• ІТ және инновация
  • 03 Қазан, 2020

Google-ға төртінші мүмкіндіктен кейін қабылданған Бақытжан

Соңғы жылдары қазақстандық жастардың шетелдік алпауыт компанияларда жұмыс істеуі – үлкен мотивация. Бүгінгі кейіпкеріміз Бақытжан Төребаев қазіргі таңда Кремний алқабындағы Саннивейл қаласында орналасқан Google корпорациясының кеңсесінде жұмыс істейді. Бірақ Бақытжанның Google компаниясына төртінші мүмкіндіктен кейін ғана жұмысқа қабылданған. Табандылықпен мақсатына жеткен кейіпкеріміздің ІТ саласын не себепті таңдағанын және Google компаниясына қалай жұмысқа қабылданғанын сұрап әңгімелестік.

– Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында туып-өстім. 2002 жылы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектепті тәмамдадым. Оқушы кезімде гуманитарлық пәндерге қарағанда физика мен математикаға жақын болдым. Мен мектеп қабырғасында оқып жүргенде, ағам Алматыда студент еді. Содан ағаммен ақылдаса келе, жаңадан ашылған Қазақ-Британ техникалық университетіне оқуға түстім. ІТ саласын таңдауыма ағамның ықпалы орасан зор.

– Сіз оқуға түсер кезде ІТ мамандарына сұраныс болды ма?

– Негізі мамандық таңдауымда бірнеше ұсыныс болды. Әкем химия пәнін таңдап, дәрігер бол деді. Мұнайдың дүркіреп тұрған заманы еді. Көбі мұнай саласына оқуға түскенімді қалады. Бірақ мен ІТ саласын таңдадым. Ол кезде қазіргідей сұраныс онша болмады. Дегенмен, мен оқуға түсер кезде Қазақстан бойынша 15 грант бөлінді. Грант санына қарай сол кездегі сұранысты бағдарлаймыз. Менің бағым әлде бабым шауып, грантқа түскен 13-талапкер болдым. Осы мамандықты таңдағаныма қатты қуанамын. Әрине, мен оқуға түскен жыл мен қазіргі ІТ мамандықтың талабы басқаша. Біз ең алғашқы  Pascal бағдарламалау тілін үйрендік. Мен бес жыл оқыдым. Қазір бакалаврдың көбі төрт жыл. Қазір студенттерге жаңа бағдарламалау тілдерін үйретіп жатыр. Ал менікі ең бастауы болса да, осы саланы әрі қарай меңгеріп кеткенім өзіме жеңіс.

– Оқу бітірген соң жұмыс табу қиын болды ма?

– 2007 жылы оқу бітірген соң, Альянс банкке жұмысқа орналастым. Ол кезде халыққа жаппай несие беру уақыты болды. Сондықтан базадағы  ақпаратты реттеп отыратын едік. Әлбетте, оқу бітірген соң бірден бірнеше жер жұмысқа шақырды деп айта алмаймын. Өйткені ІТ мамандарға сұраныс жоғары дәрежеде болмады. Екі жылдай осы банкте жұмыс істедім. Кейін Казкоммерцбанкте депозит аштыратын бөлімде жұмыс істеп, тәжірибе жинадым.

– Google-ға әр ІТ маманның бар таласы. Бұл арман қашан пайда болды?

–Әрине, бұл өте атақты компания. Университетте оқып жүргенде Google-да жұмыс істеуді армандадым. Меніңше, әр ІТ маманы Google-да тәжірибе жинағысы келеді. Google компаниясында жұмыс істеу туралы нақты шешімді Казкоммерцбанкте істеп жүргеніме қабылдадым. Кремний алқабында істеп жатқан таныстарым да болды. Сондықтан мен де талпынып көрейін дедім. Әлбетте, бірден Google-ға сені ешкім қабылдай салмайды. Алдымен Фримонт қаласында орналасқан Солтүстік-батыс политехникалық университетінің магистратурасына құжаттарымды тапсырдым. Екі жыл компьютерлік бағдарламалау бойынша білім алдым.

– Google сізді қалай жұмысқа қабылдады?

– Мен Google-ға төртінші мүмкіндіктен кейін ғана жұмысқа қабылдандым. Университетті бітіргенде, менің жолдастарым алпауыт компанияларда жұмыс істеп жүрді. Сұрастыра келе, Google-дың мүмкіндіктері мен берер тәжірибесін ескеріп оқу бітірген кезде алғаш рет құжаттарымды тапсырып көрдім. Бірақ ол кезде шынымды айтсам, жұмысқа қабылданудың қандай қиын екенін білмедім. Екінші рет құжат тапсырғанымда, менің төрт жыл тәжірибем және магистратураны бітірген дәрежем болды. Алайда, Google-ға жұмысқа қабылданбасам да, Сан-Франциско қаласында Brighterion компаниясынан ұсыныс келіп түсті. Мұнда екі жылдай тәжірибе жинасам да, Google-да жұмыс істеу туралы арманымнан бас тартқым келмеді. Google-ға жұмысқа құжаттарымды тапсырған сайын мақсатыма келе жатқанымды түсіне бастадым. Әрине, менің біліміммен бірден жұмысқа қабылдану мүмкін болмаса да, мен өзіме не керек екенін және қателескен әрекеттерімнен сабақ алдым. Содан төртінші рет ұзақ уақыт дайындықпен жұмысқа қабылдандым, мақсатыма жеттім.

– Google компаниясындағы қызметіңіз қандай?

– Бастапқы кезде әлемнің он шақты еліне тегін Wi-Fi тарататын Google stations жобасын дамытуға жауапты командада болдым. Кейін бұл жоба компанияға тиімсіз болғандықтан жабылып қалды. Бұл жобаға жауапты команданың тең жартысы Google payments-ке ауыстық. Қазір осы жобамен айналысып жатырмыз. Google payments – цифр форматындағы әмиян, яғни кез келген өнімді сатып алу үшін мобайл қосымшаны қолдана аласыз. Қазақстанға бұл әлі жетпеді. Бірақ техника дамыған заман ғой. Қазақстандықтар да қолданар күн туар.

– Google-да жұмыс істегісі келетін талапкер нені білуі керек?

– Қазіргі таңда интернетте тегін және ақылы платформалар бар. Платформада әр компаниядан қандай сұрақтар және қашан келгені туралы сұрақтар тізімі бар. Әрине, жұмысқа қабылданарда сол сұрақтар келеді деп кепілдік бере алмаймын. Бірақ сол сұрақтарға алдын ала жауап берсеңіз, кез келген уақытта жұмысқа қабылдануға дайын боласыз. Тағы бір кеңесім – мақсатқа жету үшін барлық ракурсты соған қою керек. Мысалы, біз күніне бір-екі сағат дайындаламыз, басқа күндері қыдырып кетеміз. Сонда ойымыз бен энергиямыз басқа нәрсеге бөлінеді. Барынша бәрін бір жерге бағыттауымыз керек. Мен төртінші рет жұмысқа құжат тапсырғанымда барлық әлеуметтік желіні өшіріп тастадым, қонаққа да бармайтын болдым. Есесіне, жұмысқа қабылданған соң бәрін қайта қалпына келтірдім. Google компаниясында жұмыс істеу тікелей командаға байланысты. Бәрі бір-біріне көмектесуге әрқашан дайын. Егер де, түсінбей бір сұрақ қойсаң, сенің жұмысыңа кірісіп кетіп, тіпті тек орындау ғана қалатындай талдап береді. Әзірге елге қайту ойда болмаса да, түбі бір баратынымды сеземін. Ал қазір тек жақсы тәжірибе жинағым келеді.

– Сұқбатыңызға рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!

Назым Сапарова

«Ұлан» газеті, №40
6 қазан 2020 жыл

138 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Apple жүлдесіне ие болған Асқар

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор