• ҰЛАН
  • 15 Қыркүйек, 2020

Студент шәкіртақысын қалай тиімді жұмсай алады?

Оқуға түскен «Ұланның» достарын шын жүректен құттықтаймын! Сапалы білім болсын! Алғашқы шәкіртақыны алғанда ерекше қуанып, қаражатты жұмсаймыз. Бірақ қаржы сауатын білмесеңіз, келесі шәкіртақыға дейін өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан сіздерге қалай шәкіртақыны тиімді жұмсауды түсіндіретін қаржыгер Жалғасбек Ақболаттың кеңесін ұсынамыз.

Мемлекеттік білім гранты бойынша білім алатын студенттің шәкіртақысы қазір 26 186 теңге. Бұл – жалпыға ортақ шәкіртақы. Үздік оқығаны үшін жоғарылатылғаны бар. Жалғасбек Ақболаттың айтуынша, шәкіртақыны тиімді жұмсау үшін нақты шешім қажет. Қаржыны басқару тек математика немесе экономика факторымен шектелмейді. Ол адамның психологиясы мен эмоциясына тікелей байланысты. Ең бастысы – нақты шығынды білу. Мысалы, студент күнделікті өмірде жолақы, түскі ас, оқу құралдарының шығынын бөліп қарастыруы керек. Өйткені бұл – өзгермейтін шығын. Сонымен қатар әр студент ай сайын жалпы шығынды есептеп отыруы қажет.

Шәкіртақыны қалай басқарамын?

Әр студенттің кіріс немесе шығыс дәптері болуы керек. Бюджеттің қайда және қалай жұмсалып жатқанын білген жөн. Күнделікті шығынды жазып, аптаның соңында қорытынды жазу керек. Студент ақшаны қалай жұмсап жатқанын білгенде ғана оны басқаруды үйренеді.

Қаржыгердің айтуынша, өз шығыны мен ақшаның қайдан келіп жатқанын білген студент бір нәрсе сатып аларда анализ жасай алады. Тиімді бағамен сауда жасауды үйреніп, артық шығыннан құтылады. Бірақ үнемдеймін деп сараң болмау керек. Шығынды қысқа, орта және ұзақ мерзімді деп бөлу керек. Мысалы, студент 10 жылдан соң автокөлік немесе пәтер алғысы келіп жоспар құрды делік. Бұл – ұзақ мерзімді шығын. Сонымен қатар, қауіпсіздікті ойлау керек. Оқыс қиындық кезінде «қауіпсіздік жастығы» көмекке келеді.

студент

Бюджетті оңтайландыру қажет. Шығын мен табысты жазып отырған адам ақшасын бақылай алады. Мысалы, бір айда жұмсайтын қысқамерзімді шығынды жазып, айлық мөлшерін есептеу керек.

Қауіпсіздік жастығын қалай жоспарлау қажет?

  • Студенттің айлық шығынын қағазға түгел жазыңыз. Мысалы, пәтерақы, азық-түліктің ақшасы.
  • Шыққан санды 3 немесе 6 айға көбейтіңіз. Мәселен, айлық шығын 30 000 теңге болса, 30 000 теңге х 6 ай = 180 000 теңге.
  • Бюджеттен ай сайын 10%-ды алып қалып отыру қажет. Мысалы, бюджет 26000 теңге болса, оның 10%-ы – 2600 теңге.

Қаржының «қауіпсіздік жастығы» деген осы. Оны жоспарлау арқылы 45 айда 117 000 теңге қаражат жинап, кез келген жағдайда жұмсауға болады.

Студент сауда жасағанда нені ескеруі қажет?

  • Сатып алатын зат дәл қазіргі уақытта қажет пе, жоқ па? Соны анықтауы қажет.
  • Сатып алатын затты басқа жерден арзанға алуға бола ма? Соған көз жеткізуі керек.
  • Сатып алатын затты алмастыратын басқа нәрсенің бар-жоғын талдағаны дұрыс.

 

Қысқы киім-кешекті жазда алу, жазғы киімді қыста алу сияқты тиімді әрекеттер бар. Мысалы, студент 4 000 теңгеге туфли сатып алып, оны тек бір маусым киюі мүмкін. Ал 10 000 теңгеге туфли сатып алса, оны бірнеше жыл киюге болады.

Қаржыгер Жалғасбек Ақболаттың кеңесін ескерсек, қаржыны басқару тікелей адамға байланысты. Мысалы, студент күнделікті өмірде табиғи ауыз су ішудің орнына Coca Cola сияқты газды сусындарды сатып алып, денсаулығына зиян келтіреді. Студент ақшаны бәрінен бұрын денсаулығы мен біліміне жұмсауы керек. Білімге жұмсалған инвестиция қайтарымды. Студенттер көп жағдайда «жастық шақта бәрін көру керек» деп артық шығынға тап болады. Әр нәрсе өз орнымен. Иә, дәмді тамақтанып, қыдырған да жөн. Тек кейде қарызға кіріп кетпеуді ойлану керек.

Шәкіртақыңды игіліңе жұмса, жас дос!

Назым Сапарова

«Ұлан» газеті, №37
15 қыркүйек 2020 жыл

319 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор