• ҰЛАН
  • 28 Қыркүйек, 2020

Балаларды саяхатқа бірге алып шығу – болашаққа инвестиция

2019 жылы 9-сыныпты тәмамдап жатқанбыз. Бәріміздің ойға алған нәрсеміз бір. Ол – жазғы демалыста ағылшынымды жетілдіремін деген мақсат. Бірақ бір сыныптасымызға ғана бұл аса қатты маңызды болмады. Себебі оның ағылшыншасы өте керемет еді. Ол Дариға болатын. Біз сол жылы ағылшынды енді бастап жатсақ, Дариға 14 жасында Дубайға барып келді. Білетін ағылшыншасын тәжірибеде тағы да тереңдете түсті. Дариғаның арқасында отбасындағы  бес адам да алаңсыз демалды. Керемет емес пе?! Дариғаның әңгімесі кімге болсын жігер берері сөзсіз.

– Дариға, Дубайға кіммен бардың?

– Тамыздың 19-ы күні отбасыммен Дубайға жолға шықтық: мен, әкем, анам, екі сіңлім және інім. Негізі ең басында тек қана анам мен әкем және кіші сіңлім барады деп шешкенбіз. Бірақ бізді де ел көрсін, білсін деп бірге саяхатқа алуды қарастырды. Шынымды айтсам, кішкентай кезімнен бері Дубайға бару арман еді. Дәл сол сәтте менің қалай қуанғанымды білсеңіз ғой...

– Құжаттарды рәсімдеуге қанша уақыт кетті?

– Шетелге шығу үшін құжаттарды жасатуға бес күн кетті. Онымен негізі ата-анам айналысты. 

Дубайға бару үшін ағылшын тілін білу міндетті ме?

– Негізі шетелге шығу үшін көп қолданылатын сөздерді білсең жеткілікті. Бірақ қалаған қажеттіліктерді түсіндіру немесе келісімге келу қиындау болады. Мысалы, отбасымда менде ғана кішкене болсын ағылшынша сөйлей алатын база болды. Бірақ саяхат болғандықтан әртүрлі оқиғалар болады. Мысалы, біз Сахараға «Джиппен» барғанбыз. Кейін арабтардың кешкі асын көруге бардық. Сол уақытта әкелген машина кетіп қалды. Ал машинаға құжат, киім салынған сөмкені тастап кеттім. Ол кешкі ас ішіп болған соң ғана есіме түсті. Келесі жүргізушіге осы ақпараттардың бәрін сол уақытта жеткізу өте қиын болды. Жарты сағат бір-бірімізді түсінумен және түсіндірумен уақыт өткіздік. Ал қазір сол уақытқа қайта барсақ, барлығын шешіп тастар едім деп ойлаймын. Сондықтан, әрине, ағылшынша білсең тіпті керемет.

– Неше күн болдың және әр күнді қалай өткіздің? Қайда бардың?

– Дубайдың заманауи және зәулім ғимараттары көз тартады. Бір ғажайып технологиялар заманына түскендей сезінесің. Ең керемет жерлері – Burj Khalifa, музыкалық фонтан, Dubai Mall, Burj Al Arab, Dubai Marina және т.б. Әрине, бұл жартысының жартысы ғана. Одан басқа өте әдемі жерлер көп. Сондықтан  айтарым, бармай тұрып жақсылап жоспар құрыңыздар.

Дубайда 8 күн болдық. Ең бірінші күні біз қонақүйде қалдық. Қонақүйдің өзі бір экскурсия болды. Далада бассейнге түсіп, рақаттандық. Барлығы өте керемет жабдықталған, тап-тұйнақтай және өте әдемі. Екінші күні Дубайдың өзін көруге шықтық. Ой, бірақ дала қатты ыстық болды. Сондай ыстықта қап-қара киінген араб әйелдерін көріп таңғалдым. Бастапқы кезде  шынайы пальманы көріп, өз көзіме өзім сенбей жүрдім. Жоғарыда айтылған «Дубай Маринаға» бардық.  Ол жерде ең әдемі зәулім үйлер жинақталған. Сырттан қарасаң, көрінісі көз тартады. Ақыры армандаған Burj Khalifa-ға да жеттік. Музыкалық фонтанды көріп, ерекше бір басқа әлемге жүргендей болдым. Дәл сол сәтте бәрі мүмкін екеніне көзім жетті. Dubai Mall-ды аралап, біраз дүниелерді көрдік. Ал үшінші күні Сахара шөліне барып,  арабтардың ұлттық кешкі асын ішеміз деп жоспарладық. Сахара тек қана құмнан тұрады,  сонда да өзіндік  атмосферасы бар. Фильмде бір рөлді ойнап жатқандай сезімде болдым. Кешке мүлдем ертегідей әсерге бөлендім. Әртүрлі шоулар, шведтік кешкі ас... Қаншама талантты адам өнер көрсетті. Ал біз болсақ, әртүрлі тамақтардың дәмін таттық. Сосын бағана айтып кеткендей, сөмкені іздестірдік. Сөйтіп күтпеген жерден өзіміз келген машинаны іздеп, Шарж қаласын көріп қайттық. БАӘ-нің екі қаласында болып қайттым десем де болады. Келесі күндері Дубайдың ең үлкен саябақтарын, аквасаябақтарын көрдік. Тағы бір күні тек қонақүйде болып, кешке жай «Дубай Маринада» жүруге шыққанбыз. Бірақ күтпеген жерден яхтадағы кешкі асқа тап болдық. Яхтада түнгі Дубайды көріп, кешкі ас ішу, әртүрлі шоуды тамашалау бір түс секілді болды. Соңғы күндері шейх Зайд мешітін, сарайын көрдік. Өте керемет архитектурамен салынған. Алтынмен қапталған заттарды да, картинкаларды да көрдік. Саябақтарын айтсаңызшы. Өте үлкен және ешқашан көрмеген аттракциондарды қойған. Ең соңында әлемдегі ең үлкен, биіктігі 150метрге дейін жететін «Дубай» картинкасына бардық. Ең жоғары қабатына шығып, астына қарағанда өзіңді аспанда жүрген сияқты сезінесің. Әртүрлі суреттер жасадық. Дубай тарихын, яғни мұнай алудың тарихын көріп те үлгердік. Болашақта қандай технологияларды қосатынын, әлі де талай жаңалықтар ашатынын білдік. Негізі 8 күн бойы тыным таппадық. Әр күн мен үшін өмірімдегі тамаша сәттер болып, мәңгілікке санамда қалды. Осының барлығы үшін Аллаға және ата-анама алғысым шексіз!

– Дубайдағы бағаны Қазақстанның бағасымен салыстыруға келе ме?

– Негізі Дубайда Қазақстанға қарағанда біршама қымбат. Ол кезде 1 дирхам 100 теңгеге тең болды. Айырмашылықты мынамен дәлелдей аламын: Dubai Mall-дан Al Arab-қа бару 250 дирхамға шықты. Ол Қазақстанда 25000 теңге. Бұдан да көп әртүрлі мысалдар бар.

Қазақстаннан тікелей Дубайға бардың ба, әлде бірнеше қалаларға тоқтау арқылы жеттің бе?

– Қазақстаннан тікелей Дубайға бардық. Жолға 4 сағат кетті. Fly Dubai ұшағымен ұштық. Бір айта кететін жайт мұнда фильм, тамақ берілмейді.

– Әңгімеңе рақмет. Отбасы болып демалатындар кеңесіңді кәдесіне жаратар деп ойлаймын.      

P.S. Отбасы бюджетін дұрыс жоспарлай алсақ,  кез келген отбасы саяхатқа бара алады. Қазір той қуатын емес, ой қуатын заман. Балаларды кішкентайынан саяхатқа алып шығу таным көкжиегін дамытады деп ойлаймын.   

Аяулым АБАЕВА,

Абай атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған

мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №39
29 қыркүйек 2020 жыл

335 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор