• ҰЛАН
  • 28 Қыркүйек, 2020

Баланың сабаққа ынтасын қалай арттыру керек?

Коронавирус пандемиясына байланысты көктемнен бері бауырларыммен қашықтан оқимыз. Күзде бауырым кезекші сынып болып, сақтық ережелерін сақтап мектепте оқитын болды. Негізгі пәндерді мектепте, ал үйде қашықтан көркем еңбек, музыка сияқты пәндерді оқиды. Бірақ бауырым сабақтан келген соң, сөмкесін бір бұрышқа лақтыра сала ойынға асығады. Сабақ оқуға, үй тапсырмасын орындауға деген жауапкершілігін байқамаймын. Кешке құр соңынан қалмай, өзім үй тапсырмасын орындауға көмектеспейінше, оның сабаққа еш зауқы жоқ. Арамызда түсініспеушілік пайда болды. Баланы сабаққа қалай ынталандыру керек? Түрлі үйірмеге беріп, баланың уақытын тығыз күн тәртібімен жоспарлау дұрыс па? Бастауышта оқитын балалар не себепті аутоагрессияға ұшырайды? Осы сұрақтарға психоаналитик Жанар Оспан жауап берді.

– Балаға ең алдымен ата-ананың махаббаты керек. Жауапкершілікті сезінген бала сабақты ерекше ынтамен оқиды. Бала үшін анасы мен әкесінің өзіне назар аударуы мен қамқор болуы – маңызды фактор. Қазір балалар жазғы демалыстан соң мектепке барды. Бастапқы кезде кейбір баланың ұзақ демалыстан кейін сабақ оқуға құштарлығы болса, кейбіреуі білім алуға іштей дайын емес. Осындай жағдайда әрбір ата-ана баласы мектептен келген соң міндетті түрде әңгімелесуі керек. Есіктен кірген сәтте баланың көңіл күйіне назар аударып, сөйлескен жөн. Қандай пәндер қызық, сыныптастары қандай, ойландырып жүрген проблемаларын сұрау қажет. Сонда бала жалғыз емес екенін түсініп, сабаққа ынтасы оянады.

– Осы орайда мұғалімнің рөлі қандай?

– Мұғалім сабақ беретін пәнін сүйіп оқыса, баланы сабаққа қызықтыра алады. Ата-ананың махаббатына бөленген бала да педагогпен тез тіл табысады.

– Ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушіліктің шешімі бар ма?

– Сабаққа ынтаның болмауы оқу үлгерімін төмендетеді. Бұл ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушілік тудырады. Осындай сәтте ата-ана балалық шағындағы естелікті бөлісіп, сабақты қалай оқығанын айтып беруі керек. Егер ата-ана баласымен шынайы қарым-қатынаста болса, кез келген проблема шешімін табады.

– Сабақ үлгерімі қарым-қатынаста қаншалықты маңызды?

– Баланың сабақ үлгерімінің жақсы болуы – ата-ананың қуанышы. Бірақ баланы баға үшін оқыту психиканың бұзылуына әсер етеді. Баланың қабілетін ата-ана жақсы білуі тиіс. «Сен қандай баға алсаң да, мен сені жақсы көремін» деп әрқашан айтуы керек.

– Бос уақытта баланы үйірмеге жаздыру дұрыс па?

– Бос уақытта үйірмеге жаздыру – ата-ананың баласынан алшақтау әрекеті. Бірақ гипербелсенді баланы қалаған үйірмесіне берген дұрыс. Ал кейбір баланы үйірмеге жаздыру оның қалауынсыз болады. Сабақ пен үйірмеге барып, бәрін үлгеріп жүретін баламен ата-ана сөйлесуі керек. Бұл баланың ата-ана назарын өзіне аударту әрекеті болуы мүмкін.

– Бастауышта оқитын балада не себепті аутоагрессия жиі байқалады?

– Аутоагрессия – адамның өз тұлғасына саналы және бейсаналы түрде бағыттаған озбыр әрекеті. Бұл әрекет әлеумет талабы мен қарым-қатынасқа бейім емес адамның бойында кездеседі. 1,5-4 жас аралығында бала саналы жандүниесінің даму кезеңінде эмоция толқуларын саралап, қадағалай алмайды. Бұған ересек адамның күші тең келмейді. Бала агрессия ретінде қабылдаған әрекетке есе қайтара алмайды. Сондықтан ашуын ырықсыз өзіне жұмсайды.

– Аутоагрессия мінезге әсер ете ме?

– Эмоцияны тани бастағанда қолдау мен түсіну болмаса, балалық шақтағы аутоагрессия әрекеті ересек адамның мінез-құлқына айналады. Қазақ фольклорында кездесетін кездесетін жезтырнақ кейіпкер агрессияны бейнелейді. Сондықтан балаға мультфильм көрсеткенде де, кейіпкеріне мән беру керек. Тырнау, тістеу – агрессияны білдірудің ырықсыз әрекеті. Ал тырнақ тістеудің себебі – агрессияны ашық талқыға салып білдіре алмау. Бұл – айналадағы жағдайға байланысты кінәні мойнына алу.

– Тырнақ тістеу қаншалықты қауіпті?

– Балабақшаға немесе мектепке баратын, жалпы жаңа ортаға түскен баланың тырнақ тістеуі, саусақты ауызға салуы – қобалжуын басудың ерте кезеңге сай қарапайым амалы. Бұл әрекет баланың өзгеріске әлі дайын емес екенін көрсетеді. Тырнақ тістеудің (онихофагия) психика тұрғысынан себебін анықтаса, гигиена мен тәрбие амалдарын қолданса, балаға оң септігі болады. Егер ішкі эмоционал себеп шешілмеген болса, тырнақ тістеу әрекеті басқа аутоагрессив қимылмен ауыстырылады. Бала тырнақ тістеуден бөлек басын ұрып, өзін жазалап жатса, оған дауыс көтерудің қажеті жоқ. Бұл әдетті кетіру үшін баламен сенімді қарым-қатынас орнату керек.

– Аутоагрессияның тағы қандай түрлері бар?

– Аутоагрессияның тағы бір көрінісіне балада тәбеттің болмауы, ұйқысының бұзылуы сияқты факторлар да жатады. Мұндай кезде баламен ата-ана ролінде емес, дос болып, проблеманы талқылаған дұрыс.

– Әңгімеңізге рақмет!

Назым Сапарова

«Ұлан» газеті, №39
29 қыркүйек 2020 жыл

 

528 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор