• Әуез
  • 14 Қыркүйек, 2020

Халық әндерін виолончельмен сүйемелдегім келеді

Бағжан Октябрьұлы жас музыкант.  2000 жылдардағы талай хит әннің авторы Өктем Алтаевтың ұлы. Виолончель аспабының құлағында ойнайтын талант. Тәжірибелі музыкантпен қазақ музыкасы туралы сөйлестік.

– Домбыра, гитара, басқа аспаптарға қарағанда, виолончель аспабын ерекше бағалайтыныңызды байқадық...

– 2000 жылы Алматы қаласына көшіп келдік. Сол кезде-ақ өнер ордасы саналатын үлкен қалада музыкант болуды армандадым. Әкем менің музыкант болуымды қалап, бағыт-бағдар беріп, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектепке емтихан тапсыруға апарды. Мен ол кезде екінші сыныпты бітірген кішкентай оқушы едім. Сынақ тапсыру үшін барғанымда музыка мектебінің ұстаздары виолончель аспабына икемімнің барын байқады. Кішкентайымнан денем ірі, сүйекті болып өстім. Саусақтарымның жуандығын да байқаған болса керек.  Әйтпесе виолончельде ойнаймын деп таңдаған емеспін. Ауылдан енді келген баламын, виолончель аспабын ең алғаш көргенде, көзім шарасынан шыға жаздап, қатты таңғалған едім.

– Шығармашылығыңыздың дамуына әкеңіз Өктем Алтаевтың ықпалы болғаны анық. Өнерлі отбасынан қандай тәрбие алдыңыз?

– Әкем музыкант болғандықтан, барлық талап пен ережені біледі ғой. Бірақ әкем тым қатал болған емес. Менің сабақ үлгеріміме, аспапта ойнауыма, шығармашылығыма баса назар аударып, бақылаған әкем емес, анам болды. Сүйрелеп жүріп күнде мектепке апаратын. Күніне виолончельмен 5-6 сағат үзбей дайындалуымды да анам тексеретін. Қазір кішкентай болсын жетістікке жетсем, ол осы анамның тынымсыз еңбегінің арқасы деп ойлаймын.

– Шығармашылық адамдарына карантин талаптары оңай тиген жоқ. Сіз үшін қалай болды?

– Қазір шығармашылық адамдарының көбі Инстаграм парақшасы арқылы танылып жатыр. Менің еңбектенуіме, Инстаграмда жеке парақшамды жүргізуіме мүмкіндік берген де осы карантин болды. Жұмыс жоқ, оқу жоқ, ақыры үйде отырған соң тірі адам тіршілігін жасау керек. Ақырындап Инстаграм парақшама видеолар салуды мақсат еттім. Үйімнің бір бұрышында кішігірім аудиторияда түсіріп бастап, уақыт өте келе көрікті жерлерге барып, осы ісімді дамыта бастадым. Сол себептен карантин маған ерекше мүмкіндік берді. Бір керемет іс тындырғандай күй кешіп жүрмін.

– Табиғат аясында серуендегенді ұнататын сияқтысыз. Біраз уақыт бұрын парақшаңыздағы оқырмандармен табиғат аясында кездесу ұйымдастыруды жоспарлап едіңіз. Келешекте жағдай оңалған соң қандай іс-шаралар ұйымдастырғыңыз келеді?

– Иә, карантиннен бұрын тауға шыққан болатынбыз. Келешектегі жүзеге асыратын істерімнің бірі – көпшілікті жинап, жоғары деңгейде концерт ұйымдастыру. Алда талай кездесу болатынына сенімдімін. Жақынырақ танысып, әңгіме-дүкен құрып, жүздесу мен үшін ең ыстық сәт.

Бағжан

– Виолончельмен ең алғаш сахнаға шыққанда, қолыңыздағы аспапты «танымай», түрлі пікір айтқандарды қалай қабылдадыңыз?

– Виолончельді өмірінде көзбен көріп, қолмен ұстамаса, бұл аспапта әуен тыңдап көрмесе, әрине, түрлі сұрақ қояды. Білімнің аздығы, өнер саласындағы олқылықтар, ізденімпаздықтың болмауы «бұл неғылған аспап?» дегендей сұрақ қоюға әкеледі. Мұндайға ренжімеймін. Менің ең басты мақсатым – осы аспапты қазақ халқына насихаттау, халық әндерін виолончельмен орындау арқылы жеткізу.

– Карантинге қатысты тағы бір сұрақ қояйыншы. Егер виолончель аспабынан сабақ беретін ұстаз болсаңыз, қашықтан білім беру жүйесі сізге қалай әсер ететін еді?

– Осы сұрақ менің де көкейімде жүрген еді. Виолончель аспабын мүлде ұстап көрмеген жандар қашықтан сабақ беруімді өтінеді. Шынымды айтсам, мұндай жауапкершілікті мойныма алғым келмеді. Ол адамның музыкалық қабілеті бар ма, аспапқа икемі бар ма, жоқ па? Мен бұл аспапты он тоғыз жыл үйрендім, ал енді оны қалай онлайн форматта бірден үйреніп кетеді?! Жақында бір компания маған хат жолдапты. Барлық жағдайыңызды жасап береміз, сіз онлайн түрде виолончель аспабын бес күнде үйренудің құпиясын айтыңыз дейді. Бұл өте қиын. Егер виолончель аспабын меңгеріп оқып, танысып жүрген оқушылар болса, бағыт-бағдар беріп, үйретуге тырысамын. Аздаған пайдам тисе, қатты қуанар едім. Ал бұл аспаптың табиғатын білмейтін жанға үйрету өте қиынға соғатыны анық.

Бағжан

– Он тоғыздық жылдық тәжірибеңізде қандай қызықтар мен қиындықтар болды?

– Бұл әлемде ешқандай да оңай нәрсе жоқ деп ойлаймын. Әр саланың өзіндік қиындығы бар. Әлі күнге дейін қиындық болады. Ал ең алғашқы қиындықтың не болғанын айтайын ба? Мен жеті жасымда осы аспапты қолға алғанда, қатарластарым асыр салып далада ойнап жүрді. Бала болып ойнамай, күнделікті 4-5 сағат аспапта ойнап дайындалдым. Ағаларым, әпкелерім, достарым далада жүргенде мен үшін ауыр жағдай болды. Жарыстарға, байқауларға қатысудың да ауырлығы бар. Бір сайыста жеңіске жетерсің, кейде ұтыласың, оның барлығына уайымдап, депрессияға түсесің. Он тоғыз жылдың ішінде қызығы да бар, қиындығы да жеткілікті болды.  

– Халықаралық «Шабыт» фестивалінде топ жардыңыз. Шетелдік байқауларда жүргеніңізде қандай ой түйдіңіз, шетелдіктердің өнері бізден несімен артық?

– Сұрағыңыз ойлантарлық екен. Ең бірінші не үшін шетелге ұмтыламыз? Ол жақта бәсекелестік мықты. Қазақстанда жиырма шақты қатысушы болса, шетелдік байқауларда алпыстан астам музыкант болады. Әр елден мықты музыканттар жиналады. Бәрібір шетелде бізге қарағанда деңгей едәуір жоғары.

– Музыканттың бойында қандай қасиеттер болуы керек деп ойлайсыз?

– Кез келген өнер адамы атағы шығып, танылған сайын қарапайым болғаннан артық нәрсе жоқ. Мысалы, Димаш Құдайбергенді шын өмірден көріп қалсаңыз, одан сайын ғашық бола түсесіз. Мен білетін тұлғалардың арасында одан асқан қарапайым жан жоқ.

– Оқырманға айтар ағалық ақыл-кеңесіңіз?

– Ешқашан қорықпаңыздар, еңбектеніңіздер, армандаңыздар! Армандаған кезде әлем өзі жол ашады, армандар орындалатын ерекше күш пайда болады. Бұл өмірде жақсы кеңес айтып, ақыл беретін адам өте көп болады. Бірақ алдыңызға мақсат қойсаңыз, өзіңізге ғана сеніңіз, ешкімнің айтқаныңа сенбеңіз. «Бұл іс қолыңнан келмейді, жете алмайсың» дегенге сенбеңіз. Тек алға жылжыңыз! Әр адамның өзіндік жолы бар. Сіздің жолыңыз басқа, ақыл айтқан жанның жолы басқа. Соны естен шығармаңыз.

Айсұлу СЪЕЗХАН,

«Ұланның» жас тілшісі.

Алматы қаласы.

«Ұлан» газеті, №37
15 қыркүйек 2020 жыл

1010 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор