• Бірінші байлық
  • 15 Шілде, 2020

Отбасымызбен қалай ауырдық, қалай емделдік?

Сәлем, досым! Менің осы хатымды ата-әже, әке-шеше, бауырларыңмен бірге оқып, ой бөліссең қуанар едім. Осыдан тура бір ай бұрын кезекті еңбек демалысына шығар-шықпас ауылға тарттым. Ауылым Түркістан облысында. Жұма күні газеттің кезекті санын баспаханаға өткізе салып, ертесі (6 маусым күні) жолға шығуыма әкемнің ауырып қалғаны себеп болды. Шынын айтайын, жанымызды шүберекке түйіп, қорықтық. Өйткені қатты ауырды. Ата-анаң ауырып жатқанда дүниежүзілік пандемия да, карантин де ұмыт қалады екен. Ауырып жатқан ата-анаң сен барсаң жазылып кететіндей көрінеді. Көзіңмен көріп, жанында болғың келеді. Бар мақсатымыз – ата-анамыз аманда жанына жету болды. Сөйтіп ойдағы, қырдағы бүкіл бала-шағасы қарашаңыраққа жиналдық. Ауылға Алматы-Түркістан бағытындағы автобуспен бардық. Жеткенше бүкіл сақтық шарасын жасадық. Аузы-басымызды тұмшалап (он екі сағат бойы масканың сыртынан орамал байлап отырдық), жан-жағымызға, ұстағышқа антисептик шашумен болдық. Жолда тамақтанып алмақ түгілі, бір тамшы су ішпедік. Бар ойымыз – жолдан вирус жұқтырып алмай, аман-есен жету. Егер біз ауру жұқтырсақ, бүкіл жақынымызға зиян келтіреміз деп ойладық. Бірақ біз ауылға барғанда отбасымызбен түгел ауырдық. Қалай, кімнен жұқты? Енді сол жөнінде пайымымызды тарқатып айтып берейін.

Ауру қайдан жұғады?

Әкем оразаның соңғы күні ауыз бекітпеді. Ыстығы көтерілген. Ораза кезінде біздің ауыл түгел ауызашар жасаған. Сондай-ақ сол кездері ауылда бірнеше адам қайтыс болған. Қайтыс болған кісілердің бірінің жасы келген болса, енді бірінің бұрыннан созылмалы ауруы бар. Төтенше жағдай мен карантин режимі алынғаннан кейін ауылда қайтыс болған кісілердің отбасына көңіл айтуға еліміздің әр аймағында тұратын ағайындар келе бастаған. Нұр-Сұлтаннан, Алматыдан, Қостанайдан келген адамдар жаназада ауыл тұрғындарымен бірге тұрған. Ауыл адамдарының айтуынша, өлім-жітімге барғандардың тоқсан пайызы маска тақпаған, таққандарының өзі ырымға иегіне іле салған. Жаназа шығарылған үйде дастарқан жайылып, бәрі тамақ ішкен. Әкем жаназаға барған күні кешкісін ауыра бастаған. Отбасымызда үлкен ағам дәрігер. Әкеміздің ауырғанын ести сала келіп тексеріп, дәрі-дәрмек беріп кеткен. Содан кейін тәп-тәуір болып қалған. Үш-төрт күн өткен соң әкемнің досы және жеңгесі қайтыс болып, солардың жаназасына барып келеді. Содан қайтадан ауырып қалды. Екінші ауырғанда дерті қатты күшейді. Біз барамын дегенше тіпті анамыз, үйдегі ағам мен жеңгем ауырып тұрды. Бірақ олардікі ұзаққа созылмады. Екі-үш күнде жазылып кетті. Содан кейін де Сovid-19 біздің отбасында жоқ деп ойладық. Әкемізге тест тапсыртпадық. Өйткені 81 жастағы кісіні ауруханаға жатқызсақ қалай қарайды деген күдік болды. Бар үміт те, сенім де дәрігер ағамызда. Құдайға шүкір, ағамның біліктілігінің арқасында әкем де, бүкіл отбасы мүшелері де жазылып шықты. Пандемия басталған кезде бүкіл байланысты бекерге онлайнға көшірген жоқ. Біздің үйдің мысалы басқаларға да сабақ болса деймін. Қазір той, құдалыққа, өлім-жітімге барып-келіп жүретін уақыт емес. Әр қазақ вирустан аман қалсын десек, вирус тезірек жойылсын десек, тыныш үйде отыратын уақыт. Көңіл айту, көңіл сұрау арқылы вирустың таралуын одан сайын өршітеміз. «Қазақтығымыз, мұсылмандығымыз қайда?» дей ме үлкендер? «Ораза, намаз – тоқтықта» екенін ұмытпағайсыздар. Жақынына жаны ашыған азалы үй ағайын-туыс, құда-жекжатқа алдын ала ризалығын білдіріп, алағай да бұлағай шақта келмей-ақ қоюын өтінсе, ешкім сөз ете қоймас. Кейін бәрі басылғанда ас берер...

Ауру белгілері қандай болды?

Үйде ең қатты ауырған әкем болды. Ыстығы 38-39 градусқа дейін көтерілді. Тамақ іше алмай қалды. Әпкелерім сорпаны аузына қасықпен құйып отырыпты, ішіндегі етін де, кеспесін де жей алмапты. Сүйеп тұрғызып, отырғызып жүрдік біраз уақыт. Ағам аспа уколдар тағайындап, бірнеше дәрі-дәрмек берді. Бір аптаның ішінде басын көтеріп, беті бері қарады. Сол кезде қалғанымыз бірімізден соң біріміз ауыра бастадық. Мысалы, өзімнің симптомдарымды айтайын: – Тамағым жыбырлап, қышы-ды; – Ыстығым 37 градустан асты; – Денем қақсап, сай-сүйегім сырқырады. Ешқашан сүйегім бұлай ауырып көрмеген еді. Көзім қатты ауырып, ісіп кетті; – Екі-үш күн өткенде мүлде дәм мен иіс сезбей қалдым; – Көкірек тұсымда дем алғанда ауырлық пайда болды; – Құрғақ жөтел пайда болды; – Ештеңеге зауқым соқпады, ұйықтап жата бергім келді. Міне, белгілер осындай болды. Бірақ тәбетім жоғалған жоқ. Қарным ашып, тамақ іздеймін. Ештеңеге қарамай тамақ жей бердім. «Ас тұрған жерде ауру тұрмайды» деп әбден өзімді сендіріп тастағаным да әсер еткен болуы керек.

Аурумен үйде қалай күресуге болады?

Ең біріншіден, білікті дәрігерге қалай ауырып жатқаныңызды айтып, кеңес алыңыз. Иә, тест тапсырыңыз, КТ жасатыңыз деп айтар едім. Бірақ ауылдағы ағайында мұндай мүмкіндік жоқ. Қазір қаланың өзінде ақылы тест таппай жүргенін бәріміз білеміз. Біздің отбасында бір адам және көршіміз ғана коронавирусқа ПЦР тест тапсырды. Көршімізден анықталмады, ал бір әпкемнен коронавирус екені нақтыланды. Алайда әпкемнің симптомдары менікінен жеңіл болды. Жоғарыда мен айтқан белгілер байқала бастаса, температураны түсіруге әрекет жасау керек. Мысалы, мен парацетамол деген дәріні езіп іштім. Бірақ қызуым екі күн ғана көтерілгендіктен екі-ақ рет қабылдадым. Тамағымды ас содасымен, тұзбен шайқап тұрдым. Мұны жарты сағат сайын қайталап тұрсаңыз, пайдасы болмаса, зияны жоқ. Дәрігер ағам антибиотиктер тағайындады. Оны мұнда жаза алмаймын. Өйткені әркімнің организмі әртүрлі. Антибиотикті дәрігердің бақылауымен ғана тағайындау керек екенін естен шығармаңыздар! Сол дәрі-дәрмектің әсерінен бе екен, организмім суды қатты іздеді. Суды көп іштім. Үш апта тек қана сұйық тамақ іштім. Бұл ауру көңіл-күйге қатты әсер етеді. Өзіңнен өзің тұңғиыққа кетіп қала бересің. Сондықтан ауырып жатқан жақындарыңызға көңіл бөліп, жиі хабарласып, жақсы көретіндеріңізді сөзіңізбен де, ісіңізбен де білдіріп тұрыңыз. Әкем де бала-шағасының бәрі келгенде, басын көтеріп, бірден дұрысталып қалған. Ас содасымен булауды жасап көрдім. Негізі бұның пайдасы да, зияны да бар. Менен мүлде тер шықпады. Аспирин ішіп жатсам да (езіп ішу керек), денем жіпсиді де қояды. Сонымен бір қасық ас содасын бір литр суға қазанда қайнатып, аузыммен, мұрныммен ыстық буын жұттым. Сыртымнан көрпемен бүркеп қойды. Содан кейін ғана терлейтін болдым. Оның алдында бір апта тер шықпай, денем қатты қақсаған еді. Мұны екі рет қана істедім. Менің қателігім – өкпеме ешқандай жаттығу жасамадым. Өйткені әкеме де демалу жаттығуларын, аяқ-қолына арналған жаттығуларды жасатқанбыз. Аяқ-қолға арнаған жаттығуды төсегінде жатқан күйінде өзіміз сүйемелдеу арқылы жасаттық. Бұл антибиотиктердің әсерінен қан ұйып қалмас үшін де керек екен. Ал басқа бауырларым өкпеге арналған жаттығуды ауырған соң екі-үш күн өткенде бастаған. Ал мен төртінші аптада ғана бастадым. Бастапқыда әр істегенде бес реттен жасасаң да жеткілікті. Өйткені қатты шаршап қалуға болмайды. Күніге біртіндеп қоса беруге болады. Мен көбірек жасағанымда басым айналды. Өкпе жаттығуынан соң жөтеліп қаласың. Одан қорқудың қажеті жоқ екен. Ол қандай жаттығу дейсіз бе? Таза ауада мұрынмен терең демаласың да, аузыңмен өкпедегі ауаны шығарып тастай-сың. Немесе кәдімгі шарды пайдалануға болады. Мұрынмен дема-лып, шарды үрлеу арқылы өкпедегі ауаны сыртқа шығарасың. Менде жөтел ұзақ жүрді. Бірақ жиі емес, бір жөтелсем, ұзақтау жөтелдім. Сосын тағы да халық емінің бірін жасап көрдім. Екі дана сарымсақ пен бір пиязды үккіштен өткізіп, бір шәй қасық шекерге араластырдым. Жарты сағатта сөлі бөлініп шығады. Сол бөлінген сөлді ішіп, соңынан қоймалжыңын сүтке араластырып жеп қойдым. Шынын айтсам, бірінші күні ештеңе сезбедім. Ащысы әсер етпеді. Үйдегілер «Мә, қалай жедің, қалай іштің?» деп таңғалды. Екі күн өткен соң осы әдісті тағы қайталадым. Ол кезде қоймалжыңын жей алмадым, сөлінің өзі көкірек тұсымды дуылдатып жіберді. Содан бастап жөтелгенде қақырық түсе бастады. Кеудемді қойдың майымен де майладым. А4 қағазды инемен піскілеп бал жағып, кеудеме жабыстырып қойдым да. Міне, антибиотиктерден бөлек осындай ем жасадым. Дәм, иіс сезуім толық үш апта, үш күнде қалпына келді. Қазір таңертең тұрғанда ғана кішкене жөтелемін. Қымыз ішіп жүрмін. Өкпенің тазаруына жақсы көмектесетінін дәрігерлер айтқан еді.

Қандай сабақ алдық?

Біз он ағайындымыз. Солардың бәрі, олардан туған баланың сексен пайызы ауырып шықты. Ең ұзақ ауырған әкем екеуміз. Қалғандары 2-3 күн, бір аптадан ауырды. Балалар ешқандай уколсыз, ыстықты түсіретін дәріні ішіп, тамақты қайта-қайта шайқаумен 2-3 күнде жазылып кетіп жатты. Мүмкін балалардың иммунитеті үлкендерге қарағанда дұрыстау екені де, не болса соны уайымға сала бермейтіні де әсер еткен шығар... Ауырғанымды ешкімнен жасырған жоқпын. Әлеуметтік желіге де ашық жаздым. Көп адам содан кейін хабарласып, менікіндей симптоммен ауырып жатқанын айтып, кеңес сұрады. Бәрі «кондиционер қосылып тұрған жерде ұзақ отырып қалып едім, тоңазытқыштан су, қымыз алып іше салып едім, содан осындай боп ауырып қалдым» дейді. Иә, бұл «тұмау» осындай кезде жабыса кетеді. Сондықтан сақтанып жүріңіздер. Сосын «бір ауырған адам қайта ауырмайды екен» деп еркінсуге де болмайды. Мысалы, мен де бір апта ауырған соң дұрысталып қалған едім, кешкісін терлеп тұрып, далаға шыға салғам. Үп еткен самал жел қайта алып ұрды. Сөйтіп төрт аптаға дейін созылды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген мақалды кішкентайымыздан естіп өстік. Бірақ аса елемеген екенбіз. Коронавирустан да, пневмониядан да сақтанудың жалғыз жолы – гигиена сақтау, маска тағып жүру, көпшілік жиналатын орынға бармау. Егер ауыра қалсаңыз, бірден оқшауланыңыз. Масканы тастамай тағып жүріңіз. Жас дос, «көршінің баласымен ойнасам ауру жұға қоймас» деп жүре беруге болмайды. Көпқабатты үйде тұрсаң, аулаға шыққанда тіпті сақ бол. Өйткені қазір кімнің ауру, кімнің сау екенін білмейсің. Мен өзімді жақсы сезінсем де, жұмысқа баруға жүрексініп отырмын. Өйткені біреуге ауру жұқтырып қоямын ба деп қорқамын. Өздерің де ақпарат көздерінен естіп, оқып жатқан шығарсыңдар, елімізге танымал қанша адам осы аурудан көз жұмды. Өздерің жеке танитын адамдар да қайтыс болған шығар. Мысалы, ауылда жүргенімде бір күнде үш ауылдасым ыстығы көтеріліп, қайтыс болып жатты. Күнара немесе күн сайын бір ауылдасымның қайтыс болғанын естимін. «Жәй тұмау тиіп қалды» деп еренсіз жүретін ауру емес бұл. Біз отбасымызбен дер кезінде дұрыс ем алып, аман қалдық. Алайда ауырып қалсаң, қатты күйзеліске түсуге болмайтынын есте сақта. Қарт кісілер де дұрыс ем алса, жазылады. Тек сол ем алуға мүмкіндік бәрінде бірдей бола бермейтіні өкінішті... Ауырмайық. Бастысы, сақтық шараларын ұмытпайық.

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №28 14 маусым 2020 жыл

1472 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор