• ҰЛАН
  • 21 Қыркүйек, 2020

Еуропа жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы Ли Ван

Республикалық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының оқушылары шетінен дарынды. Физика мен математика тереңдетіліп оқытылатындықтан оқушылары халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы. Бүгінгі кейіпкеріміз физмат мектебінің 9 «F» сыныбының оқушысы Ли Ван Қазақстан құрама командасының мүшесі, 2-6 қыркүйек аралығында онлайн форматта өткен информатика бойынша еуропалық жасөспірімдер олимпиадасының алтын медаль иегері. Олимпиаданың қалай өткені мен дайындық барысы туралы Ваннан сұрап, әңгімелестік.

–  Физмат мектебіне 8-сынып оқып жүргенде қабылдандым. Қазір коронавирус пандемиясына байланысты онлайн оқып жатырмыз. Бұған дейін №166 лицейде оқыдым. Ешбір емтихан тапсырмай, оқуға түстім. Республикалық, халықаралық және Жәутіков олимпиадасының жеңімпазы болғандықтан, маған жеңілдік жасады. Негізінен физмат мектебіне оқуға түсу жүйесі өзгеріп, жетілдіріліп отырады. Бірақ ешқашан өзгермейтін бір нәрсе болса, ол – әділдік деп есептеймін.

Физмат мектебі өте талапшыл. Бұл мектепте оқу маған қызық. Мұғалімдер қатал болғанымен, өз ісінің білікті мамандары. Біздің мектептің ең басты ерекшелігі – білім алуға жайлы атмосферасы мен әр оқушыны еңбекке баулитыны деп ойлаймын. Яғни, барлық оқушының талантына, оқуға деген талпынысына мұғалімдер қолдау білдіреді. Талапқа қанат бітіріп, ерекше шыңдайтын үйірмелер де бар. Ал жоғары сынып оқушылары өздерінің қамқорлық бастамаларын жасап, кіші буынға қолдау көрсете алады. Мектепте оқушының жетістігі мен өзін-өзі дамытуға жағдай жасалған деп есептеймін. Барлық оқушы олимпиадаларға, ғылыми конференцияға қатыса алады. Шетелдік бағдарламада бақ сынауға мүмкіндік қарастырылған. Ең бастысы әрі маңыздысы – оқу. Басқа ештеңені оқушыдан талап етпейді.

Еуропа жасөспірімдер  олимпиадасына қатысу мүмкіндігі қалай пайда болды?

– Информатика бойынша Еуропа жасөспірімдер олимпиадасы (European Junior Olymplad In Informarics) биыл төртінші рет ұйымдастырылды. Мен Қазақстан құрама командасының мүшесі болып қатыстым. Коронавирус пандемиясына байланысты олимпиада онлайн өтті. 27 елден 92 оқушы қатысып, Грузия олимпиаданы ұйымдастыру жауапкершілігін алды. Алғаш рет олимпиада 2017 жылы Болгарияда, одан кейін Татарстанда және былтыр Словенияда өтті. Олимпиаданың онлайн өтуі маған аса қиындық тудырмады. Екі турдың нәтижесі бойынша 92 қатысушысының арасында 5-орын иеленіп, алтын медаль алдым. Осы екі тур нәтижесінде Қазақстан құрамасынан қатысқан басқа үш қатысушы да команданың қоржынына 1 күміс, 2 қола медаль қанжығаға байлады.

– Олимпиадаға қалай дайындалдыңыз?

– Бұған дейін олимпиадаларға қатысып жүргендіктен дайындығымды тоқтатпадым. Жаз бойы білім алдым. Жаңа тақырыптарды меңгеріп, есептер шығардым. Меніңше, оның белгілі бір формуласы жоқ. Тек ештеңеге қарамай үздіксіз дайындалу керек. Бар болғаны осы. Білім мен дамуға деген махаббатты оятсаңыз, жетістікке жетесіз. Ешқашан артқа шегінбеу керек. Әрқашан жеңіп отыру мүмкін емес. Жеңілістің өзі жеңіске деген ұмтылыс. Бастысы жалқау болмау керек. Өйткені еңбек өз жемісін береді.

Хоббиіңіз бар ма?

– Ойындар ойнағанды жақсы көремін. Кітап оқимын. Сериал көремін. Есеп шығарған ұнайды. Кітап немесе кино ұсынуға сүйікті жанрым жоқ екен. Сондықтан кеңес беру қиындау. Ал есеп шығару – сабақтан тыс сүйікті ісім. Ешқашан жалықпаймын. Қайта шабыттанамын. Әр ойын баласы ретінде ойнаған да ұнайды.

– Болашақта кім болғыңыз келеді?

– Болашақ мамандығым туралы шешім қабылдаған жоқпын. Бірақ ой үстінде жүрмін. Мамандық таңдауда да, ғылыммен айналыссам да адамзатқа пайдалы болғым келеді. Ешкімге зияным тимесе екен деп ойлаймын. Болашақ жоспарларымды бөлісе алмаймын. Уақыты келгенде, нәтижесін көресіздер. Алайда адамзатқа пайдалы болу басты қағидам әрқашан өз күшінде.

Сұқбатыңызға рақмет! Жеңіс тұғырынан көріне беріңіз!

Назым Сапарова

«Ұлан» газеті, №37
15 қыркүйек 2020 жыл

391 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор