• ҰЛАН
  • 24 Тамыз, 2020

Жас тілшілер жарады

Күні кеше ғана көп күткізген мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі шыққан еді. «Ұлан» газетінің сүйікті оқырмандары мен жас тілшілері сүйінші сұрап, қуаныштарын бөлісіп жатыр. Олардың арасында біздің жас тілшілеріміз де бар. Жыл сайынғы дәстүр бойынша жас тілшілеріміздің қуанышына ортақтасып, құттықтауды жөн көрдік.

Алмас

Атыраулық Алмас Борис 2019 жылы Жас тілшілер форумына қатысып, жүлделі орынды еншілеген. Алмастың бойында журналистке тән қасиеттер жеткілікті. Әрқашан шығармашылық ізденісте жүреді. Ол тек мақала жазып қана қоймай, поэзия да оқиды. Шығармашылыққа деген махаббатының арқасында Алмас ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсті. Сәт сапар, Алмас!

Алтынай

Түркістаннан үзбей хат жолдайтын Алтынай Маликаждар да ҚазҰУ-дың грантын иеленді. Алтынай өзгелерден ерекше, ізденімпаз. Сұқбат беретін кейіпкерлері де өзгеше. Алтынай тележур-налистика саласында да бағын сынап жүр. Аптаның әр күнінде Инстаграм желісінде елімізге белгілі тұлғалармен тікелей эфир өткізеді. Әртүрлі халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері атанған Алтынайға тек сәттілік тілейміз!

Айсұлу

Айсұлу Съезхан бүгінде оқырманның сүйікті авторына айналған. Айсұлудың журналистика саласында жеткен жетістігі де аз емес. Жыл сайын Жас тілшілер форумына қатысып, жеңіске жетеді. Айсұлудың материал-дары ешкімдікіне ұқсамайды, үлкен ықыласпен, шексіз махаббатпен жазылатыны байқалады. Оның жазған өлеңдері де керемет! Жақында «Абай» телеарнасында көрерменге жол тартқан «Жыр майданы» бағдарламасына қатысып, жеңіске қол жеткізген еді. Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдап, ізденісі мен еңбегінің нәтижесінде Абай атындағы ҚазҰПУ-дың студенті атанды.

Айғаным

Түркістандық жас тілші Айғаным Тұрысбектің есімі оқырманға жақсы таныс. Айғаным мектепішілік іс-шараларды ұйымдастыруда алдына жан салмайды. Тіпті, мектебінің Президенті де болған. Айғаным телеарна саласында еңбек еткісі келеді екен. Ол М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің грантын иеленді. Айғаным, ақ жол!

Зарина

«Ұланның» еңбекқор жас тілшілерінің бірі – қарағандылық Зарина Игенова. Заринаның жеткен жетістіктері өте көп. Ол биыл «Қазақстан үздігі» төсбелгісін еншіледі. Зарина 16 жасында жазушы атанды. Оның «Арқауы алтын азамат» атты кітабы оқырманға жол тартып, жақсы пікірлер айтылып жүр. Зарина, Алмас және Алтынай үшеуі бір оқу орнында білім алмақ!

Мінекей, «Ұланның» ұясынан түлеп ұшқан жас тілшілеріміз үлкен өмірге қадам басты. Білімді тілшілерімізді студент атануымен шын жүректен құттықтаймыз!

Мерей АУҒАЛИ,
«Ұланның» жас тілшісі.
Мұса Шорман ауылы
Баянауыл ауданы
Павлодар облысы

«Ұлан» газеті, №34
25 тамыз 2020 жыл

1401 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор