• Өнертапқыш
  • 11 Маусым, 2019

Жылдың ең үздік жобасы анықталды

Жақында химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Ең үздік жоба – 2019» ғылыми фестивалі өтті. Оқушылар инженерлік, гуманитарлық, әлеуметтік, бағдарламалық және  IT бизнес саласында елуге жуық жұмыс ұсынды. Өнертапқыш жеткіншектердің еңбегіне ғалымдар мен бизнес өкілдері баға берді. Химия ғылымдарының докторы, профессор Зұлхаир Мансұров: «Зияткерлік мектепте ғылым бәйгесінің екінші рет өтуі көңіл қуантады. Балалар әр жұмысқа салмақты қарапты. Десе де, ғылымға қызыққан балалардың алдында  білім саласында жетістікке жеткен жастарды шақыру керек еді. Мысалы, Phd дәрежесін Францияда қорғаған Гауһар Қонысбаева. Жоба қорғаған кезде стенд міндетті түрде болу керек. Өйткені, стендтен жұмысты түсініп, оқушының қаншалықты еңбектенгенін көресің. Қой жүні мен шұбаттың жұрт біле бермейтін қасиетін зерттеген оқушыларға риза болдық», – деп ақ батасын берді. Никита Носков, Асанкүл Ескендір, Данил Прохоренко және Асылбек Сәкенов «Ең үздік топ» дәрежесін жеңіп алды. Олар фестивальдің бірнеше саласына қатысып, жүлделі орын алды. Әсіресе, Никита Носковтың латын әліпбиіне көшуге байланысты жасаған жұмысы ерекше. Шұбатты зерттеген Мадина Оразалиева мен Анел Ердімұрат ұлттық сусынның құрамында адам азғасына қажетсіз бактерияны жоятын қасиет барын айтады. Абай атындағы Қазақ Ұлттық университеті екі оқушыға грант берді. Өсімдіктерді етене зерттеген 9-сынып оқушысы Ая Абутаханың жұмысы грантқа лайық деп танылды. Табиғи крем жасаған Алмаз Жұмағалиев «Химия» факультетіне грант ұтып алды. «i-MAP» дамыту орталығының директоры Жадыра Мырзағұлова фестиваль жеңімпаздарын бизнес сабаққа жеңілдікпен оқуға қабылдайтынын айтты. Топ жарған балаларға алғыс хат пен медаль табысталды. ЗИЯНЫ ЖОҚ СТАҚАН 10-сынып оқушылары Үміт Сейітжан мен Даниса Исахан (Инженер жобасы бойынша 1-орын): – Қазір бір реттік ыдыстар өте көп. Олар қоқыста бір күнде жоқ боп кетпейді. Жылдар бойы жата беруі мүмкін. Біз құрамында полисахарид қоспасы бар стақан жасадық. Яғни, агар-агар, каррагинан, пектин және альгин қышқылы. Кейбір қоспаны тамаққа да қосады. Адам ағзасына, қоршаған ортаға зияны жоқ. Қоспалар бір аптаның ішінде өздігінен іріп, жоқ болып кетеді. Стақанға құйылған су да зиянсыз. Бір рет қолдануға арналғандықтан суды 5-7 сағат қана ұстап тұра алады. Егер су ұзақ тұрса, стақан формасын жоғалтады. Түрлі бояу қосып, әдемі етіп көрсетуге тырыстық. Бояу судың физикалық құрамына, түсі мен дәміне әсер етпейді.  ҚОЙ ЖҮНІ ЖЕРДІ ҚҰНАРЛАНДЫРАДЫ Жәмилә ДОМБАЙ мен Мадлена РАХИМЖАНОВАНЫҢ жаңалығы көптің көңілінен шыққандай. Қазылар алқасындағы ағай-апайлар риза боп, «өзімізде бар нәрсені осылай дамытқан дұрыс» деп баға берді.  9-сынып оқушыларының еңбектері 2-орынға бағаланыпты. Жәмилә: Бұл – алғашқы жобамыз. Жарысқа да бірінші рет қатысып отырмыз. Қой жүні туралы ғылыми жетекшіміз айтты. Тақырыпқа қызығып, зерттеуге кірістік. Ата-бабамыз төрт түліктің пайдасын жақсы білген. Қойдың етін жеп, терісі мен жүнін пайдаға асырған. Өкініштісі, жүнін пайдаға асыруды дұрыс білмей келеміз. Елімізде 18 миллион бас қой бар. Жүнді өңдейтін өндіріс орындары болмағасын жылына бірнеше мың тонна қой жүнін қоқысқа тастаймыз немесе өртеп жібереміз. Жеріміздің көп бөлігі құрғақ, шөл-шөлейтті. Осы аймақты жасылдандыруға қой жүнін пайдалансақ болады. Сөйтіп, қоқысқа тасталған қой жүнін пайдаға жаратамыз. Біз ұсынған технология экологиялық талаптарға сай энергия мен экономиканың қаржы көзі бола алады. Жүн 4-5 жылда органикалық заттарға ыдырайды. Құрамындағы протеин-кератин суды жақсы сіңіреді. Сол себепті де өрттен қауіп аз. Ауа өткізгіштігі мен ауа сақтаушы қабілеті жоғары. Жерге органикалық заттармен бірге өсімдікті байытады. Топырақ пен жүнді араластырып, құрғақ жерде өсетін өсімдікті өсіруге болады. Жүнді жақсылап жуып, кептіреміз. Қасиетін сақтау үшін кептіру кезінде техникалық құралдарды пайдаланбаған дұрыс. Сосын барып топырақпен араластыруды бастаймыз. Суық судың қой жүніне химиялық әсері аз. Суды ұзақ пайдаланғанда ғана аз мөлшерде гидролиз процессі жүріп, құрамынан азот бөлінеді. Ұлан: Тәжірибе жасап көрдіңдер ме? Мадлена: Иә, екі жыл тәжірибе жасадық. Мектептің ауласына шырша еккенде жартысына қой жүнін қостық. Бір қызығы, қой жүні төселген шырша тез өсті. Ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдарды танимыз. Болашақта зертханада қой жүні араласқан топыраққа өсірілетін өсімдіктерді дайындап қойдық. БАЛДЫРДАН БИООТЫН АЛУҒА БОЛАДЫ Аружан МАШЖАНОВА, 3-орын иегері: – Балдыр тез өсетін өсімдіктер қатарына жатады. Қорғаныс институтының есептеуі бойыша (2014), балдыр – бамбук ағашы мен гибридталған көктеректен кейінгі тез өсетін өсімдік. Бір тәулікте өзінің көлемін екі есе үлкейте алады. Осы қасиетіне байланысты биоотын ретінде пайдаланса, табиғатта флора мен фауна тұрақтылығы бұзылмайды. Сондай-ақ, күннің көзі түсетін жерлерде он сағат өмір сүреді. Балдыр құрамында өсімдік майы көп болғандықтан, басқа өсімдіктерге қарағанда биоотынды көп мөлшерде шығаруға мүмкіндік бар. Балдырлардың өсу процесінде көмірқышқыл газы көп мөлшерде қажет. Мысалы, зауыттардың көмірқышқыл газын шығаратын құбырларын балдырларды өсіретін биореакторларға орнату арқылы балдырдың санын арттыруға болады. Альтернатив шикізат көзін қолдану арқылы елімізде экономикалық және экологиялық жағдайды дұрыстаймыз. Ұлан: Алға қойған мақсатың қандай? – Балдырдан жасалған биоотынның тиімділігін зерттегім келеді. Ұлан: Біздің елімізде балдыр бар ма? – Жоқ деп қарап отырмай, қолдан өсіруге кеңес беремін. 100 мың гектар жерге балдыр биореакторларын тұрғызу қолайлы. Әсіресе, Атырау, Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлерінде. Бір тонна биоотыннан 1 үйді 25-300 С дейін 2-3 ай аралығында температураны ұстайды. Яғни, 9,8 киловатт энергия алуға болады. Алина Мақашева мен Наргиз Сейсектің жұмысы болашақпен байланысты. Оқушылардың көп ізденгені көрініп тұр. Олар өсімдік өсіретін құнарлы топырақ қабаның орнына салмағы жеңіл гидрогель қолданыпты. Сыңар ұрықты өсімдік ғарышта ұзақ сақталатынын айтады. Көмірден арзан. ҒАРЫШТА ЖЕМІС ӨСІРУГЕ БОЛАДЫ Профессор Зұлхаир Мансұров жеңімпаздарды іріктеу кезінде Наргиз Сейсек пен Алина Манашеваның жұмысына ерекше баға берді. «Балалар болашақты ойлап отыр. Бүгін іске аспағанымен, ертең қолданамыз. Тек ғылымға қызығушылықты жоғалтып алмаса болды», – деді. Ғалымды таңдандырған қыздардың еңбектері 2-орын алыпты. Наргиз Сейсек: «Жасанды микроөсімдік суаруды қажет етпейді. Асбұршақ пен екпе-шиырмақ сынды көкөністерден коректік заттар өндіруге болады. Біз өсірген өсімдіктер қысқа мерзімде өседі. 2-3 аптада 10-15 см өсіп шығады. Осы уақыт аралығында құрамындағы А, В, D, Е, С дәрумендерін сақтап тұрады. Ғарышкерлер ғарышта жүріп-ақ денсаулықтарын сақтайды. Ғарышта микроөсімдік өсіруге арналған құрылғыны жасау үшін физиканы оқыдық. Температура мен дымқылдықты тексеру үшін информатика, өсімдіктерді баптау үшін биологияны оқыдық», – дейді. ЖАРГОНДЫ ТҮСІНУ ҮШІН... 11-сынып оқушылары Демеу Атымтаев, Диана Бейсенбаева, Зере Әділова, Жадыра Ахметованың жасаған жұмыстары оңай көрінуі мүмкін. Десе де, ата-ана мен бала арасындағы мәселені шешуге тырысады. Бұл туралы Демеу былай дейді: «Жастар жаргон тілінде сөйлегенді жақсы көреді. Ағылшын тілінде жаргонды слэнг (slang)  дейді. Болашақта проблемаға айналуы мүмкін. Өйткені, жастар мен үлкен кісілер арасында конфликт туындайды. Жаргонды сабақ үстінде қолдансақ, оқушы тақырыпты жақсы түсінеді. Біз жаңа сөздерді жиі қолданамыз. Академиялық сөздер өте ұзақ келеді. Жеткіншектер үшін жаргон көңіл-күйді білдірудің бір жолы. Арнайы «Slang dictionary» сайтын құрастырдық. Мысалы, «Өмір адамға бір рет беріледі». Осы сөзді смайлик арқылы қалай түсінетінін көрсетеміз. Жобаны қолға алмас бұрын балалармен сөйтестік. Балалар ата-аналарының түсінбей қалатынын айтты. Менің анам да кейде солай жасайды. Екеуміз сайтты ашып, әлгі сөздің мағынасын қараймыз. Бұл қызық жұмыс». ТІЛ ҮЙРЕНУДІҢ ТӨРТ ЖОЛЫ Ажар ҚҰРМАНБЕК, 9-сынып оқушысы: – Қазір шет тілін үйретудің түрлі тәсілі бар. Мысалы, өзім ұсынған «Memory lang» тәсіл де тиімді. Алдымен визуализация (Visualization)  жасаймыз. Яғни, бір картинаны елестетеміз. Мемоника (Mnemonics) үшке бөлінеді. Бір жерді еске сақтап, кішкентай оқиға ойластырамыз. Сұрақ (Repetition) қою арқылы жауап береміз. «Learn vocabulary easily» сайт жобасын жасадық. Іздеу батырмасына қажетті сөзді жазып, визуализация жасайды. Сөйлем, сурет жаттауға беріледі. Мысалы, таңғалу сөзін жаттаймыз. Далада жатқан тас шынында таңғаларлық. Мектепке жаңа келген оқушының таңырқап тұрған суреті беріледі. Мектеп, парта, оқушылар деген сөздерді жаттаймыз. ЕШКІ СҮТІ МЕН БАЛДЫҢ ҚҰРАМЫ ҰҚСАС Әдемі Шайзат: «Зенен ешкінің сүтінен ірімшік, құрт жасауға болады.  Кейде аналар түрлі себептерге байланысты сәбиін емізе алмайды. Ал ешкі сүті ана сүтін алмастыра алады. Дайын қоспаға қарағанда ешкі сүтінің пайдасы зор. Қорада қырық ешкінің бар делік. Серке ауру болса, дерт басқа ешкілерге тез тарайды. Жобамның мақсаты осы. Алматы қаласы мен Талдықорған өңірінде ешкі сүтін өңдейтін зауыттар жоқ. Сол үшін кішігірім зауыт салуды ұсынамын. Ешкі сүті қан айналымын жақсартып, буын ауруларының алдын алады. Сондай-ақ, сүттің құнары балмен тең. Өйткені, ешкі өсімдік тамырын жемейді. Зенен ешкісі күніне 2 литр сүт береді. Демек, ешкі өсіріп, көл-көсір табысқа жетуге болады». АКВАРИУМ СУЫ АЗОТҚА БАЙ Жанел ЕЛТАЙ, 9-сынып: – Жобаның мақсаты – су тапшылығын азайтып, суды үнемдеу. Өсімдіктерді химиялық жолмен емес, табиғи жолмен алынған тыңайтқышта өсірдім. Яғни, аквариумда тонналап төгілетін су арқылы өсімдіктерді суаруға болады. Бір ай балықтарға күтім жасадым. Сосын төрт түрлі жолмен гүл отырғыздым: аквариумдағы суда, таза су, топырақта аквариум суымен суарылған және топырақта таза сумен суарылған. Бақылау үшін жеміс беретін өсімдіктерді: қызанақ, бұршақ, салат жапырағын алдым. Бір аптадан кейін айырмашылықты байқадым. Аквариум мен таза суда өскен өсімдіктердің айырмашылығы сабақтарының санында, өсімдік түсінде және тамырынан байқадым. Аквариумдағы сумен суарылған және өскен балықтардың сабақтары көп және қалғандарына қарағанда тез гүлдеді. Тамыры шашақталған, үлкен. Аквариумдағы судың құрамында балықтың қалдықтары, оларға берілетін жемнің судағы ерітіндісі, балықтың көптеген химиялық, бейорганикалық зат құрайтын шығымы бар. Осының бәрін химиялық жолмен емес, табиғи жолмен алынды. Тыңайтқыштың  арқасында өзім қалаған нәтижені алдым. Нәтижені көру үшін өсімдіктерді жақын орналастырып, бір уақытта бірдей мөлшерде суарып жүрдім. Аквариум суында өскен өсімдіктің түсі қанық әрі көбірек шықты. Бақылау дәптеріне аптасына бір рет өлшеп, ұзындығын жазып отырдым. Таза сумен суарған өсімдіктер сарғая бастады. Өйткені, азот жетіспейді. Ал балықтың қалдықтарында азот болғандықтан гүлдер өте жақсы өсті.

Гүлфарида Зейнуллина

(“Ұлан” №24, 11 маусым 2019 жыл).

1895 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор