• Featured
  • 27 Шілде, 2020

Марафонға қатысу үшін де мақсат керек

Ежелгі Грекия жартастарының бірінен осыдан бірнеше жыл бұрын «Мықты, ақылды, әдемі болғың келсе – жүгір!» деген жазу табылған.  Жүгірудің адам ағзасына тигізер пайдасы зор. Қазіргі таңда ең танымал жаттығулардың бірі – жүгіру.  Өйткені жүгіру үнемді және қолайлы спорт түрі.  Оған арнайы құрал-жабдық қажет емес. Тек қана жүгіруге арналған жақсы аяқ киім мен жер болса жеткілікті. Алматыда бұқаралық спорт түрлеріне, соның ішінде жүгіруге деген қызығушылығы артып, халықтың жаппай салауатты өмір салтын ұстануға көшкенін байқауға болады. Мысалы, соңғы жылдары «Алматы марафоны» мыңдаған адамның басын қосатын спорт пен қайырымдылықтың үлкен мерекесіне айналды. Марафонға қатысудың пайдасы, оған қалай және қандай уақытта дайындалу керек, сондай-ақ, бұл спорт шарасының қала үшін маңызыдылығы туралы білу үшін «Алматы марафонының» директоры Салтанат Қазыбаевамен таныстық. Ол – «Бірінші болу батылдық» атты корпоратив қорының директоры.  Бұл қор «Алматы марафоны» және өзге де спорттық іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады. Салтанат – Халықаралық бизнес университетінің «Қоғаммен байланыс», Бостон университетінің «Халықаралық маркетинг» мамандығы бойынша магистратура бағдарламасын бітірген. Кейіпкеріміз жүгірудің  техникасы мен ережелері, марафон ұйымдастырудың қызығы мен қиындығы туралы айтып береді. – Мені ата-анам бала кезден спортқа баулып өсірді. Мектепте баскетбол ойнайтынмын, жүзумен және жүгірумен айналысатынмын. Өзім спортқа жақын болсам да, мамандығымды бұл саламен байланыстырамын деп ойламағанмын.  World Class Almaty фитнес-клубы маған спорт әлеміне есік ашты. Мен бұл жерде оқыған мамандығым бойынша директордың орынбасары  болып жұмыс істей бастадым. Басында жаттығу залына барып, кейін жаттығу залы  мені пауэрлифтингке алып келді. Пауэрлифтингпен әуестеніп, түрлі жарыста, Қазақстан, Азия чемпионаттарында өнер көрсеттім. Ол уақытта бұл спорт түрімен айналысатын қыздар аз еді.  Ал бүгінгі таңда пауэрлифтинг арулар арасында да танымалдыққа ие болып жатыр.  Мен белсенді әуесқой спортшымын, халықаралық жарыстарға қатысамын. Қазіргі таңда триатлон спортымен айналысамын. Триатлонға қатысушылар үш бірінен кейін бірі, үзіліссіз өткізілетін жүзу, веложарыс және жүгіру кезеңдерінен өтеді. Бұл марафондық дистанция:  4 км жүзу, 180 км веложарыс және 42 км жүгіру бөлімінен тұрады. Қазақстанда әуесқой спортшы қыздар арасында марафон және пауэрлифтинг бойынша ең үздік көрсеткіш менде деп мақтаныш сезіммен айта аламын. Ал жобаларға келетін болсам, «Алматы марафонын» ерекше жақсы көремін, дейді Салтанат. «Алматы марафоны» –  қайырымдылық жоба. Біз мүгедектігі бар жандар мен ерекше қажеттілігі бар балаларға көмектесеміз. Марафонға тіркеле отырып, қатысушы жарна төлейді. Жыл сайын біз қайырымдылық мақсатын таңдап алып, спорттық жабдықтарды сатып аламыз. Бұл балаларды оңалтуға көмектеседі. «Алматы марафонын» жасау идеясы қалай келді? Біз 2012 жылы World Class Almaty фитнес-клубының бір жылдығына Алматы тұрғындарын жинап, спорт мерекесін жасағымыз келді. Алматының өз марафоны болса екен деп армандадық. Идея сәуір айында келді, ал бірінші марафон 27 мамырда өткізілді. Халық қалай қабылдайды деген қорқыныштың болғаны жасырын емес. Стартта 500 қатысушы көруді жоспарлап едік, алайда 2500-ден аса қатысушы келді. Шыны керек, осыншама қатысушының келгені бізді таңғалдырды. Спорттық шараны  қала басшылығы мен әкімшілігі де құптады, демеушілер қолдау көрсетті. Ең бастысы,  қала тұрғындары риза болды. Ал бүгін «Алматы марафоны» қаланың спорт мерекесіне айналды. Біздің жобамыз әуесқойлар арасында бұқаралық спортты насихаттауға бағытталған. Жылына 20-дан астам старт өтеді.  Марафонға қатысушылардың саны артты, мысалы, соңғы өткізілген марафондарымызда 17 000 қатысушы болды. Марафон алдында көп жұмыс атқарылады. Ең алдымен қауіпсіздік ережесі сақталады. Жүгіруге ыңғайлы жол мен трасса тексеріледі. Біз адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне жауапкершіліпен қарауымыз қажет. Сондықтан марафон болатын жерде міндетті түрде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, жедел жәрдем, полиция болады. Сондай-ақ, қаланың коммуналдық қызметтері (дәретханалар, гигиеналық тазалық бұрыштары), еріктілер үлес қосады. Жыл сайын марафонды қызық етіп өткізуге тырысамыз. Қатысушылардың талап-тілектеріне құлақ асамыз. Егер сіз марафонға қатысқыңыз келсе, біріншіден, мақсатыңыз болу керек. Не үшін қатысып жатырсыз? Бір рет қатысып, кейін спортты тастап кету – үлкен қателік. Жүгірмесеңіз де, жаттығу жасап тұруыңыз керек. Жүгіру оңай спорт түрі болып көрінгенімен, оның да өзіндік ережелері бар. Алдымен маманнан консультация алған дұрыс немесе ғаламтордан оқып алу керек. Сонымен қатар, медициналық кеңес те артық етпейді», – дейді марафон ұйымдастырушысы.

ЖҮГІРУ МЕН ЖҮРУДІҢ ПАЙДАСЫ

– Жүгіру спортын әркім әртүрлі қабылдайды. Біреу үшін денсаулықты сақтаудың тәсілі болуы мүмкін. Кейбір адамдар медитация үшін жүгіреді. Артық салмақтан арылу үшін де жүгіретіндер бар екенін білеміз. Әркім жүгіруден өзіне қажетті мотивациясын алады. Таңертең немесе кешкі 20.00-ден кейін жүгіру керек. Саябақта, стадионда жүгірген қолайлы. Мен таңертең 5:30-да тұрып жүгіремін.  Егер сіздің режиміңіз дұрыс болмаса, бірінші ай ерте тұру қиындық туғызуы мүмкін, алайда оның ағзаға пайдасы зор.  Мұндай режимге үйренген соң, ерте жататын боласыз. Дененің түнде қалпына келуі өте маңызды. Жүгіруді бюджеттік спорт түрлерінің бірі деп санауға болады: тек аяқ киім мен талпыныс керек. Мен жаттығуды жүгіру клубында немесе жеке жаттықтырушымен бастауды ұсынамын.  Бұл жоғары нәтижелерге қол жеткізуге және денсаулықты сақтауға көмектеседі, себебі дұрыс емес жүгіру техникасы өте көп зиян келтіруі мүмкін. Әрбір адам рационды өзі жасайды. Кейбіреулер таңертең сұлы жейді, ал кейбіреулері тек су ішіп, таңғы ас ішпеуі мүмкін. Мен таңертеңгі жүгіруге шығар алдында бір стакан су ішіп, бір қасық бал жеймін. Ең бастысы – жүгіру алдында майлы және қуырылған тамақ жемеу керек. Әкемнің мамандығы – хирург.  Әкемді үлгі тұтамын. 53 жасында 5000 жанның өмірін сақтап, 30 000 аса өмірлік маңызы бар оталарды жасады. Әкем адам ретінде тек отбасында ғана емес, қоғамда да орны бар адам. Спорт арқылы қала тұрғындарына пайдалы, игі іс жасап мен де қоғамда өз орнымды қалдырғым келеді.  Адамдар спорт саласын дамытуды қалайды. Ал біз халықтың қалауын орындаймыз.  «Салауатты Қазақстан» атануымыз үшін әрқайсымыз өзімізден бастап, балаларға да спорт мәдениетін үйретуіміз керек», –  деп кеңес айтады марафоншы.

Ақерке ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ, «Ұланның» жас тілішісі. Алматы қаласы

1322 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор