• Сырсандық
  • 26 Қыркүйек, 2020

Бруклин бағындағы сакура гүлдеуден бір күн бұрын

Газетіміздің өткен №37 санында жазушы Лира Қоныстың сұқбатын жариялағанбыз. Әдебиетсүйер қауым Лираны сағынып қалыпты. Жоғалтып алған жақұтын тапқандай боп, сұқбатын мәре-сәре оқыды. «Лира не жазып жүр екен? Бұрын жақсы көріп оқушы ем» деген оқырман лебізінен кейін жазушыдан жаңа әңгімесін сұрап алдық. Мархабат!

...Оның Қытайға оқуға кететіні анық болған күні мен екеуміздің арамыздағы сылбыр сезімге нүкте қойылғанын ұқтым. Қуанышты жаңалығын естіген мезетімде үш жылдан бері сүлесоқ сүйретілген махабатымыздың түгесілер сәтін күткенімді білдім. Содан соң жанымды кермек қимастық соққылап өтті. Бірақ өзімнен оны сақтап қалуға деген күресу ниетін байқамадым. Бұл – көзкөрген адамыңмен ажырасу секілді сәттік қынжылыс екен. Бала кезіңізде көрші тәтейдің үйі көшкенде, бұл қоныс аударудың сізге келіп кетері жоғын біле тұра, әлдебір қимастыққа толы жанармен оның дүниесі артылған жүк машинасының соңына қарап, шарбаққа сүйеніп тұратын ба едіңіз, бұл да тап сондай сезім. Сөйтсе-дағы, менің еріндерім дірілдеді, жылағым келді. Көрсетіп жылай салуға да болар еді.

– Сонымен, қашан жолға шығасың?

– Ертең.

– Тым ерте емес пе?

– Иә, бірақ, бұл бала кезден армандаған Қытай ғой. Түсінесің бе… шыдай алар емеспін.

– Түсінемін!

– Онда... әлгі керіктің баласын көруге барайық?

Зообақ қызметкерлері Мауи деп ат қойған керіктің төлі былтырғы саратанда туылған. Алғашқылардың бірі болып ентігіп жеткенімізде аяғын әпіл-тәпіл басып жүр екен. Ол неге ұқсатарын білмеді, бар болғаны «о, менің құдайым, бұл қандай ғажайып» деп бас шайқай берді. Мен өте сабырлы кейіп сақтадым. Жент қайнатып, шиге құрт жайып өскен бала кездегі дағдыммен бажайлап, аяғы мен мойыны ұзын демесең, аумаған сиырдың бұзауы дедім. Оның үстіне сол күндері кинотеатрларда жүріп жатқан Гавай аралдарының жарнамасы іспеттес мультфильмдегі Мауи деген құбыжықтың аты мынау монтаны керік баласына мүлдем үйлеспейтін. Сонда да, біз қара суық түскенше оны тамашалауға жиі барып жүрдік.

– Барсақ барайық. Мойыны сорайып өсіп қалған шығар.

Зообақ қызметкері бізді қуантпады. Ауада әлі қыстың ызғары барда түп тамыры африкалық аң ретінде керік баласы әлі де жылы қоймада сақталары жайлы мағлұмат естідік. Мүмкін деп ойланды сосын, жалпы оны жаздық өрісіне дайындап жатқан, ертең күн жылы болса шығарар, ертең келіңдер... Мына көңілсіз екеу үшін ертеңнің болмайтынын зообақ қызметкері білмейтін. 

– Онда киноға кірейік.

Бірақ ол маңда қашықтығы қозыкөш жерге жететін ұзақ-сонар кезек тұрды. Кинотеатрдың қабырғасы әлем-жәлем жарнамадан үгітіліп кетердей боп тұрса да, жұрт тек бір супер-қаһарман жайлы кадрды көрмек үшін жиналыпты. Қолдарым дірілдеді. Өзімнің соңғы сәтті барынша созғым келетінін аңғардым.

– Бірдеме жейік, қарным ашты.

Көзіме сонадайдағы корей асханасына түсті. Бибимбаб жегім келді. Хангук стиліндегі шағын кафеде 2PM тобының ескі хиттары шырқалып жатқан. Ән аяқталғанша Тэгеннің партиясына қосыла әндеттім, ол дебют жасағалы бері адал тыңдарманмын, ол айтатын шумақтарды жатқа білемін.

– Тэген да жақында әскерге кетеді, – дедім.

Бағана есіктен иіліп қарсы алған даяшы бүгінгі мәзірде Бибимбабтың жоқтығын жеткізді.

Мұнан соң көшенің қарсы бетіндегі баққа келіп тізе бүктік. Онда қаз-қатар тізілген Сакура ағаштары гүлдеу үшін сағат санап тұр екен, күлгін түйіншектерін даярлап, күннің жылуын асыға күтуде. Екеуміздің бұл отырысымыздан шарасыз мағынасыздық есіп тұрды.

– Осы сен қалай ойлайсың, Хан Хан шынында да өзін түпнұсқадан оқу үшін оқырманын қытай тілін үйренуге мәжбүрлейтін жазушы ма?

– Саған бұлшықеттеріңді қатайту керек, мен барып жүрген фитнестегі жігіттердің денесі керемет.

– Мен сені жаттығып жүр ме десем, жігіттердің денесіне қарап рақаттанып жүр екенсің.

– Мен осы Эдуард Моне мен Клод Монетті шатастыруды қашан доғарар екенмін?

– Ерніме темекінің дәмі тұрып қалды, кездесуге келе жатқанда шылым шекпе деп саған неше рет айтуға болады, – деген секілді кезекші әңгімелерді айттық па, жоқ па, білмеймін. Менің кеткім келді. Бағытым белгісіз болса да, бұл жерден кетуді қаладым.

– Мен онда қайтайын.

– Қайтасың ба?

– Иә, сау бол.

– Сау бол.

Керек кітабыңды тауып алған соң кітапханашыға рақмет айту секілді қадірсіздеу қоштасу. Көктемнің иісі мұрынның желбезегімен ойнаған сакура бағының қақ ортасымен жүріп келемін. Кенет, жып-жылы алтынкүрек есті. Ертең күн жылиды: ертең зообақ керіктің төлін жазғы мекеніне шығарады, ертең  корей асханасы бибимбаб пісіреді, ертең кинотеатрда кезек болмайды, ертең сакура гүлдейді.

Лира ҚОНЫС

АҚШ, Калифорния штаты

«Ұлан» газеті, №39
29 қыркүйек 2020 жыл

327 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор