• Толағай
  • 23 Қыркүйек, 2020

Әлемге танылған спортшы қазақ қыздары

Қазақ қыздары да спортта биік белестерді бағындыра алады. Тіпті Олимпиада жүлдегерлері де бар. Осы ретте елімізді әлемге танытқан және жат жұртта жүріп-ақ топ жарған қазақ қыздары туралы сөз қозғамақпыз.

Кеңес одағы тұсында да қазақ қыздарынан спортшы болмады деп айта алмаймыз. Бұрымдылардан ең алғаш болып спорт шебері нормативін 1952 жылы мерген қыз Гүлшат Майлыбаева орындаған екен. Одан кейін АДК волейбол командасында Гүлшат Рахымова өнер көрсетсе, шахматтан апалы-сіңлілі Гүлнәр мен Эльвира Сахатова, спорттық гимнастикада Қарлығаш Қалиева, семсерлесуден Ерке Орманбаева және басқалар болды. Олар КСРО деңгейінде жарыстарда оза шапты. Әсіресе, КСРО халықтары спартакиадасында талай рет жеңіске жеткені бар, тек Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарына апармады.

Тұңғыш қатысушы

Одақ тұсында еліміздегі спортшы қазақ қыздарына Олимпиадаға бару бақыты бұйырмаса, есесіне Моңғолияда тұратын Алданыш Рамазанқызы алғаш болып 4 жылдықтың басты додасында өнер көрсеткен екен.

Ол тек қазақ қыздары арасында ғана емес, Моңғолия тарихында да Олимпиадаға қатысқан алғашқы әйел көрінеді. Алданыш апамыз жүгірумен айналысқан. Жеңіл атлетиканың орта қашықтыққа жүгіретін дистанциясын таңдаған. Моңғолиядағы жеңіл атлетикадан өзі орнатқан рекордты 30 рет өзі жаңартыпты. Бұл кез келген спортшының қолынан келе бермейтін үлкен ерліктің бірі.

Моңғолиядан Қазақстанға оралған журналист Бекен Қайратұлы Алданыш Рамазанқызы туралы талай рет жазды. Одан бөлек, Qazaqstan ұлттық арнасының тілшісі Айнұр Омар да Моңғолияға арнайы барып, сюжет дайындап келгені бар.

Жоғарыда аталған тілшілердің мәліметтеріне сүйенсек, Алданыш Рамазанқызы 1945 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. 1965 жылы медицина техникумын, 1972 жылы Мемлекеттік денешынықтыру спорт институтын бітірген.

Ұлан-Батыр қалалық №18 мектепте оқып жүргенде кезінде-ақ жүгіруден алдына жан салмапты. Оны байқаған сол кездегі Иванов деген бапкер 6-сыныптың оқушы-сын жеңіл атлетика секциясына қабылдаған. Кешікпей талантты қыз ұлттық құраманың сапынан бір-ақ шығады. Бұл 1961 жыл еді.

Ал Олимпиада ойындарына 1964 жылы қатысқан. Жапония астанасы Токиода әйелдер арасындағы 400 метрлік қашықтыққа жүгіргенде 68 жүйріктен 20-шы, 800 метрлік қашықтыққа қатыс-қан 75 спортшыдан 22-ші орынға ие болыпты. Әлемнің 70-80 елінің таңдаулы жүйрік қыз-келіншектері қатысқан мұндай додада алғашқы жиырмалықтан көріну екінің бірінің қолынан келе қоймасы анық.

Динара Әлімбекова

Алғашқы чемпион

Ал әзірге қазақ қыздарының арасында Олимпиада чемпионы болған жалғыз спортшы бар. Ол биатлон құрамасында өнер көрсететін Динара Әлімбекова. Динара 1996 жылы Қарағанды облысының Абай қаласында дүниеге келген.

«Әкем – қазақ, анам – орыс. Мен үш жасқа толғанда, ата-анам жұмыс бабы бойынша Беларуссияға көшіп келіпті. Осы жақта інім Женя дүниеге келді. Біздің отбасыда ешқандай кәсіби спортшы болған емес. Тек атам ғана салауатты өмір салтын ұстанып, қыста қармен жуынатын. Мектептегі денешынықтыру сабағынан берген Геннадий Таевский деген ұстазым алғаш болып, шаңғы тебуге кеңес берген болатын. Бұл кезде қолыма винтовка ұстаған жоқпын. Ал спорттық карьерам Чаусы қаласындағы балалар және жасөспірімдер мектебінен басталды. Мен ол кезде 11 жаста едім. Алғаш рет шаңғыға балалар бапкері Мария Ивановна Шипикова үйретті. Басында өте қиын болды. Сол кезде спорттан бөлек өнер мектебінде бимен айналысып, фортепиано ойнап жүрген болатынмын. Екеуін қатар алып жүру оңайға соқпады. Маған өнерге қарағанда, спорт ұнайтын. Анам жаттығуға жібермеген кездері, тіпті жылап та алатынмын. Спорт пен өнердің біреуін таңдау керек болды. Мен біржола спортқа ден қоятын болып шештім. Бір жылдан кейін спорт мектебіне қабылдандым. Андрей Иванов деген бапкердің тобында жаттықтым. Көп ұзамай алғашқы жарыстар басталды. Ең бірінші Ресей жерін-де өнер көрсеттім. Дегенмен әлі күнге ноталарды ұмыта қойған жоқпын. Алғашында спорттық жарыстарға барып жүргенде, емтихан тапсыру үшін нотасы бар кітапты өзімен қоса алып жүретінмін», – дейді Динара Әлімбекова.

Спортшы 2015 жылы Минскіде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының командалық сайысында топ жарды. Ал 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласындағы Олимпиада ойындарында Надежда Скардино, Ирина Кривко, Динара Әлімбекова және Дарья Домрачевалар командалық эстафетада топ жарды.

Жазира Жаппарқұл

Тәуелсіздік жылдарындағы кезең

Тәуелсіздік алғаннан кейін жағдай өзгерді. Олимпиадаға өз еліміздің атынан қатысатын қазақ қыздары да көбейе бастады. Қазақстанның атынан ең алғаш болып Олимпиадаға конькимен жүгіруші Кенжеш Сәрсекенова қатысқан. Жазғы спорт түрлерінен мұндай мәртебеге мерген қызымыз Дина Аспандиярова ие болды.

Кенжеш 1994 жылы Лиллехаммерде (Норвегия) 3000 метрге жүгіріп, мәреге 24-ші болып келді. Ал Дина 1996 жылы Атлантаға жолы түскен 25 бұрымдының арасындағы жалғыз қазақ қызы болатын. Бірақ сол жолы өнер көрсете алмады.

Есесіне, Аспандиярова 2000 жылы Сиднейде жүлдеге жақын болған. 10 метрлік қашықта пневматикалық тапанша көздеуден іріктеу кезеңінде үшінші орынға тұрақтады. Сосын финалда 8 мықтының арасында сәл қобалжып, алтыншы орынды қанағат тұтты.

Осыдан кейін Дина сол кездегі нысана көздеуден ұлттық құраманың бас бапкері Анатолий Бабушкинаға тұрмысқа шығып, екеуі елден кетеді. Алдымен Ресей құрамасында өнер көрсетсе, кейін Аустралияға қоныс аударады. Дина Аустралияның атынан 2008 және 2012 жылғы Олимпиада ойындарына қатысқан. Айтпақшы, шетелде тұратын спортшы қазақ қыздарының арасында апалы-сіңлілі Сахатовалар да бар. Біреуі Ұлыбританияда, екіншісі Люксембургта екен.

Сиднейдегі Олимпиада ойын-дарында қазақ қыздарынан Дина жалғыз болмады. Ватерполдан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Әсел Жақаева, синхронды билеуден Әлия Кәрімова, дзюдошы Гүлнәр Көшербаевалар барды. Арада 4 жыл өткенде Афиныда тағы 4 қаракөзіміз бақ сынаса, 2008 жылы Бейжіңде бұл көрсеткіш 10-ға жетті. Ал 2012 жылы Лондонда 7-ге азайды.

Қазақ қыздары үшін ең сәтті Олимпиада әзірге Рио болып тұр. Бразилия жерінде Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Эльмира Сыздықова (әйелдер күресі), Дариға Шәкімова, Жайна Шекербекова (екеуі де бокс), Сабина Әшірбаева (көркем гимнастика), Мариан Ордабаева (дзюдо), Гүлжанат Жанатбек, Диана Айдосова (екеуі де жеңіл атлетика), Айнұр Есбергенова, Жансель Дениз (екеуі де таэквондо) өнер көрсетті.

Осылардың үшеуі жүлдеге ілікті. Жазира Жаппарқұл ауыр атлетикадан 69 келіге дейін салмақта күміс жүлдеге ие болса, боксшы Дариға Шәкімова мен балуан Эльмира Сыздықова тұғырдың үшінші сатысынан көрінді.

Одан бөлек, бокстан әлем чемпионы атанған Назым Қызайбай, Дина Жоламан, теннисте талай додаларда оза шапқан Зарина Диас, мәнерлеп сырғанаудан әлемнің вице-чемпионы атанған Элизабет Тұрсынбаева, шахматтағы Жансая Әбдімәлік пен Динара Сәдуақасоваларды да ерекше айтуға болады. Волейбол, футболда азын-аулақ болса да қазақ қыздары бар.

Ендігі кезекте еліміздің атынан қатысып, Олимпиада чемпионы атанған қазақ қызы болса деп армандаймыз.

Бек Төлеуов

«Ұлан» газеті, №38
22 қыркүйек 2020 жыл

4823 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор