• Әдемі әуестік
  • 25 Қыркүйек, 2020

Көркем әдебиет оқып отырып, сурет салатын Назлы

Достар, сендерге бір қызық айтайын ба? Қашықтан білім беру жүйесіне көшу арқылы группалас достарымның онлайн белсенділігі артты. Жақында группалас құрбымның талантты суретші екенін білдім. Суретші құрбыммен таныстығымыз ерекше сұқбат боп өрбіді.

– Назлы, алдымен өзің туралы оқырмандарымызға таныстырып өтсең. Сурет өнеріне қызығушылығың қашан және қалай басталды?

– Аты-жөнім – Назлы Абдурахманова. Түркістан облысының Иқан ауылында туып-өстім. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1-курс студентімін. ҰБТ-дан 111 ұпай жинадым.

Сурет өнеріне қызығуым бастауыш сыныптан басталған еді. Алайда бейнелеу өнерінен берген ұстазымыздың сабақ өткізу әдісі маған ұнамайтын, сондықтан өзімді жақсы жетілдіре алдым деп айта алмаймын. Бесінші сыныпқа көшкенімде мектепке жаңадан жас мұғалім келді. Дилафруз Сайдикрамова деген апай еді. Менің қарым-қабілетім бар екенін көріп, бағыт-бағдар беріп, сурет салуды дамытқанымды қалады. Сол кезден бастап мені түрлі конкурсқа қатыстырып, қолдап жүрді. Қарапайым қарындаш таңдаудан бастап, бейнелеу өнерінің сан қырын үйретті. Дарынымды шыңдаған ұстазыма алғысым шексіз. Егер ұстазым мені тәрбиелеп, жөн сілтемегенде, бойымда жасырынып жатқан қасиетімді ашпағанда, мұндай жетістікке жетпес едім деп ойлаймын.

– Қашықтан білім алудың қиындығы мен қызығы туралы әңгімелеп берсең.

– Қашықтан білім алу бәрімізге де қиын соқты. Қашықтан білім алудың мен үшін зор пайдасы ҰБТ-ға дайындалуға көп мүмкіндігім болды. Карантинде онлайн  курстардың көмегіне жүгініп, жақсы жетістікке жеттім. Juz40 орталығының бір айлық марафонына қатысып, сапалы білім алдым. Ал университеттегі қашықтан білім алу қызыққа толы болды. WhatsApp желісінде мамандығымызға қатысты топ өте көп. Қыркүйектің алғашқы күндері Zoom платформасында басқа топтың сабағына қатысып кеткенімді кейін аңғардым. Кейбір студенттер әлі тобындағыларды танымай, адасып жүр. Мұның бәрі бір жағынан қызық. Кейде байланыс нашар болып, ұстаздардың дәрісін тыңдай алмай қаламыз. Бұл – қиындығы.

– 11-сыныпқа аяқ басқанда, үлкендер жағы балаларына мамандықты өздері таңдап, нұсқау беріп жатады. Ал сен мамандықты өз қалауыңмен таңдадың ба?

Кішкентайымнан ата-анам менің қалауыма, таңдауыма шектеу қойған емес. Алға қойған мақсатыма қол жеткізу үшін өзім еңбектеніп, өз күшімді сарп еткім келеді. Үйдің үлкен қызы болғандықтан, өз бетіммен шешім қабылдағанды жөн көремін. Алғашында ҰБТ-ға дайындықты да жүйелі бастаған жоқпын, өнерімді шыңдап, сурет байқауларына қатысып, ән шырқап, рухани тұрғыда өзімді жетілдіруге күш салдым. Бір күні ұстаздарым маған бір ұсыныс тастады. Мектепте әдебиеттен беретін ұстаз жоқ, ауыл мұғалімі зейнетке шығайын деп жүр. Мектепке сапалы білім беретін жас мамандар керек деп ақыл айтты. Ауылымда әдебиет мұғалімі жоқ болғандықтан, көңілім осы салаға ауып, қатты қызықтым. Алайда мен өзімнің шығармашылығымды ары қарай дамытамын деп ойлаймын. ҰБТ-ға дайындалып жүріп те, сурет салуды ешқашан кейінге қалдырмадым. Конспект жазып, тапсырма орындап жатқанда да бір уақыт сурет салып, дәптерлерімді безендіріп тастайтынмын. Осылайша бір жағынан өзім де демалып, сурет салуға жаттығып отыратынмын.

– Сенің суреттеріңді қарап отырсам, барлық жанрда да туындыларың ерекше. Өзіңе қандай тақырыпта сурет салу ұнайды?

– Маған барлық жанрда да сурет салған ұнайды. Әсіресе жансыз заттарды бейнелегенді  жақсы көремін. Натюрморт пен пейзаж жанрында салғанды ұнатамын. Әйгілі Леонардо да Винчи: «Нағыз суретші адам бейнесін салуы керек. Егер де ол адам бейнесін сала алмаса, суретші емес», – деген екен. Сондықтан адам бейнесін салуда техникамды дамытып, мейлінше көңіл бөлемін.

– Қандай байқауларға қатыстың? 

– Көптеген шығармашылық байқауға қатыстым. Соның ішінде жаныма ерекше әсер қалдырған байқау – Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен олимпиада. Сол кезде сегізінші сынып оқушысы болсам да, оныншы сыныптың атынан қатысып, бақ сынадым. Сәуір айының жиырма сегізі күні болу керек. Ұстазым мені кешкісін үйіне шақырды. Бір шәйнек, кесе мен бірнеше алманы үстел үстіне қойды. Дәл сол жерде отырып, натюрмортты айнытпай қайталап салдым. Одан соң ұстазым маған баға беріп, қалай өлшеп салуды көрсетіп түсіндірді. Келесі күні таңертең жолға шығып, сайысқа бардық. Бір қызығы, сайыста берілген тапсырма да ұстазымның бергеніне ұқсас болды. Алдыма мольберт беріліп, бір шәйнек пен алмұрт қойылды. Мен еш қиналмастан салып шықтым. Менің қабілетіме қазылар таңдана қарады. Өкінішке қарай, байқау талапкерлерге арналғандықтан бірінші орынды 11-сынып оқушысына берді, ал мен екінші орынды қанжығаға байладым. Бір жыл өткеннен кейін тағы да 10-сынып оқушысы болып қатыстым. Ол кезде де талапкерлерге жақсы көңіл бөлінді. Себебі талантты суретшілерге университет ішкі грант беріп, оқуға шақырады екен. Сол кезде менің деңгейімнен төмен оқушының бас жүлде иеленгенін көріп, қатты қапаландым. Алайда университеттің професоры Ералин Қуандық деген кісі менің өнеріме оң баға беріп, өзінің кітабын сыйлап, ақ тілегін білдірді. Кейіннен  Кентау, Түркістан қалаларында өнер мектептерінде өткен сайыстарға да қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім.

– Шығармашыл жандардың әрдайым бір нәрседен ұтылатыны анық. Ол – уақыт. Уақытты қалай үнемдейсің? Бір суретті салуға шамамен қанша уақытың кетеді?

– Барлық адам уақыттан жеңіледі. Қанша бизнесмен, қанша мықты адам болсаң да, қарапайым жан болсаң да, уақытты дұрыс басқармасаң ұтыласың. Кейде өзім де уақытты тиімді пайдалана алмай, ауытқып кетемін. Сурет салуға кем дегенде екі сағат уақыт кетеді, ал бояуға 3-4 сағат уақытым кетіп қалады. Ал эскиздер салуға жарты сағат жұмсаймын. Ең жақсы суреттер салу үшін бірнеше күн қажет. Әсемдік пен көркемдікті жаным сүйеді. Суреттерді безендіріп, бояуға ерекше мән беремін.

– Егер танымал суретші атанып, туындыларың аукциондарда миллиондаған долларға бағаланып сатылатын болса, бұл қаражатты қалай жұмсар едің?

– Егер де осындай жетістіктерге жетіп, галереямды ашатын болсам, мешіт құрылысына титтей де болсын көмегімді тигізгім келеді. Бала кезден арманым – мешіт салдыруға үлесімді қосып, халыққа игі іс жасау. Өзім секілді жастарды жинап қайырымдылықпен айналысып, мұқтаж жандарға көмектесер едім.

– Сурет салуға қызығатын, бірақ техникасын білмейтін жастар арамызда көп шығар. Қызығушылық болса, сурет салу қабілетін дамытуға болады деп ойлайсың ба?  

– Қандай да бір жетістікке жету үшін адам бойында титтей ғана талант болса, қалғаны еңбек болуы шарт.  Бірақ шығармашылық қасиет – адам бойына Алладан берілетін ерекше сый. Менің ойымша, адам бойында талант пен еңбек 50х50 болуы керек. Менің бойымда талант пен дарын бар деп, қасиетін жетілдірмей жата берсе, басына қонған бағын ұшырып алғанмен тең деп санаймын. Дарыныңды дамытпасаң, еңбектенбесең, жетістікке жете алмайсың. Менің қолымнан келмейді, талантым жоқ деп қапалануға да болмайды, еңбектенген адам қайтсе де бір белесті бағындырып, мақсатқа жетеді. Алайда сурет салғанның бәрі атақты суретші болып кетеді дей алмаймын. Табиғатынан даусы болмаған жан қанша талпынса да ән айта алмайды. Сол секілді суретшінің бойына да берілген бір кішкентай жарықтың ұшқыны болады. Еңбектену арқылы екінің бірі суретші болып кете алады десем, сурет өнерінің қасиетін қорлағаным болар еді.

– Назлы, ерекше әңгімеңе алғысым шексіз!

Айсұлу СЪЕЗХАН,

«Ұланның» жас тілшісі.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №38
22 қыркүйек 2020 жыл

740 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор