• Жырақтан білім іздесең
  • 22 Қыркүйек, 2020

Оңтүстік Кореяда оқу қиын ба?

Саида Асқарова – Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 2018 жылғы түлегі. Физика мен математика пәндерін сүйіп оқып,  мектепті «Алтын белгімен» бітірген. 2014 жылы НЗМ оқушыларының ағылшын тілін жетік меңгеруіне бағытталған Малайзия сапарында шет елде білім алуға құлшынысы оянады. Қазір Оңтүстік Кореяда оқиды. Саида студенттік өмірі  мен онда қалай оқуға түскені туралы баяндап берген еді.

– Оңтүстік Кореяның ең мықты оқу орнына грантқа түсу үшін қандай құжаттар жинап, қандай емтихандар тапсыру қажет?

– Құжат тапсыру процесі күрделі көрінгенімен, салыстырмалы түрде қарапайым болып шықты. Ең алдымен университеттің веб-сайтындағы қабылдау шарттары мен құжаттар тізімін мұқият оқу қажет. Шетелдік университеттер талап ететін сұқбаттасу кезеңін Сеул ұлттық университеті мүлде өткізбейді. Байқағаным, қабылдау комиссиясы құжат тапсырушының табеліндегі бағаларына ерекше назар аударатын сияқты. Себебі қасымда оқып жүрген шетелдік студенттің көбі мектепті үздік бағаға аяқтаған. Десек те, беске толы табель оқуға түсудің жүз пайыз кепілі емес. Үміткердің сыныптан, мектептен тыс белсенділігіне және болашақ мамандығымен байланысты салалардағы жетістігіне ерекше көңіл бөледі. Сонымен қатар, мотивациялық хатты жазған кезде университет сайтынан алынған мәліметтерді кірістіру арқылы қабылдау комиссиясына өзіңнің СҰУ-ға түсуге қаншалықты құштар екеніңді дәлелдеуге болады. Мысалы, «Менің мектеп қабырғасында информатика пәнінен алған білімім Ким Ен Иль профессордың жетекшілігіндегі Spatial Informatics пәнін меңгеруге зор пайдасын тигізеді деп ойлаймын», – деген нұсқада жазуға болады.

Грант мәселесіне келсек, оқу ақысын толық өтейтін әрі ай сайын стипендия беретін бағдарламалар бар. Мен СҰУ-да тікелей университеттің өзінен берілетін Global Talent Scholarship деген грант бойынша білім алып жатырмын. Бұл грантты ұтып алу үшін арнайы құжат толтырудың қажеті жоқ. Себебі бұл грантқа университетке түскісі келетін үміткерлердің барлығы қатыса алады. Бұдан бөлек, Корея үкіметінің атынан ұйымдастырылатын KGSP бағдарламасы және «Самсунг» компаниясынан берілетін GloHarmony стипендиясы жайында естуім бар.

– Қандай мамандықты таңдадыңыз?

– Құрылыс және қоршаған орта инженериясы мамандығында білім алып жатырмын. Мамандығымның негізгі функциясы – автомагистраль, тасымалдау жүйелері, су тазарту жүйелері, ғимараттар, көпірлер және тағы да басқа объектілерді жоспарлау, жобалау және құруға негізделеді. Бұл мамандықтың негізгі мақсаты – қоршаған ортадағы ауа, су, жер және энергетикалық ресурстардың қолданылуын басқара отырып, табиғи апат зардаптарының алдын алу әрі олардан адамдарды қорғау, адамдардың барынша жайлы өмір сүруіне жәрдемдесу. Бұл сала бірнеше кішігірім әрі нақтырақ өріске тармақталады. Бакалавриат кезінде бұл салалардың барлығы үстіртін оқытылады. Сондықтан белгілі бір саланы тереңінен зерттеп білгіңіз келсе, кейіннен магистратураны да бітірген жөн.

Саида

–  Сіз білім алып жатқан оқу орнында студенттерге қандай жағдай жасалған?

– СҰУ-да студенттер үшін барлық жағдай жасалған деп айта аламын. Университет кампусының территориясы кішігірім қалашықтың ауданына сай келетіндіктен, кампус ішінде тегін автобус (шаттл-бас) жүреді. Көптеген дүкен, асхана және кафе жұмыс істейді. Университеттің барлық  локациясына Wi-Fi қондырылған, қазіргі заман талабына сай гаджеттер арқылы қандай да бір қажетті процесті оңай әрі тез жүзеге асыруға болады. Жатақхананың әрбір ғимаратында студенттердің өздігінен оқуына арналған оқу бөлмелері мен залдары бар.

Кореядағы бағалау жүйесі көбіне бәсекелестікке негізделеді. Мектепте де, университетте де оқушыларды бір-бірінің үлгерім деңгейімен салыстыра отырып бағалайды. Бұл дегеніміз – сыныптағы студенттердің бәрі 100 балдық емтиханнан 90 балдан жоғары нәтижеге жетсе де, барлығы өте жақсы бағаға ие болмайды деген сөз. Мысалы, әрбір сыныпқа студенттердің 30 пайызы «А», 40 пайызы «В», қалғаны «С» немесе одан да төмен бағалануы қажет деген талап қойылады. Сонда бәсекелестігі аса жоғары пән емтиханынан 95/100 жинасаң да, төмен баға алып қалуың әбден мүмкін. Бақытыма орай, мұндай сыныптарға өз басым тап болған жоқпын. Алайда естуім бар. Қаншалықты қорқынышты көрінсе де, сыныптың орташа үлгерімі, керісінше, өте төмен болып шыққан кезде мұндай салыстырмалы бағалаудың тигізер пайдасы мол. Оның үстіне бұл жүйенің арқасында ерекше ынтамен сапалы оқи бастайсың әрі өзіңді болашақ өмірде кездесетін қатал бәсекелестікке дайындайсың. Сонымен қатар, кореялық университеттерде студенттер семестр басталар алдында пәндерді толықтай өздері таңдап, тіркеледі. Дәл осы себептен Кореяның университеттерінде Қазақстандағыдай нақты анықталған топтар болмайды. Әрбір курсты көбіне таныс емес, алуан түрлі факультеттен келген жаңа адамдармен бірге таңдайсың.

Қазір әлемде өршіген пандемияға қарамастан Кореядамын. Оқуымыз онлайн өтіп жатса да, емтихандардың кейбіреуі оффлайн форматта болады. Өткен семестрде бір емтиханымды жүзбе-жүз тапсырған болатынмын. 

– Оқуыңызды аяқтап, қолға диплом алғаннан кейін елге ораласыз ба? Әлде шет елде қалып, тәжірибе жинайсыз ба?

– Шынымды айтсам, әлі нақты шешім қабылдаған жоқпын. Дегенмен алдымен Кореяда сәл тәжірибе жинау немесе басқа да елдердің жоғары оқу орындарына магистратураға түсуге талпыну мамандығымның нағыз кәсіпқой маманы атануыма зор пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Осылайша шетелдік тәжірибені жан-жақты үйреніп, кейін өз елімде іске асыра аламын.

– Шетелде білім алғысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

– Ең біріншіден, шетелдегі алғашқы семестр бейімделу жағынан аса қиынға соғуы мүмкін. Кореяға алғаш келгенде басыма «мен не істеп қойдым» деген ой келіп, отбасымды, достарымды қатты сағындым. Осындай сәттерде жаңа адамдармен тіл табысып, жаңа достық құру және қаланың түрлі көрнекі орындарын аралап көру ойыңды өзгертеді. Яғни, сол мемлекетке деген қызығушылығың артып, барлық қиындықты ұмыта бастайсың. Меніңше, оқуға ықыласы зор, еңбекқор әрі ерік-жігері мол оқушылар ғана Кореяның қаталдау оқу жүйесіне шыдай алады. Сол себепті Оңтүстік Кореяны, әсіресе, СҰУ-ды нақты мақсатыңыз ретінде қарастырсаңыз, қазірден бастап ерінбей, жалықпай өз бетіңізбен көп оқуға үйрене бастағаныңыз жөн деп ойлаймын. Кореяда білім алсаңыз, уақытыңыздың көп бөлігін оқумен өткізуге тура келетіндіктен, жиі күйзеліске ұшырауыңыз да мүмкін. Сондықтан әрқашан  денсаулығыңызды күту мен сабақ оқу арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысуыңыз қажет. Еш уақытта өзіңізді корейлік студенттермен салыстырып, «өте жақсы» баға алуды негізгі мақсатыңызға айналдырмаңыз. Корей тілін алдын ала жетік меңгеріп келсеңіз, осындағы болашақ өміріңізді біраз жеңілдете аласыз деп нық сеніммен айта аламын. Корей тілін мүлдем білмей келгенімнің салдары маған әлі күнге кейін  қиындық туғызып жатыр. Себебі университетімде кейбір міндетті пәндер ағылшын тілінде өтпейді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Мерей АУҒАЛИ,

«Ұланның» жас тілшісі.

Мұса Шорман ауылы

Баянауыл ауданы

Павлодар облысы

«Ұлан» газеті, №38
22 қыркүйек 2020 жыл

4817 рет

көрсетілді

9

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор