• Жырақтан білім іздесең
  • 25 Тамыз, 2020

Бірден қос диплом аламын

Қазір шет елде білім алуға құштар жас көп. Кейбір талапкерлер ҰБТ тапсырмай-ақ шет елде оқуды жоспарлайды. Негізі жоғары оқу орындары да түрлі мүмкіндік береді. Оның дәлелі, бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Іңкәрім Халиқызы. Ол Оңтүстік Кореяда тегін білім алып жатыр. Шет елде қалай білім алуға қол жеткізгені туралы баяндап берген еді.

– Оңтүстік Кореяда тегін оқу мүмкіндігіне қалай қол жеткіздіңіз? Шет елдіктерге грант ұтып алуға арналған ерекше бағдарламалар бар ма?

– Мен Қорқыт ата универ-ситетіне ақылы бөлімге оқуға түстім. Мамандығым екі шет тілі болды: ағылшын және корей тілдері. Оқу барысында корей тіліне деген қызығушылығым жоғары болып, арнайы бір жобада бағымды сынап көремін деп шештім. Конкурсқа қатысып, нәтижесінде 1-орынды иелендім. Яғни, «Академиялық ұтқырлық» байқауы арқылы Кореядан грант жеңіп алдым. 3-4-курстағы оқуымды Оңтүстік Кореяда жалғастырып жатырмын. Қазір 4-курс студентімін, соңғы семестрдемін. Оқу желтоқсан айында аяқталып, екінші дипломыма қол жеткіземін. Яғни, мен екі түрлі мамандық бойынша екі оқу орнында да білім алдым. Қорқыт ата университеті мен Кореядағы университеттің дипломын бірге аламын. Негізінде бұл бағдарлама «қос диплом» деп те аталады.

– Кореяда оқу үшін корей немесе ағылшын тілін білу маңызды ма? Жалпы, корей тілін толықтай меңгеруге қанша уақытыңызды жұмсадыңыз?

– Кореяда оқу үшін екі тілдің де маңызы зор. Корей тілін білу міндетті. Шындығында, корей тілін жоғары деңгейде меңгерген болсаңыз, халқы ерекше құрметпен қарап, ілтипат білдіреді. Қазақстанда кәріс тілін үйрететін мамандардың жетіспеуіне байланысты тіл меңгеруге ұзақ уақытым кетті. Дәлірек айтсам, корей тілін оқып жүргеніме 6 жыл болды. Білімімді шыңдап, қателіктер жібермес үшін әлі күнге дейін кәріс тілін жан-жақты оқып жүрмін.

Іңкәрім

– Грантты жеңіп алу үшін қандай құжаттар тапсырдыңыз? Білім алуға өтінім берген студент қандай негіздерге назар аударуы керек?

– «Қос диплом» бағдарламасы Қазақстандағы көптеген оқу орны жүйесіне енгізілген. Мен білім алған Қорқыт ата университеті Кореядағы Каннам университетімен тығыз байланыста болғандықтан, осындай байқауды ұйымдастырған еді. Өтінім берген студент міндетті түрде корей тілін білуі тиіс. Себебі байқау сынағының барлығы корей тілінде жүргізіледі. Сұқбаттасу да корей тілінде өтеді. Корей тілінде берген жауабыңызға сәйкес сізді қабылдайды.

– Оңтүстік Корея дамыған, қауіпсіз мемлекет дейді. Расымен біз ойлағандай қауіпсіз ел ме?

– Әрине, Корея жақсы дамыған, сенімді әрі қауіпсіз мемлекет. Кореяда бір дәм-ханада жұмыс істегенмін. Дәмханаға күнделікті әртүрлі жастағы адамдар келеді. Кейде олар қолшатырын, әмиянын, құжаттарын ұмытып кетеді. Қалдырып кеткен затыңызды бір аптадан кейін келіп қарасаңыз да, орнында тұрады, ешкім ұрламайды, тиіспейді. Кореяда барлық жерде бейнебақылау орнатылған. Қай мезгілде жүрсеңіз де қауіпсіз, сізді ешкім мазаламайды.

– Статистика Кореяда білім алып жатқан қазақ жастары көп екенін көрсетеді. Кореяда оқып жатқан қазақтар жиі бас қосып, бауырмалдық байланыс орнатып тұра ма?

– «ҚазАльянс» деген арнайы бағдарлама бар. Сол бойынша, Кореядағы қазақтар жиі бас қосып, хабарласып тұрамыз. Қазақстанда болатын әр мереке қарсаңында қазақ жастары кездесіп, мерекелік іс-шара ұйымдастырамыз. Корея мейрамдарында демалыс беріледі. Осы сәтті пайдаланып, қазақ жастары жиналып, ойын-сауық ұйымдастырамыз.

– Білім алып жатқан оқу орныңызда шетелдік студент-терге қандай мүмкіндіктер жасалған? Жатақхана, оқу орны жайлы мәліметтермен бөліссеңіз...

– Өзге елде білім алған мен үшін өте қызық. Кореяда шетелдік студенттерге барлық жағдай жасалған. Әр студент сабақ кестесін өзі жасай алады. Қай кез ыңғайлы болса, сол уақытқа сабақты қоя алады. Күндіз де, кешкі уақыттарда да дәріс ала беруге болады. Сонымен қатар, студент оқытушысын да, пәндерді де өзі таңдайды. Шетелдік студенттерге арналған көптеген клуб бар. Мысалы, Friends клубы. Бұл арқылы корей студенттері шетелдіктермен диалог құрады. Олар сізге корей тілін, сіз оларға ағылшын немесе орыс тілін үйретесіз. Осының нәтижесінде корей дос тауып, онымен бірге үй тапсырмаларын орындау мүмкіндігіне ие боласыз.

Іңкәрім

– Корея университеттерінің білім беру жүйесінде қандай өзгешеліктер бар? Оқу орнында қатаң талаптар қойылған ба?

– Білім жүйесіндегі ең ерекше өзгешелік – баға қою талабы. Яғни, «5» деген бағаны топтағы тек 3 адам ғана алады. Жақсы ұпайды иелену үшін барлық студент бар зейінін сабаққа арнайды. Шет ел студенттері үшін бұл өте ауыр жүйе деп айта аламын.

Себебі корей студенттерімен бірге оқығандықтан жоғары ұпай жинау қиынға соғады. Оқу орнындағы талаптар, заңдар бәріне ортақ. Өзге елдің өкілі болғаныңа қарамастан бүкіл дәрісті, жобаларды таза корей тілінде қорғауға міндеттісің.

– Инстаграм парақшаңызда бұрын құрастырған «Арман картаңыз» жайлы айтқан екенсіз. Арман картасын жасау армандардың орындалуына әсер ететініне сенесіз бе?

– «Арман картасы» – адамдардың арманын жүзеге асырам деген сенімі. Психологтардың айтуынша, «Арман картасы» – қиял, адамның армандары бір арнада суреттелген карта. Армандардың орындалуы адамның өзіне байланысты. Бірінші-ден, картаны құрастырғаннан соң оны сезіне білуге, көз алдыңа елестетуге кеңес беремін. Екіншіден, өзіңізге сену керек. Яғни, арманыңызға қол жеткізе алатындай күш-жігеріңіздің барына кәміл сеніңіз. Үшіншіден, нақты армандарыңыз болуы керек. Кейбір жандар әр күн сайын әртүрлі нәрсені армандайды. Яғни, тұрақсыздық болған жағдайда армандарыңыздың орындалуы екіталай. Осы нұсқауларды басты назарға ала білсеңіз, армандарыңыздың орындалары сөзсіз.

– Студенттік өмірден тыс сұрақ болсын. Осыншама уақыт ішінде корей халқы туралы қандай көзқарас қалыптасты? Салт-дәстүрі, өмірлік мақсаты жағынан қандай ерекшеліктері бар?

– Корейліктерден бойға сіңіруге болатын қасиет көп. Өмірлік мақсаттары айқын, болашақты жарқын деп елесте-тетін халық. Олар дүние үшін ақша жинамайды, өмірден ләззат алып, әлемді шарлау үшін қаражат жинайды. Мысалы, мен бір профессордың үйінде қонақта болдым. Ақшасы көп болғанына қарамастан, үйі өте қарапайым. Тіпті теледидары жоқ. Алайда, ол әлемнің көпте-ген еліне саяхат жасаған, мәдениетімен танысқан. Олардың дүние жинауға тырыспайтын қасиетіне тамсанамын.

– Келешекте Оңтүстік Кореяда жұмыс істеу жоспарыңызда бар ма?

– Оқуды аяқтаған соң сонда біраз уақыт тұру ойымда бар. Алайда, Кореяда жұмыс істеу жоспарымда жоқ. Басты мақсатым – Кореяда үздік білім алып, дайын маман болып, елімнің өркендеуіне үлес қосу.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Айдана ШАЛҚАРОВА
Әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университетінің
2-курс студенті,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №34
25 тамыз 2020 жыл

358 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор