• ҰЛАН
  • 01 Қазан, 2020

Аида, Жәния, Сәния, Ақлима әлде Қаракөз...

Мақпал Қасенова Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Жаңақұрылыс ауылында туып-өскен. Арман қуып Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр факультетіне оқуға түскен. Қызыл дипломға тәмамдап, қазір Асанәлі Әшімовтың театрында жұмыс істейді. Кейіпкеріміз Мақпал Азатқызымен сұқбатымызды ұсынамыз.

– Кино өнеріне қызығушылығыңыз қалай оянды? Бала күнгі арманыңыз орындалып келе ме?

– Кино өнеріне бала кезімнен қызықтым. Кішкентайымда Бразилияның, Түркияның «Қыналы қар», «Мың бір түн», «Бериван» деген телехикаялары хит еді. Қарапайым фильм, телесериалдарды көріп, актрисалардың мимикаларын, жасаған қылықтарын, сөйлеген сөздерін қайталап, қызығып жүретінмін. Бірақ бұл балалық қызығушылық қой. Ал Т.Жүргеновке түсемін деген мақсат Ақан Сатаевтың «Жау жүрек мың бала» фильмі шыққаннан кейін пайда болды. Сол жердегі Қорлан деген персонаждың рөлін сомдаған Құралай Анарбекованың образына қызығып, мен де сол кісі сияқты актриса боламын дедім. Фильм актерларының өмірбаянын ғаламтордан іздеп, олардың Жүргеновте оқығанын, Асылхан Төлепов пен Аян Өтепбергеннің сол оқу орыныңда оқып жатқанын көрдім. Содан кейін өнер ордасы жайлы ақпараттарды іздестіріп, актриса боламын деп мақсат қойдым. Иә, армандарым орындалып келе жатыр. Бірақ арманым бұдан да асқақ, кішкентай қадамдармен келе жатырмын деп ойлаймын.

– Ең алғаш кәсіби актриса ретінде түскен фильміңіз қандай?

– Ең алғашқы жобам «Хабар» телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілген «Шашу» телесериалы. Оны «Бесінші студия» телепродакшн компаниясы жүзеге асырды. Продюсері – Толқын Сейдоллақызы, режиссері – Ернат Байұзақ. Жанры комедия. Аида деген келіннің рөлін сомдадым. Отыз екі бөлімнен тұрады. Сол телесериалдың рейтингі жақсы болды. Ол менің алғашқы жобам, алғашқы тәжірибем. Осыдан екі жыл бұрын түскен болатынмын. Осы жылы үшінші киноға түсіп жатырмын.  

– Кино, театр өнерінде үлгі тұтар тұлғаңыз кім?

– Үлгі тұтатын жалғыз тұлға бар деп айта алмаймын. Кинода да, театрда да мықты актер, актрисалар баршылық. Барлық жазба, мақаласын оқитын, ұстанымын құптайтын, жақсы көретін актерім – КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов. Ұстазым болғандықтан сол кісіні үлкен тұлға ретінде мойындаймын. Қазақстандық театр актрисаларына келетін болсақ, Назгүл Қарабалина, Айнұр Болат, Алтынай Нөгербек, Дина Заитовалар ұнайды. Кинода да дәл солай Алтынай Нөгербек, Аружан Жазылбекова, Құралай Анарбекованы жақсы көремін. Ал үлгі тұтар тұлғам жоқ.

– Егер өнер адамы болмағанда қандай мамандықты таңдар едіңіз?

– Бұл жайлы ойланбаппын, өнер адамы боламын деп армандадым. Егер өнер адамы болмасам, мүмкін психолог болар едім. Бірінші мамандығым –  психология-педагогика. Психология жаныма жақын. Жалпы кез келген маманды алып кете аламын деп ойлаймын. Адамның талабына байланысты. Бірақ актриса бола алмай қалған жағдайда психология мамандығын алып жүрер едім. Жақсы мамандық.

– «Егіз ғұмыр» телехикаясында Жәния мен Сәнияны, яғни қарам-қайшылықты екі түрлі образ сомдау сізге қиын болмады ма?

– Бұл сериалды «Арай медиа групп» продакшн түсірген. Режиссері – Қанағат Мұстафин. Егіз қыздар екі түрлі әлемнен. Жетімдер үйінде қиыншылықты, зұлымдықты көп көріп өскен – Жәния және бай әулетте дүниеге келіп, ауқатты отбасында, ата-анасының жанында не кием, не ішем демей өскен – Сәния. Екеуінің табиғаты, көзқарасы, ойлауы, тіпті жүріс-тұрысына дейін әртүрлі.  Әрине, қарама-қайшылықты рөлдерді сомдау қиын болды. Екі түрлі адамды бір мезетте сомдау оңай жұмыс емес. Режиссердің көмегімен бәрін алып шығуға тырыстым. Қаншалықты алып шықтым, оның сыншысы – көрермен.

– Сахнада, фильмде ойнаған қай рөліңіз жаныңызға жақын болды?

– Театр сахнасындағы рөлдерімді алатын болсақ, белгілі қазақ классигі М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясында Қаракөздің рөлін сомдаймын. Ең сүйікті рөлім, жаныма өте жақын. Психологиялық тұрғыдан ауыр, ауқымды рөл болғандықтан көп жұмыс істедім. Жанымның бөлшегін алған рөлдердің бірі. Кинода жақында Мұрат Бидосов, Бақыттас Санитас деген режиссерлермен жұмыс істедім. Жуырда «Хабар» арнасынан сол телехикая шығуы керек. 1930-жылдардағы аштық кезіндегі қиыншылық туралы, яғни тарихи дүние. Бір отбасының басынан өткен оқиға арқылы бүкіл қазақтың тағдырын баяндайтын телесериал. Он бөлімнен тұрады. Сол телесериалда басты рөлде ойнадым. Ақлима дейтін персонаж. Осы рөл жаныма жақын болды. Табиғаты маған келеді екен. Ауыр рөл. Көрген қиыншылықтары көп болғандықтан үлкен жұмыс жасалды. Жалпы актер қай рөлге көп тер төгіп, еңбек етеді, сол міндетті түрде жадында қалады.

– Әр киноға түскен сайын әртүрлі рөлді сомдайсыз. Кино әртісі болудың қызығы осында ма?

– Иә, кино әртісі болудың қызығы сонда. Әртүрлі мамандық иесі болып көру, әртүрлі мінездегі бейнелерді сомдау жаныма рахат сыйлайды. Мамандығымыз болғандықтан біз үшін бұл таңсық емес. Кино әлемінің қызығы көп. Оның қаламақысы да театрға қарағанда көп. Кино шыққаннан кейінгі рахаты да ұзағынан. Көрерменнің қошеметі, пікірі,алғысы, ризашылығы, ықыласы, міне, әртіске осыдан артық ештеңе де жоқ.

– Кино әлемінің қызығы мен шыжығын әңгімелеп берсеңіз... Әйтпесе теледидардан қарасаң, бәрі оңай сияқты...

– Сырттан көріп отырып сың айту оңай. Бірақ кино түсіру үлкен жұмыс. Кадрда сіздер көретін тек қана актерлар, яғни еңбек еткен ұжымның бір ғана бөлігі. Ал кадр сыртында актерлардан тыс, бірнеше департамент, жүздеген адам еңбек етеді. Продюсерден бастап режиссер, көркемдік қоюшы, дыбыс режиссері, костюм тігіп, гримм жасайтын, тамақ беретін адамдар, еденді жуатын кісілер кадр сыртында талмай еңбек етеді. Сол еңбектері бағаланса, әрине, жақсы. Киноны түсірудің өзіндік сырлары бар. Мысалы, театрда бір сахнаны бір-ақ рет ойнаймыз. Сонымен қол шапалақталады, бас иіп үйімізге қайтамыз. Кинода олай емес, бір сахнаны бес рет, тіпті он-он бес рет ойнауға тура келеді. Сол жағынан актерларға физикалық тұрғыда да, моральдық тұрғыда да қиын болып жатады. Себебі камерамен әртүрлі кадрлар алады. Жақыннан бір кадр, алыстан бір кадр, жартылай бір кадр дегендей. Дұрыс болмаса, бірнеше дубль жасайды.

– Артист болғысы келетін талантты жастарға не айтар едіңіз?

– Талмай еңбек етіңіздер. Егер шынымен де актер болғыларыңыз келсе, барлық қиындыққа төтеп беріп, тіпті материалдық жағдайыңыз болмай бара жатса да осы мамандықты алып жүремін деген сенім мен талап болса, онда  осы мамандыққа барыңыз деп айтқым келеді. Егер ақшаның соңынан қуалаймын, маған танымал болу керек, мансап керек десеңіздер, онда келмей-ақ қойыңыздар, мамандық ондайды көтермейді. Адал өнерді ғана талап етеді.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Айзада САҒИДОЛЛА,

Д.Рахметов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы.

Ақсаң ауылы

Баянауыл ауданы

Павлодар облысы

«Ұлан» газеті, №39
29 қыркүйек 2020 жыл

1217 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор