңгімелеседі.

QazPodcast audio деген подкасттың форматы ерекше. Ол – әр сенбі сайын YouTube желісінде болатын стримнің аудио нұсқасы. Әр апта сайын қонаққа отандық подкастерді шақырамын. Стримде отандық және әлемдік подкаст нарығы, подкастерлердің тәжірибесі туралы айтамыз.

Соңғысы – менің жеке подкастым. Ол «Елдардың аудиоблогы» деп аталады. Мұны көп жарнамалап, тарата бермеймін. Мұнда жеке өмірім, тәжірибем, отбасым туралы айтамын.

Ұлан: Подкаст арқылы ақша табуға бола ма? Бұл сала қаншалықты табысты?
Елдар Құдайбергенов: Кез келген еңбектің жемісі болады. Шетелдегі подкаст нарығы көш ілгері дамып кеткен.

Әсіресе Америкада миллионда-ған доллар табыс табатын, қалыптасқан, танымал подкасттар бар. Бір эпизодының өзі 5-6 миллион рет тыңдалып, жүктелген подкасттар бар.

Қазақстандағы подкаст туралы айтар болсақ, ол енді тәй-тәй басып келе жатқан сәби сияқты. Біздің елде подкаст та, оның тыңдарманы да аз. Негізі подкастингте табыс бар, қаржыландыру көзі бар, бірақ аса көп емес. Себебі біз әлі подкаст жасауды жаңа деңгейге көтере алмай келеміз. Қызық, деректі, өтімді подкаст аз. Жаңа подкастты мақсатты аудиторияға жеткізу жағы да ақсап тұр. Аудио мен бейненің сапасы да жеткілікті деңгейде емес. Біздің басты міндетіміз – қызықты әрі сапалы подкаст жасау және оны тиісті аудиторияға дұрыс жеткізу. Осыны қолға алсақ, табыс табуға болады.
Отандық нарықта подкаст арқылы ақша табудың түрлі жолы бар. Бірақ кез келген подкастер табысты болып кетеді деп айта алмаймын. Табыс көлемі еңбегіңіз бен қиялыңыздың ұшқырлығына байланысты. Мен тек подкаст арқылы табыс тауып, отбасымды асырап отырмын. Келіншегім Роза Әрен – журналист. Шығар-машылық жағынан қолдау көрсетіп жүреді.

Подкастта ең әуелі жарнама арқылы табыс табуға болады. Подкаст жасап үйрету, подкаст жасау бойынша консалтинг, біреуге подкаст жасауға көмектесу, грант жеңіп алу, тапсырыс бойынша подкаст жазу сияқты ақша табу жолдары бар. Мысалы, «Саналы әке» подкастын БҰҰ-ның ЮНПФА қорының тапсырысы бойынша жасаймын.

Ұлан: Қандай подкаст тыңдауға кеңес бересіз? Подкаст таңдағанда, тыңдағанда нені ескеру керек?

Елдар Құдайбергенов: Мен күніне 2-3 сағат подкаст тыңдаймын. Қазір ақпарат алаңы өте ауқымды. Кез келген тілде, кез келген тақырып, қызығушылық бойынша подкаст табуға болады. «Талғамға талас жоқ».

Өзіме қатты ұнайтын подкаст – Rabbit Hole. Мұнда YouTube желісінің адам өміріне әсері туралы айтылады. Дерек, оқиға, тақырып, зерттеу – бәрі қызық. Сосын StartUp деген подкаст тыңдаймын. Бұл подкастта ірі компаниялардың қалай құрылғаны, даму жолы туралы айтылады. Тағы The American life деген подкаст бар. Эпизоды өте ұзақ, бірақ әр эпизодын тыңдаған сайын ойың өзгеріп, дами түсесің. Аталған подкасттың артында бір ғана адам емес, үлкен компания мен команда тұр.

Отандық подкаст нарығы да дамып келеді. Oy-detox, Narikbi Live подкастарын тыңдауға кеңес берем. Жақында «Иістелік» деп аталатын ерекше подкастқа тап болдым. Алғыс айту үшін авторын іздеп жүрмін. Әр эпизоды бір минуттан ғана тұратын подкастта иіске байланысты естеліктер айтылады. Қораның иісі, гараж иісі деген ерекше эпизодтары бар. «Қазақ радиосының» 20-дан астам бағдарламасы подкаст түрінде жарияланады. Отандық нарықта жаңалықтар подкасты жетіспейді.

Жақында «Осознанный отец» подкасты қазақ тілінде «Саналы әке» деген тақырыппен шығады. «Подкастинг негіздері» курсын тәмамдаған шәкірттерім жаңа подкаст жасап, жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. «Болашакер», «Хаттар сөйлейді», «Әжемнің әңгімесі» подкасттары отандық подкаст нарығына қосылған қайталанбас туындылар деп нық сеніммен айта аламын.

Ұлан: Подкасттың артықшылығы неде?
Елдар Құдайбергенов: Ең бірінші артықшылығы – тәуелсіздік. Уақыт пен кеңістікке қарамай, өзіңе ыңғайлы уақытта, қолайлы жерде тыңдай аласың. Подкаст тыңдау қолжетімді әрі қолайлы. Подкаст тыңдау тегін және көптеген платформада тың-дай бересің. Подкастты жүктеп алып, интернетсіз тыңдауға да болады. Фильм немесе сериал көру үшін арнайы уақыт бөліп, экранның алдына жайғасу керек. Ал подкаст – барлық жерде сенің жолдасың. Қол еңбегімен айна-лысып миың бос болмау үшін, уақытты тиімді пайдалану үшін пайдалы подкаст тыңдауға бола-ды. Подкаст тыңдау – мәдениет.

Ұлан: Подкаст жазу, оны өңдеп, жариялау қиын ба?
Елдар Құдайбергенов: Подкаст жазу, бастау, оны жүргізу қиын емес. Идея мен ниет болса болды. Егер жақсы идеяң болса, бес минутта алғашқы эпизодын шығаруға болады. Өзіңнің қызметің, хоббиің, оқыған кітабың немесе тыңдаған музыкаң туралы да подкаст жазуға болады. Тақырып өте көп. Әсіресе, қазақ аудиториясында әлі қамтылмаған сала көп. Егер сондай идея, жоспарыңыз болса, Podcaster.kz сайтына кіріп, тегін сабақты меңгеріп, жеке подкаст жасай аласыз. Қазақтілді подкаст жазамын дейтін адам болса, көмектесуге дайынмын. Мен подкаст жасап үйренгенде маған бағыт-бағдар беріп, жол көрсететін адам болмады. Қазақ тілінде қолжетімді ақпарат та жоқ еді. Ал қазір сізде мүмкіндік мол. Подкаст жазу, оны жариялау, жүктеп алу, тыңдау – бәрі тегін.

Елдар подкаст жасау оңай екен деп айтты деп, ойына келген нәр-сені жазып, сала беруге болмайды. Қоғам қажет ететін, адамға қызық тақырыпты қозғау керек. Саны көп, сапасы жоқ емес, саналы аудиторияға арналған, сапалы подкаст жасасақ деген ниет менікі.

Ұлан: Қазақстанда подкасттың болашағы бар ма?
Елдар Құдайбергенов: Дамушы мемлекет болғандықтан, подкаст саласы да қарыштап дамып келеді. Подкастинг бола-шағы жарқын болады. Қазір смартфон, компьютер, интернет те дамыған. Тіпті, қазақтар ағылшын тілінде подкаст жасап үйренсе, әлемдік деңгейге де көтеріле алады. Әлемде подкаст көп дей тұрғанмен, адамдардың санына шақсақ, әлі де жетпейді. Әлемде қанша миллиард адам, тыңдарман бар. Демек, сұраныс көбейеді, подкаст та көбеюі керек. Радио, телевизия, баспасөз – барлық БАҚ өзінің подкастын жасайтын күн туады деп ойлаймын.

Ұлан: Алда қандай жоспарыңыз бар?
Елдар Құдайбергенов: Дәл қазіргі сәтте өзгеріс қана тұрақты (күліп). Алда қазақ тіліндегі деректі, нарративті подкаст жасағым келеді. Бұл әзірге жоспарға енбеді, тек ойым, арманым. Дәл қазіргі нақты мақсат – қазақ тіліндегі сапалы подкастарды көбейтуге көмектесу, атсалысу. Курсымды жандандырып, барынша көп подкастер оқыту. Бұйырса, 2020 жылдың желтоқсанында қазақстандық подкастерлердің онлайн конференциясын өткізу жоспарда бар.

Ұлан: Әңгімеңізге рақмет!

P.S. Сұқбат соңында Елдар Құдайбергенов «Ұлан» газетінің подкастын бастау туралы ой тастады. Сіз қалай ойлайсыз? «Ұланда» жарық көрген материалдардың аудионұсқасы болса, тыңдар ма едіңіз?

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №41
13 қазан 2020 жыл

882 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор