• Толағай
  • 11 Қыркүйек, 2020

10 жыл күткен жеңіс

Тап қазір велоспорттан әйгілі «Тур де Франс» көпкүндігі өтіп жатыр. Бұл жарыстың алтыншы кезеңінде «Астана» командасының өкілі, отандасымыз Алексей Луцен­ко жеңіске жетті.

Шыны керек, Қазақстанда велоспортқа қызығатындар аса көп деп айта алмаймыз. Сондықтан болар, «Астана» командасы да негізінен сырттан келген спортшылардан жасақталған. Луценконың жеңісіне де назар аударғандар аз болғаны байқалды. Бірақ бұл отандық спорт жылнамасындағы тарихи жетістіктердің бірі. Өйткені «Тур де Франс» велоспорттағы ең беделді дода. Оның бір кезеңінің өзін кез келген спортшы жеңе бермейді. Мықтылардың бәрі осы сайыста бақ сынауды армандайды. Олардың арасынан топ жарып шығу оңай емес. Қазақстан спортшыларының арасында Алексей Винокуровтан кейін осындай бақыт Алексей Луценкоға бұйырды.

Алдымен, «Тур де Франс» көпкүндігіне қатысты аз-кем ақпарат беріп өтсек. Бұл жарыс 1903 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 100 жылдан астам тарихы бар. Веложарыстардың арасында әлемдегі үш гран-турдың біреуі әрі бірегейі. Бейресми түрде «Үлкен топса» (петля) деген атауы бар.

«Тур де Франс» веложарысы о баста L’Auto (осы күнгі L'Équipe) үнжариясының жарнамалық жобасы ретінде ұйымдастырылған, оның негізін қалаушы әрі редакторы – Анри Дегранжем. Париж-Брест (демеушісі Le Petit Journal) пен Бордо-Париж веложарыстарымен бәсекелес болады деп жоспарланған.

Осы 117 жылдың «ішінде Тур де Франста» өнер көрсеткен талай мықты шабандоздар спорт әлемінде танымал болды. Ең көп жүлде алғандардың қатарында  франциялық Жак Анкетиль (1957, 1961-64) мен Бернар Ино (1978-79, 1981-82, 1985), германиялық Эдуард Меркс (1969-1972, 1974) және испаниялық Мигель Индурайн (1991-95) бар. Олардың әрқайсы бес реттен топ жарды. Кейіннен Лэнс Армстронг (1999-2005) олардың алдын орап кетті. Алайда «Тур де Франстың» жеті дүркін жеңімпазына «допинг қолданды» деген айып тағылып, АҚШ спортшысы барлық атақ-даңқынан айырылды.

Қазақстанның «Астана» командасы сапынан 2009 жылы испаниялық велошабандоз Альберто Контадор дара шықса, 2014 жылы италиялық Винченцо Нибалиге тең келер ешкім табылмады.

Ал қазақстандық шабондоздардан Александр Винокуров жалпы есепте 2003 жылы үздік үштіктен табылса, арада 2 жыл өткенде бесінші орынға табан тіреді. Сондай-ақ 4 рет кезең жеңімпазы атанған. Соңғы рет 2010 жылы 13-кезеңде пелотонға жеке-дара келген. Міне, содан кейін араға 10 жыл салып, оның жерлесі Алексей Луценко 200 шақырымға жуық қашықтықты бірінші болып кесті.

Биылғы «Тур де Франс» коронавирусқа байланысты екі айға кешіктірілді. Сонымен қатар, осы жылы тек Франция аумағында өтіп жатыр.

Жалпы, 21 кезеңде шабандоздар 3484 шақырымды артқа тастайды. Әрбір кезеңнің орташа қашықтығы – 165, 9 шақырым. Осы жылы 22 команда келді. Оның 19-ы әлемдік турларда оза шауып жүргендер. Үшеуінің құрлықтық лицензиясы бар екен. Әр команда құрамында 8 велошабандоздан бар. Жалпы, әлемнің 30 елінен 176 спортшы келген. Ең көбі, тағы да Франциядан. Үш жолақты елдің 39 шабандозы жарыс көрігін қыздырып жатыр. Сонымен қатар Испания мен Бельгиядан – 17,  Италиядан 16 шабондоз бар.

Astana pro team командасынан «Тур де Франсқа» Мигель Анхель Лопес (Колумбия), Алексей Луценко (Қазақстан), Луис Леон Санчес (Испания), Йон Исагирре (Испания), Горка Исагирре (Испания), Уго Уль (Канада), Омар Фраиле (Испания), Харольд Техада (Колумбия) барды.

Алексей

Алтыншы кезең

Биылғы «Тур де Франс» Ницца қаласынан басталды. Алғашқы кезең спринтпен аяқталып, норвегиялық велошабандоз Александр Кристофф жеңіске жетті. Astana pro team шабандоздарынан тек Уго Уль ғана құлаған жоқ. «Астана» үшінші жемісті болған алтыншы кезең Ле-Тейден басталды. Жалпы, шабандоздар 191 шақырымды жүріп өтті.

Қазақстандық Алексей Луценко қарсы­­­лас­­тарынан қара үзіп, мәреге бірінші болып жетті. Ол жарыс кезінде пелотоннан алты ми­нутқа озып кетті. Мәреге жақын тұс­та Лу­ценко мен негізгі топтың арасы үш ми­нут­ болды.

Дегенмен «Астананың» бұрынғы велошабандозы Фабио Ару (UAE Team Emi­ra­tes) мен Хесус Эррада (Cofidis) біз­дің спортшыға айтарлықтай қарсылық көр­сет­кен. Алайда жарыс жолының аяқталуына он шақырым қалғанда Арудан қауқар кетті. Ал Эррада соңына дейін күрескенімен, Луценко қарсыласынан оқ бойы озып, мәреге бірінші болып келді. Алтыншы кезең нәтижесі бойынша Хессус Эрада (Cofidis) екінші,  Грег ван Авермат (ССС Тeam) үшінші орынға табан тіреді.

Осы «Тур де Франсқа» келгенде алдыма қойған мақсатым – бір кезеңде жеңіске жету еді. Бұл «Тур» осы маусымдағы ең басты мақсатым болатын. Осындай жетістікке жетуді ұзақ уақыт армандап келдім. Енді, міне, сол арманым орындалды. Негізінде мен осы кезеңге дайындалдым. Өткен жарыс күндері Мигель Анхельге көмектестім. Топтан әдейі қалып отырдым. Себебі жалпы есептегі көрсеткішімді жақсартуға тырыстым және жарыстың фавориттері шешуші сәтте менің ізіме түспейді деп үміттендім. Кезең алдында жоспарды талқыладық. Спорттық директорлар мен команданың бас менеджері Александр Винокуровпен ақылдаса келе алға озған дұрыс болады деп шештік. Нәтижесінде, негізгі топтан қара үзіп кеттік. Шабуыл кезінде бар күшімді салдым. Салқынқанды болып, ритмді сақтау керек болды. Себебі мәреге дейін жетуге мүмкіндік жоғары еді. Өзімді жақсы сезіндім. Аяқтарым да тамаша жұмыс істеді. Жеңіске жеткенім үшін бақыттымын! Мен үшін де, команда үшін де үлкен жетістік. Қазақстан чемпионы жейдесінде жеңіске жету сондай тамаша! Осындай мүмкіндік берген командаға алғыс білдіремін,дейді Алексей Луценко.

Биылғы жылы жекелеген кезеңде жеңіске жеткен шабондозға 11 000 еуро сыйақы қарастырылған. Ал «Тур де Франс-2020» жеңімпазына 500 000 еуро беріледі. Ал үздік команда 178 800 еуроға ие болады.

Былтырғы жылы Франция жолдарында ең көп қаржыға ағылшынның Team Sky командасы қол жеткізген (779 200 еуро). «Астана» бар-жоғы 24 250 еуромен шектелген.

Луценко

Алексей Луценко жайлы

Дәл қазіргі Қазақстанның үздік велошабандозы 1992 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың жерлесі. Үш рет жазғы Азия ойындарында топ жарған. 2012 жылы жасөспірімдер арасында командалық жарыста әлем чемпионы атанған.

– Бар-жоғы 1000-нан асатын адам тұратын қарапайым ауылдың баласымын (СҚО, Қызылжар ауданы, Большая Малышка ауылы). Жасөспірім шағымда бірнеше жыл спорт интернатта тұрдым. Ата-анамның қамқорлығынсыз жалғыз өзім интернатта жатып оқыдым. Интернаттың өмірін сонда болғандар жақсы біледі. Көбіне әскерге ұқсайды. Бірнеше рет төбелесуге де тура келді. Әскерде сарбаздар 2 жыл борышын өтесе, мен интернатта бес жыл жаттым. Бұл кезең мен үшін ерекше. Соның арқасында көп нәрсені ойланып жасайтын болдым. Кейбір болашағынан үміт күттіретін жігіттер сол кезде ондай қиындыққа шыдамай, спортты тастап кетті. Әрине, күн сайын барлық жағынан қысым көрген кезде шыдау психологиялық тұрғыдан оңай емес. Жатақхана мен жаттығудағы қиындыққа мықтылар ғана шыдай алады. Осындай сәтте  ата-анаңнан алыста екеніңді ерекше сезіне бастайсың. Спорттық мектеп-интернатқа түскенде 12 жаста едім. Бәрінен бас тартып, туған ауылыма оралғым келген сәттер де болды. Қиын кездерде әпкем Катя маған әрқашан көмектесті. Ол мені жігерлендіріп, қолдады. Мүмкін мен үшін өмірдің нағыз мектебіне айналған осы қиын кезеңді бастан өткергенім шығар, дейді Луценко балалық шағын еске алып.

Алексей Луценконың ата-анасының кәсіби спортқа еш қатысы жоқ. Атақты қазақстандық велошабандоздың әкесі – діни қызметкер, анасы – үй шаруасындағы әйел. Елена Луценко жас кезінде жеңіл атлетикаға қызыққан.

Алғаш рет велоспорт жаттықтырушысы Виктор Потапов оның бойындағы талантты байқаған. Потапов мектепте жеңіл атлетикадан жарыс ұйымдастырды. Соның арасынан екі үздігін таңдап алады. Оның біреуі осы Луценко болатын. Бірақ екі баланың біреуі көп ұзамай спортты тастап кетеді. Ал «Астананың» болашақ капитаны қиындыққа шыдап, кәсіби спортшы болуды қалайды. Алексейдің айтуынша, шын мәнінде өзі де велосипед тебуді қалаған екен.

Негізі Луценко бұл спортқа келмес бұрын футбол және баскетболмен белсенді айналысқан. Ол сонымен бірге каратэ секциясында төрт жыл жаттыққан көрінеді. Бастапқы кездері жаттығулары қиын жағдайда өтті. Велосипед базасы қарапайым гаражда орналасқан. Өнертапқыш жаттықтырушы бұл қиындықтан да жол табады.

Жасөспірім кезінде жаттығудағы жүктеменің көп болуы оның ағзасына қатты әсер етеді.  Жас талант жиі ауыра бастайды. Облыстық ауруханада дәрігерлер нақты диагноз да қоя алмайды. Сосын спорттан кетуді де ойлайды. Бірақ жаттықтырушысы Алматыға апарып, толық медициналық тексеруден өткізеді. Сөйтіп, Алексей Луценко тез аяққа тұрды.

Ол көп жаттыққан, бірақ сабағын да ұмытпаған. Мектепті бітірген соң, Омбыдағы университеттердің біріне оқуға түсті. Алайда ол жаққа барып оқуға уақыты болмағандықтан, құжаттарын алып, Көкшетау қаласының спорт академиясына ауысады.

Алексей Луценко отбасын құрған. Жарының есім – Елена. Екеуі бір-бірін бала кезінен біледі. Айтпақшы, оның әкесі – биатлоннан бұрынғы жаттықтырушы. Екеуі Злата есімді бір қыз тәрбиелеп отыр.

«Астананың» капитаны итальян тілін жетік біледі. Қазір ол ағылшын және испан тілдерін жетілдіріп жатыр.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №37
15 қыркүйек 2020 жыл

325 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор