• ҰЛАН
  • 11 Қыркүйек, 2020

Онлайн білім алуға ыңғайлы платформа

Коронавирустың әсерінен көптеген кәсіпорындар, мемлекеттік ұйымдар, мектептер мен балабақшалар карантин талабына байланысты жұмысын қашықтан істеді. Елімізде карантин талабы жеңілдегенмен көп адам шоғырланатын орындар әлі ашылмады. Солардың бірі – мектеп.  Карантин білім беру үрдісіне айтарлықтай өзгерістер әкелді.  Қашықтан және онлайн оқу бастапқы кезеңде тек оқушыға ғана емес, ата-ана мен мұғалімге де қиындық тудырғаны бәрімізге белгілі.  Шетелдік бейне байланыс орнату қосымшаларына  деген қауіпсіздіктің сенімсіздігі мен арнайы қойылған лимиттің кесірінен оқушылар да, ұстаздар  да алаңдады. Осы орайда 2019 жылы қазақстандық  ғаламтор кеңістігінде білім беру үшін ашылған Daryn.online платформасы  мектептер үшін ақылы сабақтарын тегін ұсынып, көмек көрсетті.  Білім беру платформасының мүмкіндігі мен оның қалай жұмыс істейтіні жөнінде Daryn.online-ның директоры Асқар Мақсатұлы айтып берді.

– Білім беру платформасы карантинге дейін ашылған. Қазір  екі миллион жеті жүзден аса оқушы,  екі жүз мыңнан астам ұстаз Daryn.online-ды пайдаланады. Платформа екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі  А синхронды, екіншісі синхронды форматта.  70%  оқушы дайын видео сабақты қарау арқылы, қалғаны тікелей мұғаліммен байланыс орнату арқылы оқып  жатыр.  Екі форматтағы сабақты оқыған соң тест тапсырмалары ұсынылады.  Бір уақытта 14 мың оқушы білім алады.  Платформада тек қазақ сыныптары емес, орыс сыныптары да сабақ оқи алады.  0-11-сыныптарға арналған  негізгі пәндер толық қамтылған. Оқушылар сабақтан бөлек, ағылшын тілі, шахмат, ҰБТ,  т.б.  курстарға қатыса алады.  Сабақтан бөлек курстар ақылы. Бірақ, сабақтағы тестті тапсырған соң әр дұрыс жауапқа 1 теңге мен 15 теңге сомасында дарын-бонустары беріледі. Сол бонустарды жинап, оқушы қалаған курсын сатып алуға мүмкіндігі бар. Карантинге байланысты дұрыс платформа іздеген 1491  мектеппен  келісімшартқа отырғанбыз. Мұғалімдерге платформаны пайдалану үшін түсіндіру жұмыстары тамыз айынан басталған. Бізбен тікелей жұмыс істейтін мектептің оқушылары үшін  платформадағы барлық сабақ тегін. Ал келісімшарты жоқ мектептер үшін  әр сабақ  құны 2000 теңге. Сайт қауіпсіздігі жоғары деңгейде. Zoom қосымшасы сияқты әр сабаққа қайта-қайта сілтеме жіберіп әуреленбейді. Мұғалім бір сілтеме жіберсе, ол сынып болып сақталып қалады. Сосын күнделікті сабақ уақытында онлайн сыныпқа кіріп отыра береді. Ұстаз ғана керекті оқушының даусын қосып, т.б мүмкіндігіне  рұқсат етеді.  Оқушы өз еркімен  басқа бағдарламадағы сияқты артық сөз, аудио жіберіп ойнай алмайды.  Сайтта 200-ден астам маман жұмыс істейді, оның 80-ге  жуығы мұғалімдер,  – дейді  Асқар.

Одан бөлек порталмен жеке танысқанымызда, көп мүмкіндік беретінін білдік. Мысалы, Олимпиадалар бөлімі Асқардың бала кезден армандаған айдары  екен. Ол  Республикалық математика-физика олимпиадаларының жүлдегері. Жарысқа дайындалғанда: «өзім сияқты ауылдарда қалай дайындалуды білмейтін балаларға дайындалу жолын үйретсем» деген ойы болған.  Сол идеясы бүгінде платформа төрінен орын алған. Оқушылар олимпиадаларға қатысып білімін сынап қана қоймай, диплом мен бағалы сыйлықтарға ие болады.   Сайтты үнемі оқуына дұрыс пайдаланып, сабақтағы тесттерді дұрыс шешіп дарын бонустарын көп жинаған балалардың рейтингі жасалып отырады екен. Белсенді, бонусы көп  оқушыларға да арнайы сыйлықтар қарастырылған.

Асқардың айтуынша, платформа жұмысы қатаң тәртіппен жүреді. Ол жапондық кайдзен әдісін қолданады екен. Жұмыс орындарына барғанда әрбір қызметкердің жұмыс уақыты, не істеп, қаншада қайтуы керектігі жөнінде графикті көрдік. Осылайша, ұстаздар мен мамандар қазнетте сапалы білім беретін ресурсты жасап жатыр.

Порталға мұғалімдер жәйдан-жәй қабылданбайды. Олар Білім және ғылым министрлігі мен аудандық білім бөлімі ұсынған мұғалімдерді ғана жұмысқа қабылдайтынын айтты.  Мұғалімнің методикасы, оның сөйлеу мәнері, камера алдында өзін ұстай алуы, уақытты тиімді пайдалана алуы, білімі, барлығы портал талабына сай келсе ғана жұмысқа қабылданады екен.

Daryn.online  тек сабақ беретін онлайн мектеп емес, ол балаларды түрлі бағытта дамыту алаңы. Мысалы, көпшілік алдында сөйлеуге ұялатын, кітапты қанша оқыса да мазмұнын айта алмайтын балалар бар. Олар үшін ораторлық курс жұмысын бастапты.

Сайтта оқушы өзін ыңғайлы сезіну үшін, сабақты толық түсініп оқу үшін жағдай жасалған.  Оқушы тестті толық көре ала алмайды, тек жауап берген соң ғана келесі бетке өте алады. Бұл оқушыны  сабаққа тыңғылықты дайындалу мен ұқыптылыққа, тәртіпке үйретеді екен.

Нұрлыхан ЖҰМАХАН,

«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №37
15 қыркүйек 2020 жыл

1054 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор