• ҰЛАН
  • 13 Маусым, 2017

Қарағандылық оқушылар жасанды қол жасады

Жасанды қол (протез) жасаған оқушылардың жаңалығын естігенде, есіме Марат түсті. Марат бізден бір сынып төмен оқыды. Өзі сабақты жақсы оқитын, мектеп белсендісі еді. Өкініштісі, əкесінің бір қолы жоқ шолақ еді... Бала жүрек əкесі үшін қысыла ма, əрдайым алдыңғы қатарда болатын. Бірде кітапханада жолығып қалып, сырласқанымыз есімде. «Əлемде қолы жоқ адамдарға арналған жасанды қол бар екенін естідім. Əкемнің арманын орындасам деймін. Қатарымнан озық жүретінімнің себебі де осы», – деген еді. Кейін Марат отбасымен ауданға көшіп кетті де хабарсыз қалды. Мүмкін əкесінің арманын орындаған да болар. Егер олай болмаса, қарағандылық оқушылардың көмегіне жүгінсе деген үміт бар. Игі істі қазақ-түрік лицейінің физика пəнінің мұғалімі Алтынбек Қайырбатов бастаған екен. Жасанды қол туралы ұстаз былай деді: – Жасанды қол жасауды бұрыннан ойлайтынмын. Алғашқы жұмысты Павлодарда жүргенде жасадым. Мектепте 3D-принтер бар еді. Оқушылармен бірге жасанды қолдың жобасын сыздық. Бəрі ойдағыдай шықты. Саша деген өмірге саусақсыз келген бала бар екен. Алғашқы жасанды қолды Сашаға сыйға бердік. Соның арқасында балақай белесебет айдап, доп теуіп жүр. Жұмысым Қарағандыға ауысса да, жасанды қол жасауды тоқтатпадым. Оқуға ынтасы бар балаларды топтап, жаңа жобамен жұмыс істедік. Негізі мұндай жасанды қолды АҚШ-тан алдырады. Бағасы да қымбат. Ал біздің жасағанымыз өте арзан əрі сапалы. Қазақ-түрік лицейлерінде 3D-принтерлер бар. Осы принтер арқылы көп нəрсе жасауға болады. – Жасанды қол қалай жұмыс істейді? – 3D-принтер зауыттар жасай алмайтын өте жіңішке байланыстарды жалғауға мүмкіндік береді. Алдымен компьютерде жасанды қолдың жалпы сызбасы сызылады. Кейінгі жұмыс принтерге жүктеледі. Жасанды қол баланың буынына немесе шынтағына бекітіледі. Бұлшықеттің қимылы арқылы іске қосылады. Саусақ арнайы серіппемен қозғалысқа түседі. «Жаңа қолмен» есікті ашып-жауып, жастықты, ыдысты орнынан қозғалта алады. Мұндай іс-əрекеттер бізге қарапайым нəрсе болып көрінуі мүмкін. Ал балаға үлкен қуаныш, бақыт. – Жасанды қол тек балаларға арналған ба? – Жоқ, барлық адамға арнап жасалған. Бірінші жасаған дүниеміз тек алақанды ашып-жұмуға ғана күші жететін. Пайдасы да аздау еді. Əрбір саусақтың жеке-жеке қимылдап, ми арқылы жұмыс істегенін қаладық. Əзірге əлемде мұндай жасанды қолды ешкім жасай алған жоқ. Симметриялы жасанды қол бір қолы жоқ жандарға арналған. Яғни, оң қолдың қимылын сол қол айнытпай қайталайды. Қазір демеуші іздеп жүрген жайымыз бар. Шетелден қыруар қаржыға жасанды қол алғанша, өз елімізде арзан бағада алған тиімді. Өзім шетелде оқып келдім. Бар білгенімді ел игілігіне жұмсасам деген алғашқы жұмысымның бірі.

ЖАСАНДЫ ҚОЛДЫ СЫЙҒА ТАРТАМЫЗ

Біз жасанды қол жасаған оқушылардың бірі, қазақ-түрік лицейінің 10-сынып оқушысы Қайсар Қуанышты сөзге тарттық. Ұлан: Қайсар, адам жасанды дене мүшесі арқылы жетістікке жете ала ма? Қ.Қуаныш: Əрине, болады. Барлық нəрсе адамның ерік-жігеріне байланысты. Мəселен, оңтүстікафрикалық Оскар Писториустың екі аяғы жоқ. Ол аяқтарының орнына серіппелі жасанды аяқпен жүреді.  Бар қиындыққа қарамастан, спринтерлік жүгірудің чемпионы. Ал АҚШ-тың бұрынғы теңіз жаяу əскері Клаудиа Митчелл мидың командасымен өзінің жасанды қолын қозғай алады. Бұрын лицейдің Астана қаласындағы филиалында оқығанмын. Сонда қолы жоқ бір бала болатын. Төсегін салуға, кітап ұстауға көмектесетінбіз. Қиын болатын. Алтынбек ағай жасанды қол жайлы айтқанда қуана кірістім. Дамир, Əлішер жəне Ержан деген сыныптастарыммен бірігіп, топ құрдық. Алғашқы жасанды қолды павлодарлық екі оқушы жасаған екен. Олар келіп, жұмыстың барысын түсіндірді. Механикалық жасанды қолды екі күнде бітірдік. Электрлі қолдың жұмысы екі аптаға созылды. Ұлан: Механика мен электрлі қолдың айырмашылығы қандай? Қ.Қуаныш: Механикалық бес саусақ бірдей қимылдайды. Ал электрлі жасанды қолда əр саусақ жеке-жеке қозғалады. Ұлан: Жұмыс барысында қандай кітаптар оқыдыңдар? Қ.Қуаныш: Интернетте жасанды дүниелер жасайтындарға арналған сайт бар. Өзіме керекті дүниені сол жерден оқыдым. Ұлан: Осы уақытқа дейін қанша жасанды қол жасадыңдар? Қ.Қуаныш: Əзірге үшеуін жасадық. Бізде əлі жарық көрмеген əртүрлі жасанды қол бар. Олардың кескіні де дайын. Ұлан: 3D-принтердің мүмкіндігі қандай? Қ.Қуаныш: 2012 жылы америкалық студент 3D-принтер туралы дипломдық жұмыс жазады. Студенттің жобасы жұртқа ұнап, бірден қолдау тапса керек. 2016 жылы 3D-принтер нарыққа шығады. Пластик, резеңке сынды материалдардан заттар жасайды. Қажетті заттың сызбасын компьютерлік бағдарламада сызып аламыз. Принтерге материалды жүктеп, шығарып аламыз. Жұмысы да, шығыны да жеңіл. Біздің лицейдің 3D-принтерді сатып алғанына көп уақыт болған жоқ. Ал біз пайдалы нəрсе жасап үлгердік. Қарағандыда бір ауылда саусағы жоқ оқушы қыз бар екен. Сол балақайға сыйға берсек деген ойымыз бар. Жасанды қолды сатпаймыз, сыйға тартамыз. Механикалық жасанды қол бұрыннан бар. Бірақ, нейротехнологиямен жұмыс істейтіндері жоқ. Қыркүйек айынан бастап Ресейден оқытушылар келіп, дəріс оқиды. Сөйтіп,механикалық жасанды қолдың жұмысын нейромодельге ауыстырамыз. Яғни, жасанды қол мидан келген бұйрықты  оқитын болады.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА «Ұлан», №24 13.06.2017

 

261 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор