• Күншуақ
  • 24 Ақпан, 2020

Ағаш ойып, тігін тігуді үйренеді

Мектеп тек білім берумен шектелмейді. Тәрбие, тәжірибе, болашаққа бағдар да береді. Оқу ордасында жүріп теориялық білімнен бөлек, тамақ пісіру, тігін тігу, ағаштан бұйым жасау, құрақ құрау сияқты өнер түрлерін үйрену ғажап қой? Мұндай мүмкіндік әркімге беріле бермейді. Ал жақында екі шеберхана қатар ашылған Алматы қаласындағы №10 мектеп-интернаттың шәкірттері тігін тігіп, ағаш бұйымдарын жасауды үйрене алады. Жақында «АЯЛА» қайырымдылық қоры «Кәсіби бағдарлау» жобасы аясында күнкөрісі төмен және көпбалалы отбасының балалары оқитын мектеп-интернатта тігін және ағашпен жұмыс істеу шеберханасын ашты. Енді оқушылар көркем еңбек сабағында және сабақтан тыс уақытта тігін тігуді және ағаштан бұйымдар жасауды үйрене алады. Ол үшін қажетті заманауи жабдықты Oriflame компаниясы сыйға тартты. Негізі мектеп-интернатта шеберхана 2016 жылы ашылған екен. Бірақ ол кезде құралдар мен материалдар жеткіліксіз болып, балалар тігудің және ағашпен жұмыс істеудің «әліппесін» ғана үйреніпті. Енді олардың екі толымды шеберханасы бар. Шеберханада күн сайын 100-ге жуық оқушы сабақ өте алады.

ҚҰСҚА ҰЯ ЖАСАЙТЫН НҰРАЛИ

Біз ағаш өңдеу шебер-ханасына барғанда балалар қызу жұмысқа кірісіп кетіпті. Шеберханадағы балалар оқушы емес, құдды бір ағаш шеберіндей. Қолдары құрал-жабдыққа жатық, ұстазының нұсқауынсыз-ақ әп-әдемі бұйым жасап жатыр. Біздің көзіміз құстарға ұя жасап жатқан оқушыға түсті. Онымен жақынырақ танысып, аз-кем әңгімелестік. «Менің аты-жөнім – Нұрали Жандауов. №10 мектеп-интернаттың 7-сынып оқушысымын. Сүйікті пәнім – алгебра. Бос уақытымда теннис үйірмесіне барамын. Интернатта телефон қолданбаймын. Өзіме қажет ақпаратты ұстазымнан сұрап, кейде компьютерден қарап аламын. Көркем еңбек сабағы ұнайды. Бүгін құсқа арналған ұяның шатырын жасап болдым. Осы аптада интернаттың ауласындағы ағашқа орнатсам деп жоспарлап жүрмін. Соңғы күндері Алматыда қар жауып, күн суытып кетті ғой. Құстар азық таппай жүрген шығар. Сондықтан жұмысымды тезірек аяқтауға асықпын», – деді ол. Ағаш шеберханасындағы сабақты мол жұмыс тәжірибесі бар педагог Әділ Бекбердиев жүргізеді. Бес жылдан бері көркем еңбек пәнінен сабақ беретін ұстаздың айтуынша, көркем еңбек пәні оқушыларды тек кәсіп түріне емес, адамгершілік пен қайырымдылыққа, төзімділік пен шығармашылыққа да үйретеді екен. «Заман талабына сай адам болу үшін бәрін үйрену керек. Әсіресе ер балалардың мойнында жауапкершілік көп. Көркем еңбек пәні 9-сыныпқа дейін оқытылады. Ағаш шеберханасына заманауи шеберүстел, «үшеуі бірге» функциясы бар ағаш арасы, бұрғылау және қайрау станоктары, екі ажарлағыш машина, бірнеше ою арасы, бұрғы, бұрама шегені бұрағыш, шарқайрақ, металл және ағаш қол арасы бар. Жалпы саны 40-тан астам жабдық орнатылған. Мұнда балаларға күнделікті өмірге пайдалы практикалық дағды алуға көмектесеміз. Оқушыларды жиһаз жинауға, тұрғын үй жөндеуге үйретуге тырысамын. Себебі дәл осы дағдыларды ол болашақ кәсібінде немесе күнделікті тұрмыста қолдануы мүмкін», – дейді Әділ Жолдасбайұлы. Әділ ұстаз биылғы оқу жылына үлкен жоспар құрып қойыпты. Азық-түлік турайтын тақтай, отырғыш, үстел жасау, мектептің ағаш жиһазын жөндеу... Қарап тұрсаңыз, қазір мұның бәрін сатып алуға немесе тапсырыс бере салуға болатын сияқты. Бірақ Әділ Жолдасбайұлы мұндай шеберхана балалардың оқуда неғұрлым жинақы және зейінді болуына көмектеседі деп санайды.

АИДА ДИЗАЙНЕР БОЛУДЫ АРМАНДАЙДЫ

6-сынып оқушысы Аида Әмірбек танымал қазақстандық дизайнер Аида Кауменованы үлгі тұтады екен. Тіпті, есімінің Аида болғанын да осымен байланыстыратынын айтты. «Көркем еңбек пен Қазақстан тарихы пәнін жақсы көремін. Өскенде дизайнер болғым келеді. Мектептегі тігін машинасымен жұмыс істеген ұнайды. Сәукеле, ұлттық киімдер, құрақ көрпе жасаймыз. Көркем еңбек пәні аптасына екі-ақ рет болады. Кейде тіккім келетін нәрсенің сызбасы мен жоспарын үйден дайындап келемін. Бос уақытымда сурет салып, қол еңбегімен айналысамын», – дейді болашақ дизайнер. Жаңартылған тігін шеберханасында сабақ жүргізетін педагог Алмагүл Мұстафинаның айтуынша, сабақта жоғарғы сыныпта оқитын қыздар тігін машинасында қалай қауіпсіз және дұрыс жұмыс істеуге болатынын, матаны қалай дұрыс таңдау керектігін біледі екен. Сонымен бірге кестелеуді және киім тігуді үйренеді. «Жай киім немесе төсек ақжаймасын өз бетінше пішу және тігу, матаны немесе киімді әдемі кестелеу, шалбарды, көйлекті, белдемшені жөндеу немесе қайырып тігу сияқты күнделікті өмірге қажетті дағдыны осы шеберханада үйрене алады. Ал мұны заманауи қауіпсіз және жайлы жабдықта жасау бәріне ұнайды және ынталандыра түседі», – дейді ол. Тігін шеберханасында бес тігін машинасы, оның ішінде бір өнеркәсіптік, үш жіптік торлағыш, бумен жібіткіш, үлкен ыңғайлы пішетін үстел, үш тігін манекені, үтік, үтіктеу тақтасы, жіп, қайшы және ине жиынтығы бар. «Кәсіби бағдарлау» жобасы іске қосылған 6 жылда «АЯЛА» қайырымдылық қоры 5 курс ұйымдастырды, 19 арнайы шеберхана ашты. Біз 5 баланы шаштараз шеберлігіне, 20 баланы тігін шеберлігіне оқыттық. 60 жасөспірім үй жағдайында қарапайым тамақ дайындау курсынан өтті. Жоғары сыныптың 30-дан астам оқушысы әлеуметтік желіге арнап қызықты бейнеконтент жасауды үйренді. Алматыдағы 2 мектеп-интернаттың және облыстық балалар үйінің 21 жасөспірімі осы аптада визаж, нейл-стилист, тележүргізуші және журналист, сайт жасау және автоэлектрик курстарында оқуын бастады. №10 мектеп-интернатта екі заманауи және қауіпсіз шеберхананың жұмыс істей бастағанына қатты қуанып отырмыз. Осы жобаға қолдау көрсеткен «Орифлэйм» компаниясына алғысымызды білдіреміз. Бұл шеберханалардағы сабақтар көптеген жасөспірімнің өзіне және өз күшіне сенімді болуына көмектесетініне, ал кейбіреулеріне болашақ кәсібіне және тіпті өз ісін бастауына жол ашатынына сенімдіміз», – деді «АЯЛА» қорының президенті Айдан Сүлейменова. «Орифлэйм» қайырымдылық жобаларының басты мақсаты – балалардың оқуына және кәсіби дайындықтан өтуіне көмек беру. Өйткені алған білімі олардың болашақ берекелі өмірінің іргетасы. «Көп жыл бойы балалардың өз арманын іске асыруына көмектесуге тырысып келеміз және біздің компанияның мұндай мүмкіндігі бар екенін мақтаныш тұтамыз», – деді «Орифлэйм» компаниясының өкілі. P.S. Қазақтың ұл-қыздары ертеде дала мектебінен, ана мектебінен өткен. Олар баланы үлкен өмірге сегіз қырлы, бір сырлы маман ретінде дайындаған. Ал интернатта тұратын балалар ата-анасымен сирек кездеседі. Тіпті, күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен баласына көңіл бөле алмайтын жағдайлар да болады. Ал мектепте балаларды болашағына қажет дағдыға үйрету – сауапты іс.

Дана МАРАТОВА 

«Ұлан» газеті, №8 25 ақпан 2020 жыл

2020 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор