• Бірінші байлық
  • 11 Қазан, 2020

Кесек кеселге алып келе ме?

«Кесек жеймін», «бор жеймін», «жемесем бірнәрсе жетіспей тұрады» деп кесек пен борға деген аңсарын баса алмай жүргендерді жиі байқаймын. Кесек сатылатын орынды жағалап жүрген таныстарым да көп-ақ. Жасырып қайтейін, өзім де кесекке екі жылдай құмар болғаным бар. Бірақ жарты жыл бұрын бұл әуестіктен құтылдым. Сенің де міндетті түрде бір танысыңның осындай проблемасы шығар... Егер солай болса, бұл әңгіме сен үшін пайдалы болмақ.

Ең әуелі кесек деген не деген сұраққа жауап берейік. Кесек – кремний, кадмий, мырыш секілді микроэлементтерден тұратын саз топырақ. Жоғарыдағы элементтер жеткіліксіз болуынан кейбіреулердің кесекке аңсары ауады да тұрады. Бірде теледидардан кесек пен борға арналған бейнематериалды байқап қалдым. Сөйтсем, кесектің қаназдықтың алдын алатын қасиеті туралы айтып жатыр. Ол да мүмкін... Дегенмен кесектің құрамында аздаған микроэлемент бар болса, паразиттер одан екі есе көп болады. Паразит ағзаға түскен сәттен бастап, сіз ішіп-жеген аспен қоректенеді. Нәтижесінде, паразиттердің көлемі ұлғаяды. Соның салдарынан қан аздығы пайда болады. Кесек жесеңіз әлсі-регеніңізді сезбеймін деп ойлайсыз. Бірақ бұл кесектің уақытша әсері. Одан ары кесекті тұтынғаныңызды жал-ғастырар болсаңыз, «лейкемия» дертіне шалдығуыңыз әбден мүмкін. Айта берсек, пайдасынан зияны көп. Өзіңіз ойлап қараңызшы, кесек пен борды карьерден алады. Тазалаған болып бір қабатын қырып тастайды. Одан соң суға малып, желге немесе күн көзіне қайта кептіреді екен. Сонда қытырлақ болады-мыс. Әрине, қытырлаққа құмарлар көп қой. Міне, әлгі саз топырақ сауда орталықтарына осылай түседі. Демек статистикадағы кесек құрамында қоқыс қалдықтарының болу ықти-малдығы 59% екені шындыққа жанасады.

Жақында кесек туралы беймәлім ақпараттармен танысқан болатынмын. Мәселен, Африканың кейбір елдерінің базарларында кесек сатылымы бірінші орында. Себебі олар үшін кесек тіскебасар орнына жүреді. Ал индонезиялықтар кесекті үгітіп тамаққа қосады. Міне, қызық. Біздің еліміздің де барлық қаласында кесек пен бор сататын саудагерлер саны айтарлықтай артқан. Әсіресе, борға сұраныс жоғары көрінеді. Ең дәмді, ең қытырлақ кесектер біздің елден алынады, Оралдағы карьерден алынатын «уральский» деген атпен танымал. Ресейлік кесек жегіштер оны «қазақстандық гүл» деп атайды екен. Себебі суға салсаң еріп кетпей, гүл күлтелері секілді бөліктерге айналатын жалғыз кесек осы. Сонымен бірге Жетісай ауданынан «сары, қызыл, ақ, екеуі біреуінде» деп аталатын кесектің бірнеше түрі алынады. Түркістан қаласында 5-6 түрлі кесек өндіріледі. Айтпақшы, шетелдіктер тарапынан түркістандық кесектерге де сұраныс жоғары. Көбі жердәм-дес болғаны үшін жақсы көреді екен.

Ал бор Қазақстан бойынша бір-ақ жерде өндіріледі. Ол – Мұғалжар тауынан алынатын мұғалжар боры. Бір қызық айтайын, Тараз қаласындағы бір дүкен бүтіндей бор мен кесекке арналған. Дәл африкалық базардағыдай. Дүкеннің Инстаграм әлеуметтік желісінде kesek_bor_taraz_4mkr деген парақшасы бар. Осы тұста 2017 жылғы «Әйел бақыты» бағдарламасының бір санындағы тараздық кейіпкердің күніне бір келі кесек жейтіні есіме түсіп отыр. Еріксіз ойланасың. Әлгі кесек еріп, асқазанда қатып тұрып қалмай ма? Асқазаннан өткендері бүйрек пен бауырға барып жиналары анық. Сон-дықтан денсаулығыңыз үшін бұл әдеттен аулақ болыңыз.

Өзіме келер болсам, мен кесектің дәмін емес, қытырлақтығын ұнататынмын. Яғни, бұл ASMR. Бірде құрбым видео жіберіпті. Иә, әлгі кесек жеп отырған бойжеткеннің әйгілі видеосы. Қытыр-қытыр еткізгенде қалай әуестігім оянғанын байқамай қалдым. Содан кесек алып көрдім. Десе де мөлшерден асырған емеспін. Соңғы кездері кесек жегіштердің аккаунттары көбейіп кетті. Олардың видеоларын көрген сайын қызығушылығың арта түседі. Ең қызығы, 2020 жылдың қаңтар, ақпан айларында бұл парақшаларды Инстаграм үздіксіз блокқа салды. Себебі адам өміріне қауіпті материал деп таныған. Содан мен де бұл әуестікті доғарғанды жөн көрдім. Яғни, өз әдетіммен өзім күрестім. Кесек сатылатын жерге тоқтамайтын болдым. Міне, содан бері сегіз ай өтті.

Егер сізде де осы бір құмарлық болса, дереу доғарыңыз. Мәселен, кесекті аузыма алмағаннан бастап бетімдегі безеу кәдімгідей азайды. Есіңізде болсын, иммунитеттің 80%-ы ішекте. Сондықтан жеген асқа үнемі абай болу керек. Кесектің орнына дәрігермен кеңесіп, дәріханадағы дәрумендерді қолданған абзал.

Жазира БЕКБОЛАТОВА
Шардара ауданы
Түркістан облысы

«Ұлан» газеті, №41
13 қазан 2020 жыл

2129 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор