• ҰЛАН
  • 04 Қазан, 2020

Айман Баумуратова: Балалар жаңа технологияны меңгеруге бейім

Жыл сайын робототехника саласының дамып, әр өңірде үйірмелер мен жеке орталықтардың ашылып жатқаны қуантады. Бірақ нәтижесі қандай? Балалар робототехникаға қызыға ма? Болашағы қандай болмақ? Бастауыштан бастап оқытылатын информатика пәнін меңгеру қарқыны қандай? Осы сұрақтарға информатика пәнінің мұғалімі, жас маман Айман Баумуратова жауап берді.

– Қазіргі Түркістан облысында, Мақтаарал ауданының Мырзакент қалашығында туып-өстім. Мырзакент атындағы №16 мектеп-гимназияның түлегімін. 2015 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне информатика пәнінің мұғалімі мамандығында оқуға түсіп, былтыр қолыма дипломымды алдым. Мамандық таңдауыма бірден-бір әсер еткен адам – әпкем. Ол информатика пәнінен PhD дәрежесі бар маман. Информатика пәнінің болашағы мен әрқашан жаңашылдыққа жақын екенін айтқан әпкемнің сөзі менің болашағыма да әсер етті. Бір қызығы, отбасымызбен техникалық мамандық иелеріміз. Әпкем екеуміз информатика пәнінен сабақ берсек, жеңгелерім ІТ мамандар.

Әр адам алдымен өзінің икемі бар, өзі қызығатын мамандықтың иесі болғанда ғана белгілі бір нәтижеге жете алады. Өз мамандығының майталманы болу үшін қызығушылық болу керек. Меніңше, таңдаған мамандықтан ләззат алып, болашағын елестете алған адамға ештеңе кедергі емес.

– Бастауыш сынып оқушыларының информатика пәнін меңгеру қарқыны қандай?

– Балалардың сабаққа ынтасы, білімге құмарлығы өте жоғары дәрежеде. Бұлай пікір білдіруіме анық себеп бар. Жас маман болғандықтан 3-4-сынып оқушыларына «Ақпараттық коммуникациялық технологиялар» пәнінен сабақ беремін. Балалар жаңа технологияны меңгеруге бейім. Сабақта компьютермен танысып жатырмыз. Балалар әр сабаққа дайындықпен әрі көтеріңкі көңіл-күймен келеді. Өтілетін әр тақырыпқа қызығушылықтары ерекше. Тіпті сабақ соңында: «Апай, біз келесі сабақты асыға күтеміз. Біз көп нәрсе үйреніп жатырмыз», – деп кері байланыс көрсетеді. Байқағаным, балалар жаңа нәрсені тез үйренуге бейім, бәрін білгісі келіп, өз көздерімен көргісі келіп алға ұмтылады. Бәлкім, бұл жаңа қосылған пән болғандықтан шығар. Информатика – практикалық сабақ. Әр сабақтың соңында 10-15 минут компьютермен жұмыс істейміз. Алдымен «ақпарат не және оны қайдан аламыз» деген сұраққа жауап берсек, сабақ соңында компьютерді қосу мен өшірудің нұсқаулығын орындаймыз. Балаларға «Ақпарат не? Оны қайдан аламыз және жүктейміз? Оның пайдасы мен зияны қандай?» деген тақырыптар өте қызық. Оқушылар практикалық сабақта өте жылдам. Айтқанымды бірден түсініп алады. Ал маған бұл әрі қарай осы сабақты қызықты өткізу үшін ең керемет мотивация.

– Мұғалім болудың қызығы мен қиындығы қандай?

– Мұғалім – жауапкершілігі жоғары мамандық. Өзінен кейінгі балаларға үлгі болу оңай шаруа емес. Әрине, оның бәрі білім мен тәжірибемен уақыт өте келе қалыптасады. Жас маман болғандықтан білерім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз. Оған қоса, мұғалім болу – үздіксіз дамуды талап етеді. Себебі балаларды сабаққа қызықтыра алу үшін алдымен өзін жан-жақты болуың керек. Моральдық тұрғыдан да дайындық талап етіледі. Мұғалімдіктің қиындығы – бір жерде тоқтап қалуды құптамайды. Әрқашан қозғалыста әрі ізденісте болуын қажет.

– Ал роботехниканың дамуы қалай болып жатыр?

– Робототехника өте қарқынды дамып жатыр. Технологияның көз ілеспес жылдамдықпен дамуына қарай робототехника да кенже қалып жатқан жоқ. Балалардың да бұл салаға қызығушылығы ерекше. Әсіресе, 4 жастан бастап үйірмеге қатысатын балалар конструктор құрағанды жақсы көреді. Осы салада балалар арман-қиялын дамытады. Әр бала өзі армандаған роботын құрастырып, оған барынша жан бітіреді. Яғни программа жазу арқылы құрастырған роботты бір қимыл-әрекет жасауға мүмкіндік береді. Балалар өздері құрастырып, бағдарламасын жазған роботының қимыл-әрекет жасағанын көргенде, ерекше қуанады. Оған қоса, робототехника 4-сыныптан бастап пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізілген. Мектептерде қосымша факультатив әрі қосымша сабақтар сағаты да бар.

– Баланы робототехникаға қалай қызықтыруға болады?

– Ең алдымен балаға кішкентай кезінен бастап конструктормен ойнауды дағдыға айналдыру керек. Өз қолымен жасаған дүниені көргенде, баланың оған әрекет сыйлауға ниеті пайда болады. Сондықтан баланы 2-3 жасынан бастап конструктормен ойнату керек. Тіпті қиған немесе өзі қолдан жасап құрастырған туындыларын да назардан тыс қалдырмаған жөн. Шығармашылық қабілетті кішкентай кезден қалыптастырса, кейін қолдау білдірсе, бала саналы түрде өз идеясын іске асыруға дайын болады.

– Әңгімеңізге рақмет! Ұстаздық ұлы жолда шәкірт алғысын тілеймін.

Назым Сапарова

«Ұлан» газеті, №40
6 қазан 2020 жыл

464 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор