• ҰЛАН
  • 01 Қыркүйек, 2020

Алматы қаласы қашықтан оқуға дайын ба?

Алматы қаласы – Қазақстандағы ең ірі мегаполис. Сәйкесінше оқушы саны бойынша да көш бастап тұр. Жақында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Akimat Live бағдарламасында алматылықтардың сұрақтарына жауап беріп, жаңа оқу жылына дайындық туралы айтты.

Кезекші топтар ерекше бақылауда болады

«Кезекші сыныптар ұйымдастырғанда санитарлық талаптарды сақтау бақылауға алынады. Дезинфекциялық туннель, термометрия, санитайзерлер орнату және маска тағу міндеттеледі. Кезекші топтағы балалардың қауіпсіздігі – ерекше назарда», – деді Б.Сағынтаев.

Әкімнің айтуынша, екі партаның арасы 1 метр болады. Әр оқушыға жеке парта мен
орындық бекітіледі. Әр сабақ өткен сайын сынып іші желде-тіледі және кварцталады, оқушылар мен мұғалімдер қолдарын жуып, антисептик қолданады.

Мектепте медициналық кабинеттер мен мектеп инспекторлары тұрақты жұмыс істейді. Қаланың барлық мектебі туннель, санитайзер, тепловизор, аяқкиім кілемшелері сияқты дезинфекциялық және санитарлық қауіпсіздік заттарымен қажетті көлемде қамтамасыз етілген.

Қашықтан оқыту үшін 75 мыңнан астам оқушы және 2 мың мұғалім компьютерлік техникамен қамтамасыз етіледі. Интернет және ұялы байланыс желісі қай жерде нашар екенін анықтау үшін мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 169 мекенжай (локация) анықталды. Ол жерде интернет сапасы төмен немесе мүлде байланыс жоқ екен. Шамамен 60 нүктеге ұялы операторлардың базалық станцияларын орнату жоспарланған. Бірқатар мекен-жай бойынша операторлар тарату желісін күшейтеді немесе қосымша желілер орнатылады.

Интернет желісіне мұқтаж 22 мыңнан астам оқушы ұялы мәліметтері бар SIM карталармен қамтамасыз етілді. Ал интернеті жоқ мұғалімдерге қажетті санитарлық шараларды сақтай отырып мектепте онлайн-сабақ өткізуге мүмкіндік беріледі. Ата-аналардың шағымы мен өтінішіне дереу назар аудару үшін қаланың барлық ауданында Колл-орталықтар, ал Білім басқармасында Телеграмм бот құрылған. Инстаграм және Facebook әлеуметтік желілерінде парақшалар ашылған.

Сағынтаев

Кезекші сыныпта үздік ұстаздар сабақ береді

Алматының білім саласы қызметкерлерінің «Алматының білім болашағы: жаңа жағдайдағы перспективалық шешімдер» форумында Б.Сағынтаев кезекші топтардағы 1-2-сынып оқушыларымен тәжірибелі мұғалімдердің жұмыс істейтінін айтты. 1-сыныпқа баратын балаларды оқытуға педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектері тартылады екен.

«Бірінші сынып оқушыла-рының ата-аналары жоғары оқу орындарының тәжірибесіз түлектері немесе соңғы курс студенттері сабақ береді екен деп алаңдаулы. Бұған жол берілмейді. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған балалармен тәжірибелі мұғалімдер жұмыс істейді. Білім басқармасына тиісті тапсырмалар беремін», – деді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Форумда жаңа жағдайда оқу процесін ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Кезекші топтарда санитарлық қауіпсіздікті сақтау, қашықтан оқытуды ұйымдастыру, педагогтар мен мұқтаж оқушыларды компьютерлік техникамен және интернетпен қамтамасыз ету мәселелері осы форумда да пысықталды. Балабақша мен мектептерде орынмен қамтамасыз ету мәселесі де талқыланып жатыр.

Қосымша білім қолжетімді болады

Алматының білім саласы қызметкерлерінің «Алматының білім болашағы: жаңа жағдайдағы перспективалық шешімдер» форумында Бақытжан Сағынтаев қалада 23 мың баланы қамтитын 9 мемлекеттік музыка мектебі және 8 балалар үйі бар екенін, олар қаладағы оқушылардың тек 9%-ын қамтитынын айтты. Алдағы уақытта оқушыларды тек сапалы орта біліммен емес, қосымша біліммен қамту керегін мәселе етіп қойды.

«Өткен жылы мен Алатау және Наурызбай аудандарында екі көпбейінді Оқушылар үйін салу жөнінде тапсырма берген едім. Қазіргі кезде құрылыс жүргізу үшін жер телімдері бөлінді. Қажетті техникалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құрылыс жұмыстары келер жылы басталады», – деп мәлімдеді Б.Сағынтаев.

Міндеттерді ҮЕҰ-мен бірге шешу үшін 2020-2021 жылдары спорт және мәдени көңіл көтеру мекемелеріне, мектептен тыс қосымша білім беру мекемелеріне қала балаларын жаппай тарту мақсатында «Жол картасы» жасалды. Оны іске асыруға білім басқармасынан өзге, спорт, мәдениет, қоғамдық даму, қоғамдық денсаулық басқармалары да тартылады.

Қаладағы спорт, мәдениет нысандары, жастар орталықтары және басқа нысандар балалар үшін ашық әрі қолжетімді болады.

«Тек спорт саласының өзінде ғана Алатау ауданында бес дене шынықтыру-сауық-тыру кешенін, теннис орталығын ашып, шаңғы трамплинінің халықаралық кешенінде жаңа нысандар салатын боламыз», – деп атап өтті қала әкімі.

Ал Жетісу ауданында шығыс жекпе-жегіне арналған төрт спорт кешені салынған. Мұнда балаларға тегін сабақ беріледі. МЖӘ аясында жеке инвестициялар есебінен
12 мектептің спорт алаңы қайта жасалады.

Мәдениет саласында Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің 10 кітапхана филиа-лы жаңартылып жатыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» аясында қала музейлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді, Almaty Creative Hub-тың креативті мәдениетінің Стратегиясы қабылданды.

Кәсіптік техникалық білім беру жүйесі қалай дамып жатыр?

Алматы – жастар қаласы. Алматы қаласындағы 39 ЖОО мен 80 колледжде 234 мың студент оқиды. Оның 66 мыңы – колледж студенті. Қазақстандағы әрбір төртінші студент Алматының жоғары оқу орындарында және Қазақ-стандағы әрбір жетінші студент Алматыдағы кәсіптік білім беру саласында оқиды екен.

«Қала экономикасы ең алдымен кәсіби жұмысшы кадрларына және өңірдің нақтылы салаларына қажет орта мамандарға зәру», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Қала колледждерінде мемлекеттік білім тапсырысы болашақта дамуды ескере отырып, қажетті салаға қарай орналастырылады. Мысалы, биыл мемлекеттік тапсырысты бөлу барысында құрылыс саласына, ақпараттық технология саласына, сонымен қатар шағын және орта бизнестің қызмет көрсету саласына басымдық беріледі.

Кәсіптік техникалық білім берудің басты мақсаты – NEET санатындағы жастардың үлесін азайту. Бұл колледждер үшін мемлекеттік тапсырысты бөлудің басты шарты.
ТжКББ, оның ішінде NEET санатындағы жастардың кәсіптік білім алу мүмкіндігін арттыру үшін Алматы әкімдігі соңғы 5 жыл ішінде кәсіби мамандарды даярлау үшін мемлекеттік білім тапсырысын 11,2 мың орынға дейін жеткізді.

Бақытжан Сағынтаев колледждердің оқу процесіне World skills енгізу жоғары сынып оқшылары арасында кәсіби бағдар мен кәсіптік білім алуды дамытатынын атап өтті.

«Бұл міндеттің барлығын «Жас маман» жобасының тиімділігін арттырып, колледждерге өндірістен жоғары білікті мамандарды тарту, ЖОО мен колледждерде экожүйе құру арқылы шешуге болады», – дейді қала әкімі.

(Материалдарда ҚР Білім және ғылым министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің ресми мәліметтері пайдаланылды)

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №35
1 қыркүйек 2020 жыл

305 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор