• Алыстағы ағайын
  • 12 Қыркүйек, 2020

Лира ҚОНЫС: «Ағылшын тілін үйрететін оқулықтың авторымын»

Осыдан оншақты жыл бұрын ауылдағы кітапханашы Жанат апайдан Лира Қоныстың «Мәңгілік сағынышын» ескі кітапқа айырбастап алып едім. Алматыға оқуға келгенде «Құлпынай қосылған балмұздағын» Хорлан құрбым сыйлады. Әңгімелерін оқып отырып, біз қатарлы қыз шығар деп ойлаушы едім. Әлі күнге дейін «Тиын», «Мәңгілік сағыныш», «Құлпынай қосылған балмұздағы» оқылымды. Соңғы жылдары жас прозаиктердің үздік үштігін түйіндейтін сүйікті жазушым әдеби ортадан көрінбей кетті. Бірі Америкаға кетіп қалды десе, екіншісі декреттік демалыста деді. Жақында әлеуметтік желіден кездейсоқ көріп қалдым. Бір-ақ сәтте студенттік жылдарым көз алдыма келді.  Барлық жазбасын бір түнде оқып шығып, жазылып алдым. Жекесіне жазып едім, лезде жауап берді. Сегіз жылдан бері шетелде тұрады екен. Аман-саулықтан кейінгі әңгіме сұқбатқа ұласты.

– Кезінде жас жазушылардың үздік үштігінен түспеген Лира Қоныс қазір қайда  жүр? Не жазып жүр? 

– Бір кезде «Ұланның» әр санын күн санап күтетін, өзінің түрткен шалдыр-шатпағын «Әділ Балта ағайға» деп хатпен жолдайтын кішкентай қызды есейтіп, сол «Ұланның» тілшісіне сұқбат беретін күнді көрсеткен жаратқанға тәуба, біздің сүйікті «Ұланымыз» жасай берсін! Өзіме келсем, сегіз жыл бұрын білім алу мақсатымен АҚШ-қа көшіп, Калифорнияда тұрып жатырмын. Бір өкінерім, алғашқы махаббатым – журналистикадан мүлдем қол үзіп қалдым. Қазір таза лингвистикалық бағытта жұмыс істеп жатырмын. Үш бағытта, атап айтсам, бірінші Сібірдегі жоғала бастаған түркі ұлысы Чұлым тілін, екінші Кеңес Одағы корейлерінің корё мар диалектісін, үшінші Ресей мен Қытай шекарасындағы сауда қатынасы кезінде пайда болған Кияхта пиджин тілін зерттеп жүрмін. Осы бағытта жазылған мақалалардың авторымын. Алдағы уақытта монография жарыққа шығады. 

– Оқырманға айтар қандай жаңалығыңыз бар?

– Біз үш жылдай Нью-Йорк қаласында тұрдық. Бұл қала мен үшін ең қымбат мекеннің бірі. Бұл – әлемнің барлық бұрышынан бақ іздеп келген иммигранттардың басынан сипаған, бәріне бауырынан орын берген дархан қала. Сонда тұрған жылдарда жазылған шағын әңгімелерді топтастырып, «Нью-Йорк новеллалары» деген  сегіз баспа табақ көлеміндегі кітап жарық көреді. Осы көктемде ағылшын тілін үйренушілерге арналған оқулық жазып бітірдік. Қазір Калифорния университетінің ESL курстарында қолданады.

– Кезінде сіздің әңгімелеріңіз хит болып еді. Бір-ақ сәтте сізді таппай қалдық. Себебі бар ма? Әлде әдеби ортадан кеткіңіз келді ме?

– Мен АҚШ-қа отыз бір жасымда келдім. Мұнда ыдыс жуып, такси жүргізіп біраз тиын-тебен тауып қайтсам деген оймен емес, өзімше АҚШ-ты бағындыруға келдім. Қазір айтсам күлесіз-ау, сол кезде менің басымда «Мен жазушымын», «Мен ғалыммын» деген жазуы бар «алтын тәж» болып еді. Бірақ АҚШ-та менікіндей «тәж» киген адам көп екен. Екі-үш жыл оқып кету оңай, бірақ, бұл жақта қалып, өзіңді мойындатуға орасан күш керек. Егер мен сол кезде қазіргі таптырмайтын IT маманы сияқты диплом иесі болсам қандай да бір сұранысқа ие болар ма едім. Ағылшынды шала сөйлейтін қазақ филологиясы ғылымының кандидатына ыдыс жуудан өзге жұмыс жоқ еді. Ал, мен оқимын деген лингвистика саласы ағылшыннан бөлек тілдерді де талап еткендіктен, үш-төрт жылдай тіл меңгерудің, осы жаққа адаптацияланудың толқынынан шыға алмай қалдым. Кейде өзіме көңілім толмайтындықтан да жариялауға асықпаймын. Мықты бір жазушыны қайталау, тіпті өзіңді өзің қайталау секілді кемістіктер аз кездеспейді. «Ван Дейктың сақалы» деген теңеуді естуің бар ма?!. Еуропада Ван Дейк деген суретші өткен, қайта өрлеу дәуірінің шығармалары бірінен-бірі аумайтын көп суретшісінің бірі ғой. Суреттеріндегі еркектердің бәрін теке сақалды етіп белгілейді, сол сақалмен есте қалды. Әр жазушыда тым құрыса, сол Ван Дейктің сақалындай бір ерекшелік болғаны жөн.

 Құлпынай қосылған балмұздақ

       ЖАЗУШЫҒА «ДАНЫШПАН» ДЕҢГЕЙІНДЕ ҚАРАМАЙЫҚШЫ

 

– Жеті-сегіз жыл бұрын сізді тек жазушы деп таныдым. Әлеуметтік желідегі парақшаңызға тіркеліп, жазбаңызды оқығаннан кейін үйде отырған ананы елестеттім. Балаларыңызбен жиі сырласасыз ба? 

– Ата-ана болу бір басқа да, жазушылық бір басқа. Ақын-жазушыға «данышпан» деңгейінде қарау Еуропада романтизмге дейін болды. Бұл Кеңес дәуірі әдебиетінде де талап етілді. Шығыс поэзиясы өкілдерінен де көрінеді. Оларға «ғұлама», «рухани ұстаз» деп айдар тағу әлі күнге дейін бар. Айтайын дегенім, «жазушы ұлттық идеологияны қалыптастырады», «жазушы шығармашылығындағы тәлім-тәрбие» деген жалған ұғымдарға жүгіре бергенді қою керек. Әркім өз баласын өзі тәрбиелесін, жазушы қоғамды тәрбиелеуге міндетті емес. Ол басында не бар, соны қағазға түсіруге ерікті болсын. Мысалы, ешкім заманауи стильдегі жалаңаштарды бейнелейтін Ричард Яң, венгер Имерико Туз, біздің Сан-Францискода тұратын Биверли Браун сияқты суретшілерге барып бет шымшымайды. Қазақ көркемөнерінде де бар деп ойлаймын. Соларға ешкім: «Әй, доғар, бала-шағаны бұзатын түрің бар!» – деп ескерту айтпайды ғой. Жазушыға да сондай ерік берілсін, жазушы да суретші.

– Шығармашылығыңызға қанша уақыт бөлесіз? Жазушы ананың бір күні қалай өтеді? 

– Жазу күн сайын жазылмайды. Проза бірінші қаламгердің миында жинақталып, сосын қағазға түседі. Дағдымда көбіне түнде түртемін. Түнгі уақыт күндізгі белсенділіктен ада, тыныш кеңістік, жазуға ыңғайлы кезең. Ал, қанша уақыт бөлесіз дегенде, өзімді жұмысты айлық, апталық, тәуліктік жоспарларға бөліп атқаратын тәртіпті адам санаймын, кестеден тыс кездесуге бармайтын, жоспарсыз жұмыс бастамайтын дағдым бар. Сөйте тұра, шығармашылыққа уақыт бөлу деген миыма сыймайды. Жоспар бойынша жазып, уақытының қанша пайызын жазу үстелінде өткізуін нақтылайтын жазушыларды түсінбеймін. Жазу деген жұмыс емес, ол – шабыт.  Шабытың болмаса да, 10 қыркүйек күні мына шығарманы бітіруім керек  деп  қағазды құр шатпақтамайсың ғой. Мысалы, кез келген уақытта есіктің алдындағы көгалды қырқамын, бұл –  жұмыс. Ал, шабыт деген – сәттілік, оның рецебі болмайды. Балаларыма да алаңдамаймын. Олар етекке жабысатын жастан өткен, үлкендері жасөспірім, кенженің өзі бастауыш сыныпта оқиды.

– Алдымен сізді шетелге кетіп қалды деп естідім. Кейін «Болашақ» бағдарламасының грант иегері екеніңізді естідім. АҚШ-тағы білім жүйесіне көңіліңіз толды ма?  

–  «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқыған жоқпын. Бұл гранттың менде болғаны рас, бірақ оқу ақысын төлейтін басқа демеуші табылғандықтан, бұл грантты қолданбадым. Ал, білім жүйесі... Бұл тағы бір сұхбатқа өзек болатын тақырып қой, сондықтан, қысқартып айтсам, АҚШ Қазақстанның білім жүйесімен салыстырғанда кемі елу жылға алда. Ал, біз бұларға мына түрімізбен алдағы жүз жылда да жете алмаймыз. Қалай жетеміз, сол «Болашақпен» бітіріп келген алтынбастардың білімі керек болмай, жұмыс таппай, ағылшын тілі курсын ашып жан бағып жүрген жоқ па?!

– Балаларыңыз қашықтан оқып жатыр  ма? Оларға үкімет тарапынан қандай да бір көмек беріліп жатыр?

– Иә, үшеуі де компьютерге телміріп үйде отыр. Мектептері карантин бастала салысымен барлық оқушының үйіне тегін интернет, ноутбуктар таратты. Үш ай жазда әр бала үшін үш мезгіл тамақтың ақшасын аударып еді, енді қыркүйекте сабақ басталғалы оны тоқтатып, көшелердің қиылысынан тегін тамақ беретін бұрыштар ашты. Сондай-ақ, бұрын ақылы болған онлайн кітапханаларға тегін кіруге болатын мүмкіндік жасады. Калифорния штатында оқушыға қажетті құралдармен мектеп қамтамасыз етеді, үкімет тарапынан көмек дегенге осыларды айтуға болатын шығар. 

Замандастарыңыздан, жас жазушылардан кімдерді оқып жүрсіз? 

– Гүлдана, соңғы жеті жылда ешкімді оқымадым. Америкалықтарда «дипломаттың тұмауратуы» деген мәтел бар.  «Diplomatic cold» дейді, шақырған жерге барғысы келмесе, «тұмауратып қалдым» деп сылтау айту ғой, қысқасы. Көз жүгіртуге мүмкіндігім болмады.

– Елге оралғаннан кейінгі уақытқа қандай жоспарыңыз бар?

– Елге оралу жоспарымда жоқ. 

Әңгімелескен Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №37
15 қыркүйек 2020 жыл

1261 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор