• ҰЛАН
  • 17 Қыркүйек, 2020

Үлгілі ұстаздар тәжірибесінен

Кейде мұғалімдерге балалардан гөрі ата-анамен жұмыс істеу қиынға соғып жатады. Өйткені бала – талшыбық секілді, қалай баптасаң, солай өседі. Егер ата-ана мен мұғалім баланы үнемі дұрыс бағытқа бағыттап отырса, қоғамға пайдалы, мәдениетті, ешкімнің ақысын жемейтін, адал, өз ісін білетін, табиғатқа зиян келтірмейтін тұлғалар өсіп шығар еді. Бұл – әрқайсымыздың көкейіміздегі сөз. Сондықтан да «баланы тәрбиелемес бұрын өзіңді тәрбиеле» деген қағиданың дұрыстығына тағы да көз жеткізгендей боламыз. Осы орайда, еліміздегі түрлі мектептердің, мұғалімдердің жұмыс істеу әдістемесіне тоқтала кеткіміз келеді. Біреуге болсын ой салар. Тіпті әркім өз тәжірибесінде қолданып, мектептің дәстүріне енгізіп жіберсе қуанар едік.

Маған мына бір жайт ерекше әсер еткен еді. Екі-үш жыл бұрын «Ұлан» газетіне Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебі туралы материал дайындадым. Сол материал өзіме де өзгеріс әкелді. Зияткер мектептің осы тәжірибесін еліміздегі әрбір мектеп, жоғары оқу орны қолға алса екен деп ойлаймын. Сондықтан мұғалімге де, белсенді оқушыларға да «мектебіңізде осы тәжірибені жасап көріңізші» деп ұсынып жүрем. Өскелең ұрпаққа ой салатын, үлгі боларлық бастаманы бәріміз қолдасақ несі айып?! Ол қандай бастама дейсіз бе? Ендеше, мұқият оқып алыңыз да, сіз де жүзеге асыруға тырысыңыз. Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебі «Ақ раушан гүлдер» деген акция өткізеді. Аты да әдемі, иә? Тосын, романтикаға толы. Әдетте біз қоғамдық орындарға (мектеп, жұмыс орны, емхана, ойын-сауық, сауда орталығы т.б.) жаңбыр жауғанда, жайсыз ауа райында балшық-балшық аяқкиіммен кіріп, еркін жүре береміз. Кейбіреулер қоқыс жәшігіне жеткізбей, тіпті кез келген жерге қоқыс тастай салады. Жоқ дегенде, қоқыс жәшігін толтыруға үлес қосамыз.

Әрине, қоқысты өзіңмен арқалап жүр демейміз. Бәріміз ол жер былғанса, шашылса, соны тазалап алатын қызметкерлер бар екенін білеміз. Ал оған сол үшін ақша төленеді деп ойлаймыз. Дұрыс. Бірақ кейде біздің бұлай ойлауымыз – біреудің еңбегін бағаламау екенін ұмытып кетеміз. Егер біреудің еңбегін бағалауды білсек, қоқысты қай жер болсын сол жерге тастамай, тазалық сақтап жүрген болар едік. Кешіріңіздер, сіздерге аздаған «тәрбие сағатын» өткізіп, негізгі ойымыздан ауытқып бара жатыр екенбіз. Иә, сіздерге «Ақ раушан гүлдер» акциясы туралы айтайын деп едік қой. Ендеше, соған оралайын. Бірде мектеп директоры техникалық қызметкерлерді жиналысқа шақырады. Әдетте мектептің тазалық саласында көбіне әйел кісілер жұмыс істейді. Апайлардың бәрі шақырған жерге қаздай тізіліп келеді. «Кешіріңіздер, жиналыс бұл жерде емес, холда өтетін болып, сонда барсаңыздар», – дейді. Апайлар еш ойланбастан холға қарай жол бастайды. Күтпеген тосынсый! Баяу музыка қойылып, жоғары сыныптың оқушылары қолдарына бір-бір ақ раушан гүлін ұстап алдарынан шығады. Ілтипатпен гүл ұсынып, апай-ағайларды вальске шақырады. Сол күні мектеп оқушылары ол кісілерге концерт қойып, жұмыс істетпей, олардың орнына өздері істеп, бір күн бойы барынша құрмет көрсетеді.

Бұл нені көрсетеді? Бала бір күн болсын өзін сол кісілердің орнына қойып, тазалық жұмы-сымен айналысу қандай қиын екенін сезініп көреді. Сол материалды жазғанда, мектеп мұғалімдерінің де, оқушылардың да аузынан «еден жуушы» деген сөз естімедім. Ол сөз мәдени коммуникацияда адамды кемсіту деп санап, оның орнын «тазалық саласының қызметкері» деген анағұрлым сыпайы сөзбен алмастырған. Осыдан кейін мен де «еден жуушы» деген сөзді қолданбауға тырысамын. Ол кісілерге бұрынғыдан да зор ілтипатпен қарайтын болдым.

teacher

***
Алматы қаласындағы м.Мақатаев атындағы №140 гимназия ұстаздарының ата-ана-мен жұмыс істеуін естігенімде, «мынау ескере жүретін дүние екен» деп ойладым. Әсіресе, 1-сыныпты қабылдап алған мұғалімдерге таптырмас кеңес. 1-сыныпта баламен қоса, ата-ана-ның да тілін тез тауып кету кез келген педагогтың қолынан келе бермейді. Олай болса, мұқият оқып алыңыздар.

1-сыныпқа қабылданған бабалардың ата-анасымен міндетті түрде жиналыс өткізу керек. «Балаға анау керек, мынау керек. Олай істемеңіздер, былай істеңіздер» деп тым көп талап-тілек айта берсеңіз, ата-ана «басталды» деп қабағын кіржитіп шыға келуі мүмкін. Ендеше жиналысты ойын түрінде өткізіп көріңіз. Әуелі ата-ананы жақсылап жігерлендіретін сөздер айтып, жүрегіне жол табуға тырысыңыз. Сосын сөз арасында әр ата-анаға түрлі-түсті стикер мен қаламсап таратып беріңіз. «Ата-аналар, барлығыңыз балаларыңызды мектепке үлкен үмітпен беріп отырсыздар. Бүгін мектеп табалдырығын аттаған балаңыз 11 жылдан кейін қандай азамат болып шыққанын қалайсыз? Балаңызды қалай көргіңіз келеді? Бәрін қолыңыздағы қағазға жазыңыздар». Міне, осылай азын-аулақ тапсырма бересіз. Шіркін, ата-анада арман көп қой. Ол кісілер аттың басын жібереді. Иә, кез келген ата-ана баласының тәртіпті, білімді, мәдениетті, өнерлі, жауапкершілігі мол, патриот, ақылды, алғыр, денсаулығын күтетін, спортқа бейім, жалқау емес болғанын қалайды. Осындай сөздермен әп-сәтте қағазды толтырып тастайды. Сол кезде бірнеше ата-ананың жазғанын дауыстап оқытсаңыз болады. Сосын ақырын ғана: «Енді ойланып көріңізші, осы айтқан қасиеттердің қайсысы өз бойыңыздан табылады?» – деп сауал тастаңыз. Ата-ана ойланып қалады. Өзінде жоқ нәрсені баладан, мектептен талап ете беру де дұрыс бола бермейтінін алдағы уақытта ескереді. 

***
«Сымсыз телефон» ойынын ата-аналармен ойнап көріңіз. Ол үшін музыканы құлаққаппен тыңдатып, құлағына бір сөзді немесе сөйлемді ақырын сыбырлаңыз. Естіген сөзін екінші ата-анаға сыбырлап жеткізеді. Ол да құлаққаппен музыка тыңдап тұруы керек. Бастапқыда айтқан сөзіңізді 7-8 ата-ана бір-біріне сыбырлап шыққанда қалай түрленіп шығатынын ойын соңында көріп, таң-тамаша боласыздар. Музыканы бұл жерде адамның эмоциясы, қоршаған ортаның әсері деп қараңыз. Мектепте айтылған бір ауыз сөз әр ата-анаға әртүрлі болып жетуі мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта «анау үй деп айтыпты, мынау бүй айтыпты» дейтін жел сөздің осылай пайда болатынын ойын арқылы жақсылап түсіндіріп бересіз.

Ал осы ойынды бастамас бұрын тақтаға 7-8 ата-ананың шығуын өтінесіз. Бір-бірімен жаңадан танысып отырған ата-аналар тосырқап, «сіз шығыңыз» деп бір-бірін итерме-лей бастайды. Сөйтіп ойын басталамын дегенше біраз уақыт кетіп қалады. Сол кезде: «Сіз-дерге тақтаға шығуды өтініп едім, бір-біріңізді итермелеп, шыққыларыңыз келмейді. Бірақ кейін балаңыз ашық сабақтарда өлең, ән айтпай, билемей қалса, «Неге менің балама өлең бермегенсіз? Неге менің баламды билетпегенсіз?» деген сөзді айтасыздар. Сіздер қандай болсаңыздар, балаларыңыз да сондай болады», – деп қамшылап қойыңыз. Міне, сол кезде берген тақпақты үйден жаттататын, сабағын қадағалайтын, баласын үйірмелерге қатыстыратын ата-аналар қалыптасады. Ата-анаға осылай жауапкершілік жүгін зілсіз түсіндіруге болады.

***
Әр мектеп, ұстаз өзінен түлеп ұшқан шәкіртімен мақтануы тиіс. Ендеше, мектеп түлектерімен жиі кездесу ұйымдастырып тұру да артық болмайды. Әсіресе, жаңадан мектеп бітіріп, студент атанған түлектеріңізді «Студенттік өмірім қалай өтіп жатыр?» деген секілді тақырыппен кездесуге шақырсаңыз, жоғары сынып оқушыларына үлкен мотивация болары даусыз. «Кеше ғана мектеп бітірген пәленшедей болу менің де қолымнан келеді» деп алдағы емтихан сынағына қызу дайындала түседі. Ауылыңызға үлкен қаладан келетін тұлғаларды, білімді азаматтарды күтіп жүрмеңіз. Кеше ғана мектеп партасында отырған бала да өзінен кейінгі іні-қарындасына үлгі бола алады.

***
Мектепте Ізетулла деген ағайымыз болды. Алғашқы әскери дайындық пәнінен беретін. Сол кісі ылғи газет-журнал оқуымызды қадағалайтын. Өзіміз секілді балалар қандай жетістікке жетіп жатыр, елде қандай саяси өзгеріс болып жатыр, қай министрлікті кім басқарады деген сияқты сауалдардың бәріне апта сайын газеттен оқығанымыз арқылы жауап беретінбіз. Дәлізде көріп қалғанда: «Осындай газетке пәлен деген бала туралы мақала шығыпты. Оқыдың ба?» – деп сұрап қалатын. Ағайдың келесі сабағына дейін сол мақаланы оқып, талқылауға, ой бөлісуге дайындалып баратынбыз. Бұл – оқулыққа қосымша. Осы әдісті пайдалану арқылы жан-жақты шәкірт дайындауға болады.

Құрметті ұстаз, сіз жәй жұмыс істеп, сабақ өтіп қана жүрген жоқсыз, әр іс-әрекетіңізбен ұлтты тәрбиелеп жатырсыз. Сондықтан еңбектеріңіз жемісті болса екен. Біздің жан-жақтан жиып-терген кеңесіміз пайдаңызға жарар деген үміттеміз. Сабақ өтуде, бала тәрбиелеуде осындай ерекше кеңестеріңіз болса, жолдап тұрыңыз.

Жадыра Нармаханова

«Ұлан» газеті, №37
15 қыркүйек 2020 жыл

1386 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор